6.06.2020. Президент ҚасымЖомарт Тоқаевтың баспасөз хатшысы Б.Уәли:

«Әлемді айналып, елімізді шарлап кеткен коронавирус індеті менен де табылды. Кеше тапсырған тест қорытындысы оң нәтиже берді. Қазір ауруханада, дәрігерлердің қарауында жатырмын. Жағдайым бір қалыпты. Аса алаңдайтындай емес. Ем қабылдаудамын.

Басын ашып айтатын мәселе, Президент белгіленген кестеге сәйкес жұмыс ітеп жатыр. Мемлекет басшысының денсаулығына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. ҚасымЖомарт Кемелұлы үнемі тест тапсырып, қорытындысын алып отыр. Ақордада санитарлық режим күшейтіліп, қауіпсіздік шаралары қатайтылған.

Осы індет басталғалы барлығымыз дабыл қағып, сақтануға, дертті жұқтырмаудың жолдарын қарастыруға шақырып келеміз. Бірақ пандемияға сенбейтін, ауруды жоқ деушілер азаймай тұр. Ондайда “Ауырған адамды көрсетіңдерші”, “Менің танысымның бірде-бірі ауырған жоқ. Сонда онымен кім ауырып жатыр?”, “Ауырған адамдардың аттарын неге атамайды?” деген сияқты пікірлерді жиі еститінбіз. Міне, мен дерт жұқтырдым, оны жасырмай жариялап отырмын. Мұндағы мақсат алаңсыз жүрген азаматтар ойлансын, сенбей жүрген кісілердің көзі жетсін дегенім.

Баршаңызды өздеріңіздің және жақындарыңыздың денсаулығын сақтау үшін карантин режимі мен профилактикалық шараларды үстануға шақырамын. Пандемияға жеңіл-желпі қарауға болмайды.

Барлығыңызға амандық тілеймін” – деп, фейсбук парақшасына жазыпты.

12.06.2020. Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан коронавирус инфекциясын жұқтырды.

Бұл жайында халық қалаулысы өзінің Instagram парақшасында жазды.

«Соңғы күндері көп азаматтар денсаулығыма алаңдаушылық білдіріп, хабарласып жатыр. Әлемдік пандемия салқыны маған да тиді. Коронавирусқа тапсырған тест оң нәтиже көрсетті. Алдымен үй жағдайында ем қабылдап бастаған едім. Қазір ауруханада дәрігерлердің толық бақылауындамын. Тиісті ем шараларын қабылдап жатырмын. Дәрігерлер атаған COVID симптомдарын бастан өткерудемін» деп жазады Бекболат Тілеухан.

12.06.2020. Бекболат Тілеуханның орынбасарынан да коронавирус анықталды.

Бекболат Тілеухан басқаратын Ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы директоры Рахат Жақсыбайдың коронавирус індетін жұқтырғаны белгілі болды. Бұл туралы Рахат Жақсыбай фейсбуктегі парақшасында жазды.

«Кейде осындай хабар жазуға да тура келеді. Әлемдік пандемия басталып жатқанда Англияда едік. О жақта өткен жылдың соңынан дабыл қағып бастаған. Сақтық жасап, үйден шықпадық. Ал ақпанда жұғу қаупі жоғары деген Лондон метросын, әуежайын басып өтіп, елге аман-сау оралғанбыз. Әрі қарай белгілі. Елмен бірге екі жарым ай карантинде болдық. Сосын бекеттер алынды. Әйтеуір, бізге қатысы болмайтындай көргенбіз. Қатысты болып шықты. ПЦР оң нәтиже көрсетті. Ауруханадамын енді. Негізі адамның сырқаты жеке құпиясына жатады заң бойынша. Бірақ қоғамдық резонанс, бар ма, жоқ па деген сауал көбейген соң, жазуды жөн көрдім. Жан-жақты көп ақпарат айтылып жатыр ғой вирус туралы. Мен өз жағдайыма қатысты ақпаратпен бөлісейін. Ең алдымен, түсінгенім, вирус адамды иммунитеті әлсіреген тұста алатын сияқты. Кондиционер астында суықтап қалу, салқын балмұздақты асап жіберу, ыстық күнде келіп, суық душ қабылдау деген сияқты. Осындайдан кейін адамдармен араласқан соң, вирус тез жұғуы мүмкін. Ауырып жатқан таныстарымның қайсысымен сөйлессем де, айтатындары осы. Өзім де сырқаттанар алдында, екі сағат кондиционер астында отырып қалған едім. Яғни, тиісті алдын алу шараларынан бөлек, иммунитетті көтеріп, түсіріп алмау жағына мән беру керек. Қазір ел босаңсып кетті, рас. Соңғы аптада бірақ тіркелгендер саны көбейіп тұр. Ауруханалар толып жатыр. Алда тағы жаза жатармын. Сұрақтар болса, жауап беруге тырысамын. Денсаулықтарыңызды күтіңіздер!, – деп қорытындылады ол.

14.06.2020. Айбек Нұғымаров Семейдің инфекциялық ауруханасында коронавирустан емделіп жатыр.

Семейде екі колледж директоры коронавируспен ауырды. Оның бірі – Электр техникалық колледж директоры Азат Сәрпеков, екіншісі – Семей көлік колледжінің директоры, Қазақ күресінен әлем чемпионы, «Әлем барысы» турнирінің екі дүркін жеңімпазы Айбек Нұғымаров.

«Құрметті жерлестер, мына жаман індет бізге де жұқты. Семей қаласындағы инфекциялық ауруханада жатырмыз. Осыдан бір апта бұрын ауру анықталды. Қазіргі кезде аурудың кімнен, қалай жұққанын біле алмай отырмыз. Сақтандыру шараларын жеткілікті қолданбағанның кесірінен деп ойлаймыз. Күнделікті жұмыстармен біраз азаматтармен кездескен болатынбыз. Басында бізде (коронавирус инфекциясына) іштей сеніңкіремеген едік. Бұл індеттің бар екені рас, ол ешқандай қауесет не саясат емес», – деді Айбек Нұғымаров.

14.06.2020. Павлодар облысы әкімінің орынбасары коронавирус жұқтырды.

Павлодар облысы әкімінің орынбасары Асхат Оралов коронавирус диагнозымен ауруханаға жеткізілді. Ол дене қызуының көтерілуіне байланысты тест тапсырған еді. Тест оң нәтиже көрсетті. Онымен байланыста болған адамдар анықталды, эпидемиологиялық тексерулер жүргізілуде. Облыс әкімдігінің барлық қызметкерлері КВИ сынамаларын тапсырды, – деп Павлодар облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

14.06.2020. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов коронавирус жұқтырып, ауруханаға түсті.

«Коронавирусқа тапсырған соңғы тест нәтижесі нашар шықты, менен де ауру анықталды. Өкінішке қарай, мендегі симптомсыз форма емес, сондықтан жұқпалы аурулар ауруханасында жатырмын. Санитарлық шараларды қатаң сақтағаныма қарамастан, бұл індет мені де айналып өтпеді. Әсіресе, қашықтан, үйде отырып жұмыс істей алмайтын қызметкерлерге қиын. Соңғы күндері бірқатар өңірде, оның ішінде кәсіпкер, кәсіпорын, медицина мамандары, мемлекеттік, БАҚ қызметкерлері арасынан індет жұқтырғандар қатары артуда. Қазақстандағы жаһандық дағдарыс пен пандемия салдарынан пайда болған проблемаларды шешу үшін қазір көптеген азамат қарқынды жұмыс істеуде. Бізге жиі жеке кездесулерге баруға, аймақтарға іссапарға шығуға тура келеді, мұндай жағдайда, әрине, COVID-19 жұқтыру қаупі де жоғары» деп Денсаулық сақтау министрі фейсбук парақшасында жазды.

17.06.2020. Нұрлан Нығматулин індет жұқтырды.

Мәжіліс спикері қатаң карантиндік шараларды сақтаған, соңғы айда қашықтықтан жұмыс істеген, пленарлық отырысты санамағанда ешкіммен тікелей жақын қатынаста болмаған. Нұрлан Нығматулин әрбір пленарлық отырыс алдында коронавирусқа тест тапсырып келген. 9 және 11 маусымда Денсаулық сақтау министрін қабылдаған болатын. Елжан Біртановтан коронавирус анықталғаннан кейін Мәжіліс спикері 16 маусымда кезекті рет тест тапсырды. Өкінішке қарай, бұл жолғы тест оң нәтиже көрсетті. Алайда ауру белгілері байқалмайды. Бекітілген тәртіпке сәйкес, Нұрлан Нығматулин оқшаулануға кету туралы шешім қабылдады. Қазір Мәжіліс төрағасы қашықтықтан жұмыс істеуде

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here