QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

Төтенше жағдай деп тоқтамадық…

Автор:QAA.kz

Май 11, 2020

Төтенше жағдай кезеңінде қаралған “Жол картасы” негізінде облысқа бөлінген 36 млрд. қаржының тең жартысы Қызылорда қаласының білім, мәдениет және спорт салалары қажеттілігіне, көшелерді абаттандыруға, көлік инфрақұрылымын, ауыз су және кәріз желілерін жақсартуға, қалалықтар үшін қажетті бұдан да басқа қолайлы жағдай қалыптастыруға бағытталды. Осы ретте тұрғындар көкейінде жүрген, орындауға билік елге уәде еткен кей тұстарға тоқтала кеткенді жөн көрдік.

 Батырлардың мектебі

Қызылорда қаласында тарихы тереңнен қалыптасқан, салынғанына біршама жылдар өтсе де әлі күнге күрделі жөндеуден өтпеген мектептер жетерлік. Солардың бірі Ұлы Отан соғысының батыры Жәлел Қизатов атындағы мектептен мыңдаған шәкірттер үлкен өмірге жолдама алды. Соңғы жылдардағы ұлттық бірыңғай тестілеуде де түлектері жоғары балл жинап, қала абыройын асқақтатып келеді.

Осы мектепті жөндеуден өткізу үшін “Жұмыспен қамту” жол картасы шеңберінде 290 млн. 417 мың теңге қаржы бөлінді. Ұлы Жеңістің 75 жылдығы мерекесіне бұл өзіндік бір тарту болды.

Бұдан бөлек Ұлы Отан соғысының тағы бір батыры Әлия Молдағұлова атындағы №173-ші орта мектепті қайта жаңғыртуға 101 млн. 487 мың теңге қаралды.

Қаладағы Әлия Молдағұлова көшесіне орналасқан №112 мектепті қайта жаңғыртуға да 70 млн. 289 мың теңге, Торайғыров көшесіндегі №43 орта мектебін қайта жаңғырту үшін деп 68 млн. 926 мың теңге ақша бөлінді.

“Бәйтерекке” мектеп салынады

Биылғы оқу жылы “Бәйтерек” мөлтек ауданынан қала мектептеріне қатынап оқитын оқушылар үшін де, олардың ата-аналары үшін де оңай жыл болмады. Айта кету керек, “ауданымызға бөлек бір мектеп керек” деген ондағылардың арыз-айқайы да билікке қиынға соққаны рас. Қала тұрғындарымен кездескен есеп беру жиналыстарында қала әкімі Н.Нәлібаев “осы ауданда бір мектептің салынатындығына” уәде берген болатын.

“Жұмыспен қамту» жол картасы шеңберінде “Бәйтерекке” 600 орындық мектеп салуға 1 млрд. 261 млн. 153 мың теңге қаржы бөлінді.

Уәде бергеннен бөлек, оның қаржысының шешілуі де билік үшін абырой, ал тұрғындар үшін мәселенің шешілуі, мұқтаждықтың өтелуі.

“Балапан” жөнделеді

Қызылордалықтар үшін биылғы жылдың өзіндік ерекшелігі шетаймақ, ауылды елді мекендер мұқтаждықтарына қаржының көптеп бөлінуі.

Әрине, қала орталығында көшелерді абаттандыру, көгалдандыру, қала сәулетін, келбетін жақсарту бағытында тірлік көп. Дегенмен жыл басындағы қала әкімінің қала тұрғындарымен есеп беру кездесулерінен кейін қала басшысы Н.Нәлібаев шеткері аймақтар шет қалмайды, олардың мұқтаждықтарына баса назар аударамыз деген болатын. “Айтылған сөз, атылған оқ”. Жыл басынан бері көп қаржы шетаймақ көшелерін жөндеуге, ауыл елді мекендерінің жағдайын жақсартуға бағытталды. Бұл жолы “Белкөл” кентіндегі “Балапан” балабақшасының күрделі жөндеуіне 251 млн. 998 мың теңге қаралды. Сондай-ақ, Ақсуат ауылындағы “Асылай” балабақшасының материалдық-техникалық базасын жақсартуға, қаладағы “Жұлдыз” балабақшасының өрт баспалдағын жаңартуға да қомақты қаржы бөлінді.

Көшенің көшеден кемі жоқ…

Қалалар көлеміне қарай үлкен, кіші деп бөлінгенімен қай қайсысына да проблема ортақ. Үлкен де, кіші де қайсыбір қала болмасын бәрінің шетжағы жылдар бойы қордаланып қалған жол мәселесі. Тіпті, айтуға ұят кей көшелерде жүру мүмкін емес.

Қала билігі жыл басынан бері осындай көшелерге ең құрығанда алдымен қиыршық тас төсеу мәселесі көп ұзамай шешілетінін айтып, жол нашар деп жылаған жұртты жұбатумен келе жатқан еді.

Міне, “Жұмыспен қамту жол картасы” шеңберінде қала бойынша, шетаймағы, ауылдық елді мекені бар барлығы 50 көшеге қиыршық тас төселеді. Жұрт жол азабынан титықтап жүрген Титов, Шанхай, Гагарин, Әл-Фараби, КБИ аудандарындағы тұрғындар үшін бұл жақсы жаңалық екені анық.

Сондай-ақ, бұдан бөлек қаладағы 111 көше, қалаға қарасты кент, ауылдарда 32 көше орташа жол жөндеуден өтеді.

Ауыз су ақшамен ағады

“Судың да сұрауы бар” демекші, ауыз су сапасы – тұрғындардың басты талабы. Сондай-ақ кәріз жүйесі де күнделікті тірліктің күретамыры десе болады.

Осы ретте қаладағы темір жол вокзалынан Егізбаев, Әуелбеков көшелеріндегі №6, 8, 10 тұрғын үйлерден Сүлейменов көшесіне дейін суағар кәріз жүйесін, №15 КНС-тен №139 КНС-қа дейінгі қысымды кәріз жүйесін қайта жаңғырту, Өсербаев көшесіндегі №1 КК-нен №3 КНС-қа дейін өздігінен ағатын коллекторды ағымдағы жөндеуге, Көшербаев көшесіндегі балабақшадан Сұлтан Бейбарыс – Жеңіс көшелерінің қиылысындағы №56 КНС-ке дейінгі кәріз желісі құрылысына қомақты қаржы қаралды. Бұдан бөлек қалаға қарасты 7 кент, елді мекендерге ауыз су желілерін жақсарту менен ауыз су жинау қоймасы құрылысын қаржыландыру да шешілді. Араларында ауыз су мәселесін айта беретін Белкөл, Наурыз елді мекендері де бар.

Серуендейтін орындар сәні кіреді

Басқа өңірлерге қарағанда жазы аптап, ыстық, жаңбыры аз, құрғақ Қызылорда қаласында жұрт серуендейтін, демалатын орындарға қолайлы жағдай жасау қала әкімі Н.Нәлібаевтың басты мақсаттарының бірі десек қателеспейміз.

Соңғы уақыттары қаланың орталық көшелерінде, дария жағасында тұрғындар үшін ыңғайлы орындықтар қойылып, әдемі мүсіндер орнатылып, қызылды-жасылды гүлдер егілуде. Тіпті, қоқыс жәшігінің өзі әдеміленді. Бұрынғы сыртын тот басқан темір қорапшалардың орнына жаңа бір, жақсы бұйымдар қоқыс жәшігі болып тұр.

Жеңістің 75 жылдығы мерекесі тұсында “Тағзым” алаңын жаңғыртуға қаржы бөлінді. Сондай-ақ қаладағы “Сыр Ана” монументі мен темір жол паркі аумағы да абаттандырылады.

Балалар ойнайды

Талғамымен қатар талабы да таудай болған тұрғындардың, әсіресе көпқабатты үйде тұратындардың айтып жүрген мәселелерінің бірі – ойын алаңдары. Жасыратын несі бар әралуан спорттық ойын құрылғыларында балалары ойнап жатқанда ата-аналар әңгіме айтып, демалып отыратын аула алаңдары барларға өз аулаларында ондай алаңы жоқтар қызғана да, қызыға қарайды. Биылғы көктемнің соңғы айының жақсы бір жаңалығы қалада тағы да 30 спорт ойын алаңы салынатын болды.

Жүргіншінің өз жолы бар

Қала аумағының кеңеюіне, жаңа мөлтек аудандардың пайда болуына орай қала коммуналдық саласының “жоғы” уақыт сайын көбейіп отырады.

Көлік жолының қалпына әрең келіп жатқан халінен бөлек, жаяу жүргінші жолының жағдайы да жұрттан бөлек билікке де сын. Енді 68 көшеге тротуар салынатын болды. Әрине, қажеттілік бұдан көп. Бірақ, бәрін бірден реттеуге қаржы жетімсіз. Содан да кезең-кезеңімен, кезегімен…

Аялдамаға аялда…

Бұл да бір қажеттілік. Бұған дейін де қалада аялдама қажеттілігін шешудің амалдары жасалды. Әрі аялдама боп, әрі кәсіп істеп, пайда тап деп, кәсіпкерлерге берген кездер де болды.

Қазіргі аялдамалар қыста ық, жазда көлеңке болудан бөлек – бір-бір рухани жаңғыру дүңгіршектері болып тұр.

Қалада тағы да 70 аялдама салу үшін тағы да қомақты қаржы бөлінді. Есептеп қарасақ 70 аялдамаға 175 млн. бөлінеді екен. Көлемі, түрі, конструкциясы бәрі бірдей біркелкі болса, әрқайсысына 2,5 млн. теңгедеген келеді екен.

Қараңғылықтан құтылып…

Қала іргесіндегі Тасбөгет кентіндегі үлкен мәселенің бірі кей көшелерде әлі күнге жарық бағаналарының жоқтығы. Көше тұрғындары әлі күнге көше бойы қараңғы деп қорқып жүр еді. Енді осындай жарығы жоқ көшелерге жарық бағаналарын орнатуға 36 млн. 563 мың теңге қаржы бөлінді.

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *