"Ақмешіт ақшамы"

Сарқылмасын Сыр-Ана!

ТҮЙМЕНОВТІҢ ТҮЙІНІ

ByQAA.kz

Қар 25, 2021

Биылғы жылы қалада орын алған төтенше жағдайлардың саны салыстырмалы кезеңмен азайса да, әлі де көңілге қонарлықтай ахуал қалыптастырып отырған жоқ. Қыстың қытырымында болатын жарылыс пен өрт саны әдепкі кездері аз болып көрінсе де, жазғы мезгілдегі оқыс оқиғалар санынан кем түспейді. Басты себеп…көп. Соның бірі далада тұрған газ баллонды жылы бөлмеге кіргізіп, лезде іске қосу. Бұл қауіпсіздік шараларын білмейтін тұрғындарды тура өлімге, ең азы ауыр жарақатқа апарады.

Суықта тұрған газ шүмегінің резеңкелері лезде жылылыққа кірсе, аяқ асты шытынап сынып, ішкі қысыммен сыртқа атып шығады. Осылайша, газ шүмегі мұрынға да, құлаққа да сездірмей, білдірмей улы газын шығара бастайды. Әдепкі кезде білінбес қатердің ең сорақысы ұйқыға кетіп оянбау немесе ойда жоқта жарық жаққан кезде жарылыстың бола қалуы.

Үй ішіне жайлаған қауіпті газ кішкене ғана жарықпен байланысса болғаны, құйрығын бұлқаңдатқан қызыл түлкідей, ғимарат ішін оттың тілі әп-сәтте жалап, түгін қалдырмай, адамдарымен де қош айтыстыруда.

Сондықтан, Қызылорда қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлерімен жыл сайын жылу беру маусымы басталар алдында сақтық шараларын қамтамасыз етіп, тұрғындарға түсініктеме жұмыстарын жүргізуде.

Жыл басынан осы кезеңге дейін Қызылорда қаласы аумағында әртүрлі сипаттағы жалпы саны 165 өрт оқиғасы орын алды, салдарынан 5 адам қаза болып, 13 адам жарақат алды. Соның ішінде тұрғын үйлерде 114 өрт оқиғасы көп жағдайда тұрғындардың өрт қауіпсіздігі шараларына салғырт қарауынан, яғни тұрмыстық пештердің техникалық жағдайына мән бермеуінен, электр сымдардың дұрыс жалғанбауы мен ескіруінен, балаларды қараусыз қалдыруынан және ішімдік ішіп масаң күйде болуынан өрт оқиғаларына әкеп соқтыруда.

Сонымен қатар газға қосылмаған тұрғын үйлер талаптарға сәйкес жылу беру маусымында пештің түтін шығу жолдары жылына екі-үш рет тазалануы қажет. От жағу барысында тазаланбаған пеш өз деңгейінде дұрыс жанбауы салдарынан бықсып тұрады. Осылайша түтін мұржа жолына жиналып өзінің бір деңгейіне жеткенде түтін үй ішіне тарайды. Әдетте түтін де түнде тарап кетіп, таң ата ұйқыдан тұрам деген жандарды тіл тартқызбай кетіруде.

 Жер үйдегі тұрғындар өз мұржаларын тым сирек тазалауда. Қыс келгенде мұржа тазалығы еске келіп, тазалайын десе бағасы да аспандап кеткен. Сондықтан, халқымыз қыстың қамын жазда ойла деп бекер айтпаса керек.

Жыл басынан көмірқышқыл газына улану фактісі бойынша 3 жағдай тіркеліп, олардан барлығы 8 адам оның ішінде: 5 жасөспірім бала зардап шегіп, емдеу орындарына жүгінген. Сонымен қатар, табиғи газға улану фактісі бойынша 1 жағдай тіркелген, 4 адам зардап шегіп, емдеу орындарына жүгінген.

Басқарма тарапынан полиция қызметкерлерімен бірігіп, жылу беру маусымы қарсаңында тұрғындарға ұдайы түсініктеме жұмыстары жүргізілуде.

Қазіргі уақытқа дейін 3 831 тұрғын үй секторының ауласы араланып, тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі талаптары бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Тұрғындармен 195 рет кездесу ұйымдастырылып, соның ішінде электр және газ баллон жабдықтарын, пешті және газ пештерін орнату, қолдану туралы өрт қауіпсіздігі талаптары бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп қамтылды. Түсіндірме жұмыстары барысында басты назар әлеуметтік тәуекел топтарына яғни, мүгедектер, тұрмысы төмен, көп балалы отбасыларға назар аударылып, бірінші кезекті аталған үйлерде түсіндірме жүргізілуде.

Өткен жылу беру маусымында 330 дана көмірқышқыл газын анықтайтын датчиктер әлеуметтік тәуекел топтарына кіретін отбасылардың тұрғын үйлеріне орнатылды. Аталған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып биылғы жылу беру маусымында 350 отбасыға датчик орнатылатын болады.

Қызылорда қалалық Төтенше жағдайлар басқармасының басшысы Жасұлан Түйменовтің айтуынша газ баллондарын газ құю бекеттерінен толтыратын тұрғындар саны әлі де азаймай тұр. Сондықтан, арнайы мекемелердің көмегіне жүгініп, қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды көпшіліктен сұрауда.

Дамир АМАНГЕЛДІ

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған