2021 ж. Сәуір 14

ТҰРАҚТЫ КОМИССИЯНЫҢ ТАЛҚЫЛАУЫ


Бүгінгі қоғамның талабы уақыттың керуеніне ілесіп, күн сайын жаңа сипат алуда. Бұқараның талап-тілектері билікке ғана емес халық қалаулыларына да бұрылып, нәтижелі істер іске асырылуда.
«Nur Otan» партиясынан мәслихат депутаты болып сайланғалы көптеген сұрақтар мен өтініштерді қабылдап, аймақ тұрғындары көтерген өзекті проблемалардың шешілуіне азаматтық үлесімді қосып келемін. Бұл бағыттағы белсенділігімді жерлестердің қуаттауы жаңа талпыныстарға жетелеуде.
Жуырда өткен Қызылорда облыстық Мәслихатының тұрақты комиссия отырысында көптің көкейтесті меселелері таразыланды. Комиссияға төрағалық етіп, күн тәртібіндегі бес мәселені әріптестермен бірге талқылап, әрбір өзекті проблемалардың жай-жапсарын жан-жақты талқыладық. Бекітілген алғашқы мәселе Президент жолдауының жүзеге асырылуы мен өңірдегі жастар саясаты саласындағы іс-шаралардың мерзімді орындалуы тұрғысында өрбіді.
Облыстық Ішкі саясат басқармасы басшысының міндетін атқарушы Еркін Жұмаханұлы жастар саясаты саласы бойынша хабарлама жасап, мемлекеттік сатып алу негізінде өткізілетін іс-шараларға тоқталды. Депутаттар тарапынан ұсыныстар көтеріліп, жастар жобаларын жүзеге асыруды ең өзекті меселелерге бағыттау қажеттігі ортаға салынды. Сондай-ақ, Мемлекет Басшысы Қ. Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында көрсетілген жастарды еңбекке баулу, зияткер ұлт қалыптастыру барысында өңірде атқарылған жұмыстар мен алдағы жсопарлар сөз етілді. Бүгінгі күні Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Қазақстандағы жастарды қолдау жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына» сәйкес бұл бағыттағы жаңа бастамалардың қолға алынғаны айтылды.
Аталмыш құжаттың ауқымды 10 бағытты қамтитыны депуттардың назарына алынып, өңірге қатысты негізгі тармақтарын «Қызылорда облысы бойынша «Жастар – Отанға» бағдарламасының іске асырудың 2025 жылға дейінгі жол картасына» енгізілетіні баяндалды.
Бұған қоса, Е.Әбішев Тұрақты комиссияның алдағы отырыстарының күн тәртібіне өңірдегі жастарды тұрғын үймен қамту, «Орда» аймақтық тұрғын үй бағдарламасын қайта жаңғырту мәселесін енгізуге қатысты ұсынысы мақұлданды.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе аймақтағы ономастика төңірегінде тарқатылды. Көшелер мен мекемелерге кісі есімін беру үрдісі дәстүрге айналған. Осы тақырыпқа үн қосқан облыстық мәслихат депутаты Сәрсенкүл Бихожа өз ұсынысын жеткізді. Депутаттың пайымынша көшелерге кісі есімін берумен қатар «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы» секілді тарихи атауларға да мән беру қажеттігі айтылды. Сонымен қатар, облыстық ономастикалық комиссияның құрамына Қызылорда облыстық мәслихатының депутаттарын енгізу жөнінде ұсыныс жолданды.
Аталған мәселелерден бөлек күн тәртібінде бірқатар мемлекеттік мекемелердің нормативтік-құқықтың құжаттарына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.


Гүлнар Есқалиева облыстық мәслихаттағы «Nur Otan» партиясы депутатық фракциясының мүшесі, әлеуметтік және мәдени мәселелер жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған