Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Сыр өңіріне жұмыс сапарымен келген Халықаралық «ТҮРКСОЙ» ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раевпен кездесті.
Аймақ басшысы түркі халықтарының мәдениетін дамытуда «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының рөлі ерекше екенін атап өтті.
– «ТҮРКСОЙ» ұйымының бастамасымен түркі әлемінде биылғы 2023 жыл ұлт мәдениеті мен әдебиетінің көрнекті өкілі, жерлесіміз Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығына орай «Темірбек Жүргенов жылы» болып жарияланды. Аймақ жұртшылығы, Өз атымнан Сіз басқаратын ұйым ұжымына шын жүректен ризашылығымды білдіремін. Бұл тарихи маңызды шешім түркітілдес елдердің өзара достығы мен ынтымағын, мәдени шығармашылық байланысын арттыра түсетіні сөзсіз. Темірбек Жүргенов – Қазақстан мен Орта Азия елдеріндегі оқу-ағарту, мәдениет пен әдебиет саласының өркендеуіне зор үлес қосқан қайраткер тұлға. Ол қазақ өнерінің дамуына өлшеусіз еңбек сіңіріп, Абай атындағы ұлттық опера және балет театрын құрғанын, Мәскеуде тұңғыш рет қазақ өнері мен әдебиетінің онкүндігінің өтуіне атсалысқанын баршамыз білеміз. Қайраткердің есімін ұлықтау, оны өскелең ұрпаққа насихаттау мақсатында мерейтой аясында Қызылорда облысында да бірқатар маңызды шаралар атқарылуда. Осындай айтулы шараларға қатысуға арнайы уақыт бөліп, қайраткердің туған жері Сыр өңіріне келгеніңіз үшін алғысымды білдіремін», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Өз кезегінде, «ТҮРКСОЙ» ұйымының Бас хатшысы облыс әкіміне ризашылығын жеткізіп, өзара рухани және мәдени ынтымақтастықтың жалғаса беретініне сенім білдірді.
Сұлтан Раев Қызылорда облысына сапары барысында Темірбек Жүргеновтің жары, Қазақ КСР еңбек сіңірген дәрігері Дәмеш Жүргенова атындағы көшенің ашылуына, «Ұлт руханияты және Темірбек Жүргенов мұрасы: жасампаздығы мен зерттеу кеңістігі» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференциясына қатысып, «Нарком Жүргенов» спектаклін тамашалады. Мұнан бөлек, Қызылорда қаласында өтетін «Жыр арқауы – Жүргенов» атты республикалық жазба ақындар мүшайрасына қатысты.
Толық нұсқасын «Ақмешіт ақшамы» газетінен оқи аласыздар