QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

ТӘУЕЛСІЗДІКТІ АЛУ БІР БӨЛЕК…

Автор:QAA.kz

Дек 15, 2020

1980-ші жылдардан бастап КСРО-ның құлдырау үстінде екені анық еді. Кеңес Одағы құрамындағы барлық ел тығырыққа тіреліп, әлеуеті құлдилайды. 1991 жыл барлық Кеңес Одағы үшін қиын жыл болды. КСРО өзіненөзі құртылып, өзі құрған ауға өзі түскендей күй кешті.

Алғашқы жылдары Қазақстан Республикасының президенті Назарбаев өз маңына сауатты, әрі саяси көзі ашық адамдарды көптеп жинады. Оның ішінде өзі танитын ресейлік саясаткерлермен, Кореяның мықты мамандарымен тығыз жұмыс жасады. Осы тектес, көзге байқалмайтын шаруалар ел тұғырын бекітуші, сақтаушы қағидалар болып табылады.

1990-шы жылдардан бастап шекара мәселесі, ұлттық рәміздер, жан-жақты қарымқатынасты бекіту оңай болмады. Қабылданған ұтқыр шешімдердің арқасында бұл күндері жанымыздағы көршілерімізбен сәлеміміз түзу, алыс-берісіміз жаман емес.

Қазіргі күні тәуелсіздік мерекесі жақындағанда әлемжелі мен жұрттың аузына Желтоқсан көтерілісінің батырлары Қайрат, Ләззәт, Ербол есімдер түседі. Бұл азаматтар 1986 жылғы көтерілістің шебінде ерлік көрсетті. Бірақ, бұған дейінгі де тәуелсіздік жолында аянбай қан төккен алаш арыстарының, ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында ұлт азаттығы үшін көтеріліс бастаған батырлардың аты қоса аталса жақсы болар еді. Абылайхан армандаған халық бірлігінің жарқын көрінісі бүгінде көп ұлтты Қазақстан мемлекетінің басты жетістігі.

Бүгінгі күні біздің тәуелсіздікті сақтап қалуымыз елдің бірлігінің, тұрақтылығының арқасында. Бізге тән бауырмашылдық пен қонақжайлық сияқты ұлттық қасиет барлық ұлтта кездесе бермейді. Биылғы әлемдік індеттің қиындығы бізге төнген бір сынақ. Бұл күндері етек-жеңді жинап, болашақ тәрбиесіне аса қатты мән бергеніміз жөн. Осы уақытқа дейін ел-жұрт біздің елді тәй-тәй басқан, жас мемлекет деп әлпештеп келді. Биылғы жыл елді де, халықты да шыңдайтын, өсіретін уақыт болып тұр.

Тарихқа жүгінсек Ресей отаршылдық билігіне қарсы қазақ даласында болған ірілі-ұсақты көтерілістер саны 300-ге жуық екен. Олардың арасында тарихтан белгілі, елдің жаухар құндылығына, аңызына айналған Сырым Датұлы, Исатай мен Махамбет, Кенесары Қасымұлы, Мың бала фильміне арқау болған Арал маңындағы көтерілістер және бергі жылдардағы азаттық үшін 1986 жылы болған оқиғаларды айтуға болады. Санымыз аз болса да, әскери күшіміз қауқарлы бола алмаса да қазақ халқының намысшылдығының жарқын көріністері, ұлттық рухтың өзгелерден әлдеқайда артық екенін осы тарихи сәттерден білеміз.

1991-ші жылдың тура 16-ыншы желтоқсан күні сағат 16-30 шамасында еліміздің басты оқиғасы орын алды. Бұл өте қиын шешім. Болашаққа қарау, келешекті дұрыс саралай білу керек-ақ. 16-шы желтоқсан, түскі үзіліс уақытынан кейін сағат 16-30 шамасында ел тәуелсіз мемлекетке айналып, оның тұңғыш президенті Н.Назарбаев болып сайланды.

Артынша елімізге тұңғыш рет АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Дж. Бейкер іс-сапармен келді. Ел президентімен көзбе-көз кездесіп, бірер күннен соң АҚШ Қазақстанды тәуелсіз мемлекет деп танып, мойындады.

Тәуелсіздік күнімен тұспа-тұс келген Желтоқсан оқиғасын біраз жұрт шатастырып алуда. Тіпті, кей адамдар арасында 1991 жылы 16 желтоқсанда жастар көтеріліс жасап, ел өз тәуелсіздігін алды деген жансақ пікір де бар. Шындығында барлығы басқаша. Негізінен 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы КСРО халқы арасында өзге ұлт өкілінің билікке келуіне, комунистік партия билігіне қарсылық көрсеткен тұңғыш көтеріліс болатын.

Ең қиын жағдай тәуелсіздік алғаннан кейін басталмақ еді. Біздің төл валютамыз да, жеке ұшақтарымыз да болмады.

Ақша шығару ең қиын, әрі бәсекеге толы іс болатын. Сол кездері Ұлттық банктен арнайы ақша басатын фабриканы қарастыру көзделген болатын. Бірақ, ол жұмыстың жылдам аяқталмайтыны шындық еді. Сондықтан, ел президенті 1992 жылдың басында валюта шығару жөнінде құпия қаулы қабылдады.

Валюта анау-мынау емес, Британияда басылып шығарылды. Аталған жасырын операциямен 400 жылдан астам уақыт бойы банкнот басумен айналысатын «Harrison and sons Limited» фирмасы айналысты. Ақша басудан бөлек олардың барлығын елге жеткізу де оңай соқпады. 1993 жылы қазан айының ортасында қазақстандық төрт ұшақ Британияға бет алды. Уақыт пен ұшу жиілігі өте құпия, ешкімге жария етілмеді.

Төл теңгеміз айналымға түскеннен кейін тағы бір мәселе пайда болды. Тиындар әлі басылмаған еді. Сондықтан, тиындардың орнына қағаз ақша қолданылды.

Уақыт өте ақша дизайні де ауысып отырды. Жалпы біздегі тенгенің ғұмыры 7-8 жылға жетеді. Бұл жылға дейін қағаз ақшалар ескіріп, жыртылуға айналады. Ал келесі толқындағы валюта дизайны жасалғанда оған қосымша қауіпсіздік элементтері қосылады. Мәселен, «Бәйтерек» атауымен шыққан 10 000 теңгелік купюра 2007 жылы әлемнің ең үздік купюрасы атанған. Дәл осы купюрада әлемде тұңғыш рет «Оптикс» қорғағыш элементі қолданылды. Бұл шаралар ақшаны жасанды басып шығарудың, қылмыстың алдын алады.

Қазақстанмен АҚШ, Ресей, Франция секілді өркениетті елдер тығыз қатынаста. Бұл елдерде қазақ студенттері білім алуда. Оның үстіне Франция мен Қазақстан арасында ғарышты игеру жөніндегі келіссөздер бар. Қазірде Франция мен Қазақстан арасындағы экономикалық байланыс 6 миллиард долларды құрайды. Ал қазақ жерінде АҚШ-тың 500-ден астам компаниялары бар. Тәуелсіздік алған жылдардан бастап біздің елге бас-аяғы 100 миллиардқа жуық доллар инвестиция құйылды. Тоқтап қалған зауыттар мен кәсіп орындарға шетелдерден маман шақырып, аяққа тұрғызды.

Алғашқы ғарышты игерудің өзі, тұңғыш қазақтың ғарышқа сапары да айтулы оқиға болды.

«Біз 200 тәулік бойы дайындалдық. Таңғы сегізден түнгі он екіге дейін жаттығатынбыз. Байқоңырдан ұшқан кезде мен батырлық жасауға емес, жұмыс істеу үшін ұштым»,- дейді Тоқтар Әубәкіров.

Бұл жобаның барлығы Н.Назарбаевтың жеке басшылығымен жүргізілді. Жобаны қаржылай үнемдеу барысында қазақ жобасын кеңестік-австриялық жобамен қосып жіберген болатын. Зымыранның ұшуын барлық Еуропа елі бақылап отырды. Сол кезде Байқоңырға тұңғыш қазақ ғарышкерін шығарып салуға Н.Әбішұлы келген болатын.

Абылайханның арманы — Түркістан

Түркістанның жаңғыруы ел іші ғана емес түркі халықтары алдындағы парызымыз болатын. Қазіргі кездері Түркістаннан көршілес Өзбекстанға қатынайтын темір жол салу жоспары қаралуда. Түркістанға жыл сайын 3,5 миллион турист келеді деп күтілуде.

Оның үстіне бұл шаһарда қазақтың абыз хандары мен батыр адамдары жерленген. Бұдан өзге талай тарихшы Түркістанға қарқынды құрылыс жүргізуді қаламаған еді. Ол да орынды. Шыны керек, қай жерді қазсаң да адам сүйектері мен қыш құмыралар табылатыны талайға мәлім. Осы орайда бабалар әруағын мазаламадық па деген ой келеді.

Егемендік алғаннан бері адам көңіліне медет болар, кеудеге қуаныш толтырар оқиғалардың куәсі болудамыз. Елордамыз бар, алтын-байлық қорымыз да аз емес. Тарихымыздың тереңдігі сонша, оны әлі де түгел зерттеуді талап етеді. Бабалардан бізге мұра болып қалған жырдастандар жетерлік.

Пендешілікпен әлдекімдер әлсіздерге әлімжеттік көрсеткен де шығар, оны уақыт көрсетеді, сараптайды. Бұл қалыпты жағдай. Таяқтың екі ұшы болады. Әлем дамыған сайын, соған сай білімді жетілдіріп отыруды талап етеді. Сол әлемнің астарында мыжылып қалмас үшін, көсегеміз көгерсін десек білімнің шыңына жетуге тырысуымыз керек. Бұған да еш қиындық жоқ. Қазақтың ғалым-жазушылары қалдырған том-том еңбектің өзі білімнің көкжиегін ашып, ақты ақ, қараны қара деп айқындап бермейді ме?

Салыстыру-әр адамға тән қасиет. Бірақ, біз өзімізді өзгелермен ғана емес өткенімізбен де салыстыруымыз керек. Олай болса, біз қаншама тағдырды, қуанышты бастан кешірдік. Өніп-өстік.

P.S: Жарайды, бұл ел тәуелсіздігі жайлы қысқаша деректер. Ал тұтастай халық тәуелсіздігі, сана ашықтығы қалай? Елбасымыз айтқан ұлттық кодтың қалыптасуындағы, дамуындағы әрекеттермен кім мақтана алады?

Қазіргі күні елімізге келетін шетелдік өнімдерге сұраныс көп. Турасын айтқанда шетел компанияларын байытудамыз. Мәселен, Германия канцлері Ангела Меркельдің көлігі де, киімі де, тұтынатын азық-түлігі де неміс елінің өнімдері. Онымен қоса әр неміс азаматы өз ұлтының өнімін алу парызым деп есептейді. Ал біз қашанғы ақшаны шетелге құймақпыз? Барлығы көзге байқалмайтын, сезілмейтін дүниелерден басталады.

Қажет болса біздің халыққа бағытбағдар беруге Абайдың «қара сөздері» де жетеді. Және ең бастысы ел мен жердің тәуелсіздігінен бөлек, сана мен ой тәуелсіздігін қалыптастыру жөн-ақ.

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *