QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

СЫРБОЙЫЛЫҚТАР СҰРАҚТАРЫНЫҢ СЫРЫ ҚАНДАЙ?

ByQAA.kz

Ақп 18, 2021

Аймақ басшысы Гүлшара Наушақызы өткен жылды қорытындылап халық алдында онлайн есеп берді. Айтылған мәселелердің
барлығы жыл бойына қозғалып келе жатқан, өзектілігі жағынан ауқымды тақырыптар. Бұл орайда аудан мен қала тұрғындары өздерін толғандырған сұрақтарына жауап алса, елге мәлім азаматтар өз ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Алдын ала облыс пен қаланың халық
көп шоғырланған аумақтарына 183 жәшік орнатылды. Әкімнің есебі жайлы ақпаратты алдын-ала облыстық «Сыр бойы» және «Кызылординские Вести» газеттерінде жария етті. «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасындағы CALL орталықта сұрақ-жауап барысын тізгіндеген Алтынай Молжанованың айтуынша есеп барысында әлеуметтік желілер мен сайтқа келіп түскен сұрақтар саны 167-ні құрады. Халық алдындағы облыс әкімінің есебінен маңызды деген тақырыптарды сұрыптап, оқырманға ұсынуды жөн көрдік.

Қала тұрғыны: Біз жыл сайын мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жеке көмекшілеріне ақы төлеу мәселесін айтып жүрміз. Әр жылы айдың аяғында есеп беретін едік, яғни арнайы табельге қол қойып беретінбіз. Сол арқылы біздің көмекшілерімізге ақы төленетін еді.
Әлеуметтік қызмет көрсету порталы ашылды да соған орай біздің көмекшілеріміз әр екі күн сайын есеп беріп тұруы керек. Біз түбегейлі
қарсымыз. Неге басқа адамдар біздің жеке өміріміз жайлы барлығын біліп отыруы керек? Оның үстіне бізде ауылдық жерлерде ғаламтор
желісі дұрыс тартпайды.

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова:

Осы сұрақ былтырғы жылы да көп қойылды. Біз министрлікке шықтық. Осы жылдың қаңтар айынан бастап ережеге өзгерістер енгізіліп, тек айына бір рет қана есеп берілетін болды. Кейбір
азаматтар порталмен қалай жұмыс жасау керектігін білмейді. Сондықтан әлеуметтік бөлімдердің тарапынан түсіндірме
жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, көмекшілерге тек қана маңызды жерлерге апарған кездегі ақысы ғана төленеді. Көп
жағдайда төсек тартып жатқан 1-топтағы мүгедектер де бар. Олар еш жерге шыға алмайды. Мұндай азаматтарға жәрдемақы
берілу қаралып жатыр.

Шаған ауылының тұрғыны:

Өзіңіз білесіз, соңғы уақытта кейбір шаруашылықтарда, соның ішінде Шаған ауылында құрылтайшылардың іс-әрекетіне халық наразылық білдіріп, әлеуметтік желілерде дау-дамай туындап жатыр. Осы мәселеге қатысты облыс әкімдігі қандай шаралар атқарып жатқандығын айтып өтсеңіз…

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова:

Шаған, А.Тоқмағанбетов ауылында, Қармақшы ауданындағы 3-Интернационал ауылында осындай келіспеушілік бар.
Осы ауылдарда өкізілген жиындарға облыс, аудан әкімдіктері қызметкерлері және құзырлы органдар қатысуда. Сонымен қатар, прокуратура және басқа да құқық қорғау мекемелері түсіндірмелер беріп жатыр. Қолданыстағы заңға сәйкес құрылтайшылар мен директорларды ауыстыру, үлесін беріп шығару мәселесі пай үлесі бар азаматтардың құзырында. Заңдық тұрғыда түсініктемелер жүріп жатыр. Бұл мәселелер ушығатын болса, онда тек сот арқылы ғана шешім болады. Сол себепті мұндай мәселелерді өз араларыңызда шешіп алғандарыңыз дұрыс болар еді.

Қала тұрғыны:

Соңғы уақытта азық-түлік тауарлары нарығында баға айтарлықтай өсті. Халықтың қазіргі азық-түлік себетіне жұмсаған шығыстары табыстарының басым бөлігін алып отыр. Әсіресе, бұл халықтың әлеуметтік осал топтарына одан әрі әсерін беруде. Әлемді
жайлаған короновирус пандемиясына қатысты біршама өнімдер қымбаттады. Мұның себебі неде?

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова:

Біздің облыста ғана емес, республика бойынша кейбір өнімдер бағасының өсуі байқалады. Бағаның негізсіз өсуіне жол
бермес үшін облыста біршама іс-шаралар қабылдадық. Соған сәйкес тұрақтандыру қорына 2 млрд.теңге бөлініп, арнайы азықтүлік өнімдерін алдық. Облыс бойынша 29 әлеуметтік дүкен мен 1 әлеуметтік маркет бар. Сонымен қатар, үлкен сауда
орталықтарына несие беріп, қажет деген азық-түлік өнімдерін төмен бағада сатуға ұсыныс тастадық. Осыған орай сауда
орталықтарының бір бұрышында арнайы әлеуметтік бұрыштар орналасқан. Сонымен қатар тұрақтандыру қорында арнайы
әлеуметтік дүкендерге арналған өнімдер бар. Оларды дер кезінде жеткізіп тұрамыз. Ол жұмыртқа, өсімдік майы және де
қанттың бағасының көтерілуі. Дегенмен де, бұл – нарық. Біз оны ұстап тұра алмаймыз. Бірақ республика бойынша бұл мәселе
бақылауда. Әлі де шешімін табуға жұмыс жасаймыз.

Былтырғы жылы қалада КНС-тердің біразы жаңарып, автоматтанған еді. Бұрындары иісі мен қоса түрінің өзі жиіркенішті КНС-тердің бүгінде сырты да, іші де жаңарып, еуропалық құрылғылар орнатылды. Әйтсе де, Титов
қыстағының тұрғындарын мазалаған жағымсыз иістің сейілер түрі жоқ. Жергілікті тұрғындар бұл иістің лас суды тазарту станциясынан шығатынын біледі. Титовтықтар облыс әкімінен
осы мәселені шешуді сұрады.

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова:

Жалпы қаладағы биологиялық тазарту станциясы өте ескі. Бір тәулікте 7000 текше метр суды тазарту керек. Бірақ, бұл жұмыс
істемей тұр. Мамандардың көмегімен станцияны модернизациялау бойынша 2,8 миллиард теңгеге үкіметке ұсыныс берілді.
Сондықтан, еуропалық банкпен қосымша жұмыс жүргізіп жатырмыз.

Қызылорда қаласының тұрғыны:

Өткен жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында отбасын асыраған тұрғындар көп болды. Кей адамдарды
бағдарлама аясында тіпті екі жобаға қабылдап, уақытша жұмыс болса да өз отбасын асырады. Аталған жоба алдағы уақытта да өз жалғасын табады ма?

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова:

2008 жылы дағдарыс кезінде де осындай бағдарлама болды. Былтырғы жылы 40 миллиард. теңге облысқа беріліп, уақытша
жұмыс орны құрылды. Биылғы жылы 12 миллиардқа жуық лимит белгіленді. Сондықтан, жұмыс істеймін деушілерді осы
жобаға қатысуға шақырамын. Келесі сауалдар легі Telegram bot message желісінен қойылды. Мұндағы бірінші сұрақ су тасқынына байланысты болды. Сұрақ қоюшы өзен жағасын бойлай орналасқан елді мекендерді су басу қаупі бар екендігін
алға тартты. Сондай-ақ осының алдын алу мақсатында қандай шаралар атқарылып жатқандығын сұрады.
Облыс басшысы мәселенің өзекті екендігін айта келіп, су тасқынының алдын алу мақсатында барлық қауіпсіздік шараларының жасалып жатқандығын мәлімдеді. Бұдан кейін де қала тұрғыны өз сауалын жолдады. Аймақтағы газ тарифі қашан
төмендейді деген сұрақ қойылды.

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова:

Газдың бағасы 3 компоненттен тұрады. Ол көтерме баға, тасымалдау баға, жеткізу бағасы. Біздің табиғи монополияларды
реттеу комитеті өткен жылы осы мәселені тексеріп, бақылау жасап қарағанда тасымалдау бағасы 34 пайызға көтеріңкі деп тапқан. Ол бойынша белгілі жұмыстар жүргізіліп, газ бағасын төмендету турал
ұсыныс берген. Ал жалпы көтерме, тасымалдау, жеткізілім бағасының 3-еуін қосқанда қазіргі кезде 20903 теңгеден 17350
теңгеге дейін төмендеу керек. Яғни, бұл 17 пайызға төмендейді деген сөз. «КазТрансГаз» мекемесімен әлі де жұмыстар жүргізіліп
жатыр. Мәселе шешімін тапқан жағдайда, тұрғындармен өткен айларға қайта есептеу жүргізіледі.


Алыстан хабар алғызған ғаламтордың арқасында өңірдің түкпір-түкпірінен аймақ басшысына түрлі сауалдар жолданды, жауап
та берілді.


А.ЕРАЛЫ, А.ҚАНЖАРБАЕВА

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған