QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет- әрбір азаматтың міндеті

Автор:QAA.kz

Сен 30, 2020

Жасыратыны жоқ, сыбайлас емқорлықпен күрес бүгінде елімізде мемлекеттік маңызы бар түйткілді мәселелердің бірі. Әсіресе, бұндай әрекеттің мемлекеттік қызметкер тарапынан көрініс табуы мемлекеттің дамуына кедергі келтіріп қоймай, қоғамда үкіметке, билікке деген сенімсіздің тудырады. Өкінішке орай, қандай шаралар қолданып, заңды күшейтсе де, жең ұшынан жалғасын табатын, көз қысты, бармақ басты әрекеттер әлі де азаяр емес. Бұл дерт еліміздің дамуына, экономиканың өркендеуіне өрескел кедергі келтіретіні сөзсіз.

Қазіргі таңда мемлекет тарапынан жемқорлыққа қарсы күрес мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңы жемқорлыққа қарсы күрестің негізгі принциптерін анықтап, жемқорлыққа қатысты қарсы құқық бұзушылықтардың және оған байланысты жауапкершіліктің артылуының түрлері анықталды.

Сыбайлас жемқорлық мәселесі әрбір мемлекетте, әрбір қоғамда көрініс табады. Бірақ ол барлық жерде бірдей бола бермейді. Кейбір шет елдердің мемлекеттік басқаруында және мемлекеттік қызметінде жемқорлықтың алдын алуға және жоюға бағытталған әкімшілік қалыптың кешендері құрылған. Мәселен, сыбайлас жемқорлықпен қарсы күресті табысты жүргізіп отырған мемлекеттер қатарында Дания, Жаңа Зеландия, Финландия, Швеция және Сингапур сынды мемлекеттер бар екен. Бұл елдердегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті ұйымдастырудың кейбір ерекшеліктері осы елдердің үкіметі сыбайлас жемқорлықты ұлттық қауіпсіздікке төнген қауіп деп қабылдауы, соған байланысты онымен күрес те көлемді және кешенді сипат алады. Бір қуантарлығы, Қазақстан өзінің сыртқы және ішкі саясатының дамуына Сингапур мемлекетінің реформасын көп қолданады. Бұл дегеніміз – сыбайлас жемқорлықпен күресу жолындағы бағыттарымыздың дұрыс және соңында бір жеміс беретінін кепілдендіреді.

Сыбайлас жемқорлықпен күресу үкіметтің, мемлекеттік органдардың міндеті болғанымен, оның пайда болуы жеке дара адамның іс-қимылдарынан болғандықтан, ең алдымен күресті адам өзінен бастауы тиіс. Адам өзінің ақшаға немесе бағалы затқа тәуелділігін қызмет бабында пайдаланбауды, жасаған қызметін бәреуге міндетсінбеуі, 8 сағаттық жұмыста «жалақыдан

бөлек жақсы пайда табамын-ау» деген ойдан арылуы – кішкене де болса, бұл дертпен күресуге өз үлесін қосар еді.

Қазақ халқында бала тәй-тәй басқанда, тұсауына ала жіп байлап, қадам жасағанда, оны «біреудің ала-жібін аттама» деп кесіп жіберуі де осы сыбайластық жемқорлыққа қарсы күрестің ең алғашқы сабағы іспеттес. Керемет дүниемен жаман қасиеттің алдын алуды үйреткен қазағымның даналығына тәнтімін. Осындай дүниелерді әрі қарай дамытып, мектеп қабырғасында, одан кейін қоғамдық жерлерде кеңінен үйретіп жатса, өсіп келе жатқан жеткіншек санасына құйып алар ма еді? Әр жерде бильбордтарда, кітап беттерінде, телидидарда сыбайлас жемқорлықпен ұсталып, қамаққа алынып жатқан сәттерден бейне-роликтер, суреттер көрсетіліп тұрса, адамның жүрек түкпірінде «пара, парақорлық, жемқорлық» деген дертке қорқынышы пайда болар ма еді? Айтайын дегенім, алап жіпті аттамағанның абыройы да азаматтығы да биік екенін санамызға тоқып жүрейікші.

Қызылорда қалалық сотының

Бас маманы, сот отырысы хатшысы Г.Берденова

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *