QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

Түн тыныштығын бұзатындар көбейді

ByQAA.kz

Сәу 5, 2019

Бүгінде қаламызда кафелер мен түнгі клубтар саны көбеюде. Күн ұясына батқанда өз жұмыстарын бастайтын мейрам­ханалар, кафе-бар мен компьютерлік ойынханалардағы бесіктен белі шықпаған жасөспірімдердің бұзақылығы мен кафе­лердегі жөнсіз жүрістері қала тұрғында­рының мазасын алуда. Құзырлы орган­дарға келіп түскен хабарламалар аясында қала орталығындағы бірнеше ойын-сауық орындарына жауаптылармен арнайы рейд жүргізілген болатын.

Қазір кәмелетік жасқа толмағандардың түнгі уақытта ата-ана қарауынсыз көше кезіп, түнгі клубтар мен компьютерлік ойынханалардың алдын күзетіп, ойсыз ойран салып жүргендері қаншама. Өз қамдарын ғана ойлап, құлқын­дарына ащы суды құйып алып, қала тұрғын­дарының беймезгіл уақытта мазасын алып жүргендер көбіне “Альбион”, “Золотая рыбка”, Байсат”, “Дубай”, “Көктем” және компьютерлік “CSGO” PS4 сынды орындарда көп шоғырланады екен.

Қазір қаламызда 160-тан аса кафе бар екен. Былтырғы жылдың қорытындысының нәтиже­сінде қалада 476 қылмыс тіркелген. Жеке мекемелерге арнайы түсіндірме жұмыстары жүргізілгенімен, нәтиже жоқ секілді. Себебі, рейд барысында “Көктем” кафесіне кіре берге­німізде, камерадан қашқан бірнеше жастарды көрдік. Өз жүрістері мен істеріне қысылып бара жатқан жастарды көре алмадық. Олар үшін мұндай жүріс үйреншікті секілді.

– Қалалық прокуратураның ұсынысымен қала көлемінде орын алып жатқан қылмыстарға (кафе-бар, түнгі клуб) талдау жасалып, қала­дағы барлық кәсіп иелерін шақыртып, түсіндір­ме жұмыстарын жүргіздік. Бірақ ешқандай нәтиже болмай тұр. Бүгінде арыз-шағым айтып хабарласқан қала тұрғындары жетерлік. Келіп түскен хабарлама­лардың көш басында “Дубай” ресторанының түнгі клубы тұр. Былтырдың өзінде “Дубай” түнгі клубына 67 арыз-шағым келіп түсті. Оның ішінде 12-сі әр түрлі санаттағы қылмыстық іс. Қазіргі таңда қала орталығында орналасқан адамдар көп шоғырланатын ойын-сауық орталықтарының барлығы халықтың дема­лыс орны емес, керісінше қылмыс пен құқық бұзушылықтың көп орын алатын ошағына айналып отыр, – дейді жергілікті полиция қыз­меті бөлім бастығының орынбасары Ермекбай Құдайбергенов.

Қаламыздағы кафе, түнгі клубтар мен ойын­ханалар бойынша былтыр 30-дан аса қылмыс тіркеліпті. Оның көбісі ащы суға сылқия тойып алып бұзақылық жасайтындар. Одан өзге, ұрлық жасау және жастардың ерегісі.

Көше бойындағы тізіле тұрған кафелер мен дәмханаларды күн ұясына кіргеннен жастардың жағалайтыны анық. Оны жауапты органдар жасыр­ғанымен сол маңайдағы тұрғындар жасыра алмады. Мұны айту себебіміз, “Көктем” кафесіне барғанымызда көпқабатты үйдің тұрғынының бірі “Осы кафені жапсаңыздар жақсы болар еді, қас қарайғанда бұл жерде тыныштық болмайды” деп өз наразылығын айтты. “Көктем” кафесі орналасқан көшенің бойында тағы да “Самғау” дәмханасына кірдік. Кішкене ғана дәмхана болғанымен, ішіндегі бірнеше жастардың сыра ішіп, әңгімелесіп отыр­ғанын көрдік. Олар осылай жәй ғана отырғанымен, сыра мен ащы суға тойғаннан кейін неше түрлі қылмыс пен жаға жыртыстың болары сөзсіз. Бұл орындар жеке болғандықтан мұнда келгендер өз қалауларынша ішімдік ішіп, оның ақыры түрлі қылмысқа себеп болуы мүмкін. Әр аптаның жұма, сенбі, жексенбі және мейрам күндері полиция қызметкерлері мұндай жерлерді бақылап жүргенімен нәтиже болмай тұрған секілді.

Қоғамның тыныштығын бұзып кәмелетке толмағандарды кіргізбейміз деп ақталған кафе, түнгі клубтар мен компьютерлік ойынхана­лардың қожайындарымен тілдескенімізде, “Бізде барлығы тыныш. Қылмыс, ұрлық секілді жағдайлар жиі болмайды, барлық жерде камералар орналасқан” деп шығарып салды.

Арнайы жүргізілген рейд барысында тұрғындардан келіп түскен хабарламалар бойынша барған орындарда заң бұзушылықтар болмады. Дегенмен де жауапты органдар тарапынан   түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

 

Т.КЕНЖЕБАЕВА

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған