2021 ж. Сәуір 14

ТӘУЕЛСІЗДІК БӘРІНЕН ҚЫМБАТ

Президент осылай деді. Осыдан біршама уақыт бұрын. Тәуелсіздік алғалы бері, тіпті оған қол жетпей тұрғанда да осылай ойладық. Айтуымыздың, ойлауымыздың кемі жоқ. Биыл Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл уақыт болыпты. Президент Тоқаевша айтар болсақ: “Тәуелсіздіктің отыз жылын шартты түрде онжылдық белеске бөліп қарастыруға болады. Оның әрқайсысы атқарған миссиясы тұрғысынан ғасырдың жүгін арқалап тұр. Мен азаттықтың алғашқы онжылдығын жаңа Қазақстанның іргетасын қалау кезеңі деп айтар едім. Осы уақытта Елбасының басшылығымен мемлекетіміздің нышандары белгіленіп, билік жүйесі қалыптасты. Ұлттық валютамыз айналымға енді.
Қарулы Күштеріміз құрылды. Ата заңымыз қабылданды. Шетелдермен дипломатиялық қатынас орнатылды. Еліміз беделді халықаралық ұйымдарға мүше болды. “Қазақстан – 2030” стратегиясын қабылдадық. Шығыстағы көршімізбен шекарамызды бекіттік. Басқа да іргелес мемлекеттермен шекара жөніндегі келіссөздер қарқынд жүргізіле бастады. Ел аумағын ядролық қарудан толық тазарттық. Елордамызды Арқа төсіне көшірдік. Нарықтық
экономикаға өтіп, жекеменшік институтын берік орнықтырдық.
Отандық бизнестің негізін қаладық. Жастар әлемнің маңдайалды
оқу орындарында білім ала бастады. Түрлі дағдарыстардан аман өтуге мүмкіндік берген Ұлттық қорымыз құрылды. Дүние жүзіне тарыдай шашылған қазақ баласын атажұртқа шақырып, Ұлы көшке жол аштық. Соның нәтижесінде ел еңсесі тіктеліп, ұлттық рухымыз көтерілді.
Екінші онжылдық – Қазақ елінің керегесін кеңейту кезеңі.
Осы жылдарда мемлекетіміздің тұғыры нығайып, экономикалық
әлеуетіміз арта түсті. Құрлықтағы барлық шекарамызды айқындап, заң жүзінде бекіттік. “Мәдени мұра” бағдарламасын жүзеге асырып, тарихымызды түгендедік. Солтүстік Аралды құтқарып, қашқан теңізді қайтардық. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездерін, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының, Азиядағы өзара ісқимыл және сенім шаралары кеңесінің саммиттерін өткізуге және басқа да бірқатар маңызды халықаралық жобаларға бастамашы болдық. Елімізге шетелден қомақты инвестиция тарттық. Есілдің жағасында бой көтерген еңселі елордамыз ұлттық идеямызға айналды. “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” халықаралық дәлізі сияқты ірі инфрақұрылымдық жобалар қолға алынды. Тұрғын-үй құрылысы да бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамыды.
Үшінші онжылдықта шаңырағымыз биіктеп, өсіп-өркендеп, мерейлі мемлекетке айналдық. Шекара мәселесін біржола шештік. “Қазақстан – 2050” стратегиясын қабылдап, озық дамыған отыз елдің қатарына қосылуды межеледік. Әр бағыт бойынша “Үдемелі индустриялық-инновациялық даму”, “Нұрлы жол”, “100 нақты қадам” сияқты ауқымды бағдарламалар жүзеге асырылды. Саяси және экономикалық реформалармен қатар рухани жаңғыруға баса мән бердік. “Тәуелсіздік бәрінен қымбат” мақаласынан Дау жоқ. Жақсылы, жаманды ұрандатып, дүбірлетіп, тойлатып 30 жылды өткіздік. Халықтың бай тобына қарағанда кедейі көбейген, қайырымдысына қарағанда жемқоры көбейген, миллиардтаған теңгеге жобаланған жобалардың біткенінен гөрі жар жолда қалғаны, әділетті жанынан гөрі озбыры көбейген жаманымызды жасырып жүргенімізде жоғарыдағылар бұрынғыдай басқара алмай, төмендегілер бұрынғыдай тұра алмай қалды. Оның да есебін таптық. Осыдан тура 2 жыл бұрын Елбасы ерлік жасап, өз ұсынысымен Президент тағынан бас тартып, мәңгілік Тұңғыш Президент мәртебесіне ауысты. Кезінде, осыдан 30 жыл бұрын бізбен қатар тәуелсіздігін алған бұрынғы одақтас 15 ел үшін биыл мерейтой жылы. Бұрынғы мен қазіргіні салыстыратын уақыт. Қол жеткізген жетістіктер мен жоғалтқан құндылықтарды саралайтын кезең. Бұл туралы да Президент Қ.Тоқаев: Қазіргі пандемия және соның салдарынан туындаған дағдарыс бүкіл әлемнің бұрын болмаған жаңа сынақтармен бетпе-бет келіп отырғанын анық көрсетті. Экономикалық, әлеуметтік, экологиялық, биологиялық және басқа да қатерлерге қоса, жер жүзіне жағымсыз идеологиялық вирустар да жайылып келеді. Жаһандану кезінде ел жат жұрттың ықпалына бейсаналы түрде ілесіп кеткенін аңғармайды. Басқаша айтқанда, мәжбүрліктен емес, санасының улануы арқылы өз еркімен торға түседі. Сондықтан, жаңа заманның жақсы-жаманын екшеп, артықшылықтарын бойға сіңірумен қатар, тамырымызды берік сақтауымыз қажет. Ұлттық болмысымыздан, төл мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізден ажырап қалмау – барлық өркениеттер мидай араласқан аласапыранда жұтылып кетпеудің бірден бір кепілі, – деп ел алдына міндет қойды.
“Тәуелсіздік бәрінен қымбат” мақаласынан Кеңестер Одағынан шығып, өз алдына тәуелсіз болған 15-тің ішінде 5 ел Орта Азиялықтар. Қайсыбір ел болмасын әлі күнге бұрынғы ажырап қалғанына қайта қауышумен қатар, ел ретінде енді қалай болмағын әлі күнге болжап келеді. Осы отыз жыл ішінде қайсыбірінің болмасын басынан не өтпеді, елі ішінде не болып, не қоймады? Әр ел “өз қотырын өзі қасып келеді” дегенмен бір елдегінің өзге елге де әсері болғаны анық. Тарих беттеріне зер салсақ, Тәжік еліндегі 1992-ші жылы басталған Азаматтық соғыстың бес жылға созылғаны белгілі. Ел ішіндегі демократтар мен діншілдер бірігіп, ел билігіне қарсы шыққан соғыста 60 мыңнан 150 мыңға дейін адам қаза болды деген дерек бар. Уақытысында бұл елдегі осы жағдай көршілес елдердің
де етек-жеңін қымтауға әсер етті. Қазақстан іргесіндегі Қырғыз елінде биыл бесінші рет билік ауысты. Күні кеше көше төңкерісімен “абақтыдан билікке” келген қазіргі Президенттерінің де тақта ұзақ отырарына қырғыздардың өздерінің де күмәні бар. 2005-ші жылғы мамырдағы Әндіжандағы төңкерісті биліктің аяусыз басып-жаншығаны да өзбек елі үшін оңайға соққан жоқ. Радикалды исламшылардың билікке қарсы бұл төңкерісін АҚШ пен Батыс қуаттағандай болып, өзбек билігіне сенімсіздік сыңай танытқаннан кейін, сол кездегі Президент И.Каримов олардың одақтарының бәрінен бас тартып, “жабық” елге айналды. Ш.Мирзяев Президент тағына отырған біршама уақыттан бері, экономиканы ырқына жіберіп, сырт жұртпен сауда байланыстарын дамытып, жаңа реформалар жасай бастады. Түрікмен елі де түртіп қалсаң от шығатындай болғанмен, алғашқы Президенті С.Ниязовтың тұсындағы сырт дүниеге “жабық” қалпынан әзірге ашыла қойған жоқ. Билік қаһарынан оппозицияның ішке кіруге қауқары жоқ елдің не болса да “бар бәлесі ішінде”. Қазақстан ұзақ жылдар бойы Орта Азиядағы тұрақтылық аймағы атағын ұстап келеді. Бүлінбестен бүлінген, бөлінбестен бөлінген көп елге Қазақстанда тұратын көп ұлт пен жүзден астам жұрттың ауызбіршілігі, татулығы көп үлгі. Ұлтараздық орын алмас үшін де, қатердің алдын алып ел Астанасының оңтүстіктен солтүстікке көшкені де Елбасының өзгеше ұстанымы болды. Елді дүрліктірген оқиғалар болмай қалмады. Оппозиция серкелері атылған, зардап шеккен жағдайларына халық наразылығы болғанымен, шектен шықпады. “Жас түркілер” қозғалысы, “Жаңаөзен” оқиғасы да жалғасын таппады. Дегенмен, бүгінде халықтың билікке айтары, қояр талабы бар қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Содан да “тыңдайтын үкімет” дегенге жеттік. Сол үкімет басқаратын билік халық мүддесіне қызмет етіп жатқанын білдірмек ниетте әрдайым халықпен кеңесіп, пікірлесіп, ақылдасып отыратын “Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі” сияқты құрылымдарды көбейтіп жатыр. Халық билігін жүзеге асыру ниетте, сол халықтың айтқан шаруасын мақұлдауда Президент те «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында:
Алдағы төртінші онжылдықтың бізге жүктейтін міндеті қуатты елдің иесі және кемел халық болу. Бұл жолда саясиэкономикалық реформаларды және сананы жаңғырту үдерісін жалғастырып, заман талабына бейімделген ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруымыз қажет. Біз әділетті қоғам мен тиімді мемлекет құруды көздеп
отырмыз. Кез-келген істе әділдік қағидатын басшылыққа алсақ, бұған анық қол жеткіземіз. Мысалы, тұрғындардың тұрмысын жақсарта түспесек, еліміздің жетістіктері мен халықаралық табыстарын мақтан ету артық. Азаматтарымыз экономикалық өсімнің игілігін сезіне алмаса, одан еш қайыр жоқ. Мен әрбір шешімді қабылдар сәтте осы ұстанымды басшылыққа аламын. Біз халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартумен қатар, барлық азаматтардың мүддесін бірдей қорғаймыз. Менің ұғымымдағы әділетті мемлекет дегеніміз – осы, – деп, бүгінгі жағдайдың сипатын білдірді.


P.S. Бір үміт, бір күдік жетелеп жаңа кезеңге аяқ бастық…

С.БИХОЖА

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған