QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

Сыбайластықпен емес сыйластықпен

Автор:QAA.kz

Окт 21, 2020

Бүгінде қоғамда өзекті, әрі түп-тамырымен қозғауға тура келетін ауқымды тақырып жетер-ақ… Алдынғы шепте — сыбайлас жемқорлық. Екінің бірі жиі ауызға алатын терминге айналғаны тағы бар. Бұл – адам бойындағы һәм болмысындағы қолдан жасалған кесел. Түрлі салада кезігіп жатқан осы олқылық мемлекеттік сатып алуда да орын алмауы тиіс. Күреспекке не керек? Әрине, алдын алу, түсіндіру және аталған әрекетке бармау қажеттілігі ескертілуі керек.

Қала әкімі Нұрлыбек Машбекұлы осы мақсатта қалалық комиссия мүшелерін, ауылдық округ пен кент әкімдерін, дербес және тиісті мекеме басшыларының басын біріктіріп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдарды сарапқа салуды жөн көрді.

Кезекті отырыста қалалық мемлекеттік сатып алу бөлімі мен қалалық құрылыс бөлімінің басшылары мінберге шығып, тақырып турасында кеңірек баяндады.

Алдымен қала бойынша мемлекеттік сатып алу негізінде жүзеге асып жатқан жұмыстарға тоқталып, жемқорлыққа жол бермеу мақсатында атқарылып жатқан түрлі бастамалар мен мамандардың жауапкершіліктері жайында бөлім басшысы сөз қозғады. Мөлдір Тәуіпбаеваның айтуынша, мемлекеттік сатып алу рәсімдерін жүргізу нәтижелері негізінде ағымдағы жыл ішінде конкурстық нәтижелер бойынша сыбайлас жемқорлық сипатындағы құқық бұзушылық деректері орын алған жоқ.

Қызылорда қаласының әкімдігіне қарасты 98 мемлекеттік мекеменің және мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындардың мемлекеттік сатып алулары бөлім тарапынан жүйелі жүзеге асырылуда.

Сондай-ақ, 9 айдың қорытындысымен 98 бағдарлама әкімшілерінен 773 өтінім түскен. Мемлекеттік сатып алушылардың бірыңғай ұйымдастыруларымен 832 конкурс мерзімінде өткізіліп, жеңімпаздары анықталған. Тәуіпбаева жетекшілік ететін бөлім мониторинг жұмыстарын да жиі ұйымдастыратын көрінеді. Нәтижесінде, бағдарлама әкімшілерінің мемлекеттік сатып алу жоспарына еңгізілген конкурстар мерзімінде өткізілді.

Жұмыстың мардымды жүріп, жоспардың жүйелі орындалуына сауаттылық керек. Бұл да ескерілген. Мәселен, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау, құқықтық оқытулар, жеке қабылдаулар және арыз-шағым жәшігінің жұмысын үйлестіру де алдыңғы шептегі міндетті жоспарлардың бірі.

Қалалық мемлекеттік сатып алу бөлімінің басшысы М.Тәуіпбаева:

— Жыл ішінде мемлекеттік сатып алу заңнамасына түсіндірмелер, үлгілі техникалық ерекше жобалар сипатындағы қажетті ақпараттарды беру арқылы тапсырыс берушілерге басқарма өкілдерінің қатысуымен екі мәрте семинар кеңес өткізіліп, тұрақты түрде мемлекеттік сатып алу заңындағы өзгерістер аясында ескертпе хаттар жолдануда. Саладағы уәкілетті орган ішкі мемлекеттік аудит департаментімен бірлесіп ағымдағы жылдың 4-ші тоқсанында мемлекеттік сатып алу барысындағы өзекті мәселелерді талқылауға қатысты түсіндірме жұмыстары да жүргізілетін болады.

Отырыс барысында комиссия мүшелері баяндамашы тарапына түрлі сауалдарын қойып, ұсыныстарын жеткізді. Соның бірі – комиссия мүшелерінің құрамына сала мамандары мен қоғам белсенділерін қосу керек деді. Бөлім басшысы бұл ұсыныс алдағы жоспардың тізіміне енгізілгенін тілге тиек етті. Іле-шала қала басшысы да Мөлдір Тәуіпбаеваның сөзін растап, тапсырмаларды жүктеді.

— Мемлекеттік сатып алу туралы заңнама талаптарын толығымен орындау – біздің міндет. Ол үшін комиссия құрамына мән беру керекпіз. Бөлім тарапына осы мәселені алдағы жоспарға енгізуге, мүшелікке қоғамның нағыз жанашыр тұлғаларын кірістіруді тапсырдым. Бұл – міндетті түрде жүзеге асуы тиіс. Әр сала бойынша біліктілікті арттыру үшін оқытуларды жиі ұйымдастыруды және мемлекеттік сатып алу конкурстарының ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз етуге сәйкес тиісті шараларды жүзеге асыруды тапсырамын, — деді қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.

Күн тәртібіндегі екінші мәселеге сәйкес сөз алған қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Пакуатдин Шамұратов бөлім тарапынан сыбайлас жемқорлық сипатындағы заң бұзушылықтарды болдырмау бағытындағы жұмыстарға қатаң бақылау орнатылғанын жеткізді.

Аталған бөлім бойынша мемлекеттік комиссия құрамына 3 қызметкер мүшелік етеді. Ашық конкурстардың талапқа сай орындалуы үшін бөлім тарапынан тиісті бағыттар назарға алынады.

Мінбердегі сала басшысы бөлінген қаржы өз ретімен игеріліп, жобалар жоспарға сай жүзеге асып жатқанын алға тартты. Дәлел болсын, қала көлемінде «Нұрлы жер», «Өңірлерді дамыту — 2020» және «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» мемлекеттік бағдарламалары аясында іске асып жатқан жұмыстар жетерлік.

Тұрғын үйлер құрылысы бойынша ағымдағы жылы облыстық бюджеттен құрылыс жұмыстарын аяқтауға бөлінген 1 млрд. 910 млн. теңгеге сол жағалаудағы №3 тұрғын үй кварталында 14 көпқабатты кредиттік үйлер немесе 640 пәтер пайдалануға берілді. Республикалық бюджеттен 5 млрд. 279 млн. теңге қаржыға 12 көпқабатты немесе 680 пәтер болатын арендалық тұрғын үйлердің құрылыстары басталды.

СПМК-70 ауданындағы тұрғын үйлер кварталында 11 көпқабатты немесе 480 пәтерлік кредиттік тұрғын үйлер құрылысын бастауға облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсы өтуде, — деді қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Пакуатдин Шамуратов

Қала әкімі тағайындалғанына көп болмаса да, құрылыстың қарқынын үдетуге талпынысы жоғары Шамұратовтың заң бұзушылықтарға жол бермейтініне сенім білдірді.

Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Машбекұлы:

— Өткен жылы қалалық құрылыс бөліміне қатысты кемшіліктер орын алған болатын. Мемлекеттік сатып алу рәсімдері бойынша құқық бұзушылықтарға жол берген қызметкерлеріне әкімшілік айыппұлдар да салынды. Сіз бұл қызметке жаңадан тағайындалдыңыз. Алдағы уақытта мұндай кемшіліктерге жол бермей, заң бұзушылықтарды жою керек. Тәжірибеңіз бар болғандықтан өзіңізіге сенім білдіріп отырмыз.

Талқыға түстен мәселелерді саралаған соң, қала әкімі сала басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне қызметкерлердің кәсіпкерлік субьектілермен, жеке тұлғалармен қызметтен тыс уақытта ретсіз байланыста болмау керектігін және сыбайлас жемқорлықтың орын алмауы үшін тиісті, әрі жоспарлы жұмыстарын жалғастыру керектігін атап өтті.

Жиын барысында қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары Ермек Құдайбергеновтың баяндауымен қала аумағында құқық бұзушылықты болдырмау бағытында атқарылған жұмыстар да айтылды.

Орынбасар он бағыттағы жаңалығымен бөлісіп, ағымдағы жылдың есепті мерзімде қоғамдық және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрақталғанын жеткізді.

Нақты болсын, қылмыстық құқық бұзушылықтың тіркелуі есепті мерзімде 40 пайызға яғни, 1242 іске төмендеген. Қылмыстардың көш басында ұрлық тұр. Одан кейін алаяқтық және өзге қылмыстар да бар.

— Қалыптасқан қылмыстық ахуал күнделікті талданып, сәйкесінше полицияның барлық күш құралдары қылмыстардың жиі орын алатын мөлтек аудандарына шоғырландырылуда. Қала көлемінде криминогендік ахуалды сауықтыру бағытында жекелеген қылмыс түрлерінің алдын-алуға байланысты «Пәтер», «Қару», «Мал ұрлаушы», «Автоұрлық», «Аккумулятор» жедел профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылды, — деді қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары.

Учаскелік полиция инспекторларының жұмысын күшейтіп, олардың карантиндік талаптарды сақтап, тұрғындар алдында есептік кездесулерді ұйымдастыру қажет. Сонымен қатар, қызметін тиісті деңгейде орындамаған инспекторлардың тәртіптік жауапкершілігі қаралуы қажет, — деген қала басшысы әлі де түрлі қылмыстардың орын алмас үшін тиісті шараларды күшейту керектігін жеткізді. Отырысқа қатысушылар болса, қаладағы көпқабатты үйлердің маңында қылмыстық әрекеттердің алдын алу үшін бейнекамералармен қамтамасыз етуді ұсыныс ретінде жеткізді.

А.ӘЛИАРЫСТАН

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *