QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

«Сыр сүлейлері» ішкіштер мекені ме?

Автор:QAA.kz

Июл 18, 2019

Көшеге қатты мән берген Көшербаев кетті. Тазалыққа аса жауапкершілікті талап ететін қала басшысы кезекті демалыста көрінеді. Қаланың бас көшелерінің бірі қазіргі Нұрсұлтан Назарбаев даңғылының бойында әдетте іркіс-тіркіс тізіліп жүретін тазалықшылар көрінбейді. Қолында сыпырғышы жолдың жиегіндегі топыраққа дейін сыпырып алып жүретін сарғыш кеудешелілер де жаппай демалысқа кеткендей. Былтырлары жолдың жиегіндегі топырақты бұрқылдатып жинап алып жүретін техника да болушы еді. Ол техника істен шықты ма, әлде қаланың басқа жағында жүр ме, бірталай болды көзге түспеді. (Қызмет орнымыз Нұрсұлтан Назарбаев даңғылының бойындағы Қызылорданың көрнекі орындардың бірі Сыр сүлейлері аллеясымен іргелес болғандықтан көше бойы жағдайы күнделікті көз алдымызда). Аллея бойында да тазалықшылар жиі ұшырасатын. Тіпті, тас плиталардың жік-жігінен әупірімдеп бой көтеріп келе жатқан шөптерді де қолмен жұлып, жүйектегі мәдени шалғындықты суарып дегендей тынбай жүретінін көруші едік.

Аллея аумағында бірнеше күн бойы түртілмей жатқан қоқыс тазалықшылардың жоғалуының нақты дәлелі. Жабайы шалғын адамның бойындай болып, әрі қаулап өскен аллеяның көрнекі жағындағы қоқысты көзіміз шалғалы да бірнеше күн өтті. Сірә, осы маңайды мекендеп алған үйсіз-күйсіз жандар ма, әлдекімдер бірнеше шарап бөтелкесін босатып тастап кеткен. Сол құрығыр қоқыс қобыз мүсіні жанында алдыңғы күні де жатқан, кеше де жатты, бүгін де жатыр. Ақырында, ұялғаннан өзіміз алып тастауға тура келді. Ал, аллеяның арқа жағындағы қомақты қоқысты алуға арнайы тазалықшылар жасағы керек. Аллеяның арқа жағы демекші, біраз жылдар бұрын көктемгі көгалдандыру науқанын да осы жерге бірталай тал-терек егіліп, ол көктей солғасын көркейтушілер қайта жоламаған. Былтырлары арнайы техникамен жабайы шалғынның орылып жататыны бар еді. Биыл бұл шалғынды түрткен жан баласы жоқ. Сондықтан шалғындық кісі бойындай болып ырғалып тұр.

Айтайын дегеніміз, кейінгі жылдары көп жақсарған қала тазалығы қайта құлдырамай бұдан былай да жақсара түссе жөн. (Әттең, көп тұстағы міндетті істің мүлтіксіздігі әлі күнге басшылық пәрменділігіне байланысты).

Таза қаланы таз қалпына түсіріп алмасақ қане…

Жалпы, кейінгі жылдардағы барша ілгерілеу барынша жалғасын тапса игі…

Ж.АЙМАҒАНБЕТОВА

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *