QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

СУЫҚҚА ТОҢБАЙДЫ, ЫСТЫҚҚА КҮЙМЕЙДІ

Автор:QAA.kz

Окт 22, 2020

Көптен бері Қызылордада ешкім вирус жұқтырмады. Қазан айының орта шегінен өңірімізден ковидтің қармағына іліккендер тізімге ене бастады. Бұған дейін де әкімдік пен тәртіп сақшылары тарапынан қауіптің алдын алу жұмыстары жүргізілген. Әлі де жалғаспақ. Десе де, қаланың кей тұрғындары мен бірқатар кәсіп иелерінің бұған қатысы жоқтай.

Бұл тұмау емес, әлемді жайлаған вирус! Арты өлімге апаруда. Бұны ұққандар аз секілді.

Әлем елдері ендігі жүйелі дайындық жұмыстарын бастап кетті. Ресейдің өзінде вирусқа қарсы вакцинаны жаппай егу желтоқсанда басталмақ. Тіпті Мәскеу мэрі Собянин бұл вакцинаны вирустың жеңуіне апаратын бірден-бір жол дейді. Әне-міне дегенше Үндістандағы вирус жұқтырушылар саны 7,5 миллионға жетті.

Ал әзірше вирустың таралуы жағынан АҚШ көш бастап тұр. Бұнда вирус жұқтырғандар саны 8,1 миллион адамға жеткен. Италияда вирус жұқтырғандар саны бір тәулікте 10 000-ға жеткен. Бұндай көрсеткіштер біздің елде байқалмағанымен кім біледі? Ертеңгі күнімізді ойлап, барынша сақтық шараларына қамданудамыз.

Вирус жұқса ауруханада емделермін деп жүргендер бар шығар. Бір қызығы Германияда вирустан емделуге ақша төлейтін болыпты. Адам басына 10 000 еуро қаражатыңыз болса вируспен қош айтысады екенсіз. Ал егер науқасты ИВЛ аппаратына қосып емдейтін болса кететін шығын көлемі 30 000 еуродан асып жығылады.

Кей білгірлер вирустың ыстық пен суыққа төзімсіз, белгілі бір температурада өмір сүруін тоқтатады дегенге сенуде. Қыстың қытымырлығын күтіп жүргендер де аз емес. Алайда, Қытайдағы ғалымдар суық тоңазытқышта сақталған теңіз өнімдерінен тірі вирусты тапты. Демек, вирус ыстық пен суықтан қорықпайды деген сөз.

Словенияның өзінде вирустың екінші толқынына орай бірқатар күшейтулер енгізілуде. Оның ішінде топ болып жиналуға аса қатты тиым салынады. Олай болған жағдайда айыппұл 400 еуродан 4000 еуроға дейін барады. Әзірше Қазақстандағы ахуалды ушықты деп айта алмаймыз. Десе де, еуропалық ғалымдар күз кезеңіндегі індеттің көктем кезіндегісінен әлдеқайда мықты екенін айтып дабыл қағуда.

Шетелге көз салсаң қомақты айыппұлдарды көзіміз шалады. Бұл мемлекеттің қарнын ойлап отырғандықтан емес. Елдің денсаулығына алаңдағандықтан қабылданып отырған шешім.

Ал қызылордалықтарға салынатын айыппұлдар саны аздық еткендей ме? Олар үкімет үніне құлақ аспай әлі күнге той жасауын тоқтатпауда. Өнер адамдарының өзі ұялмай, қызармай тойтомалақтағы суреттерін әлемжеліде бөлісіп отырады. Оны көрген жұрттың араны ашылып, құрметтілікті ұмытады. Талайды тойына қонақ етіп, қуаныш таратудың орнына індет таратуда. Міне, халық билікке осылайша «көмек қылуда».

Осы орайда карантиндік талаптарды бұзған үшін салынған айыппұлдың көлемі 29 миллион теңгеден асып отыр. Қызылорда қаласында екі күндік тексеріс нәтижесінде 19 той-томалақ анықталған. Бұл әрине ұят.

Вирустың әсері халықты үнемшілдікке, аста төкке жол бермеуіне шақырады ма деген ойдың күл талқаны шықты. Ол аздай түнгі ойын клубтары да жұмысын тежемей тұр. Қаладағы барлық ойын клубтарының түнгі уақытта астыртын жұмыс жасайтыны өтірік емес. Тура қазір-ақ, кез-келгенінің байланыс нөмірін алып, үстелге тапсырыс беріп қоюға да болады. Ішінде жиналған жастар мен түтіндеген хор-хорлар. Біздің елде кальян атаулысына тиым салынғаны қай заман. Десе де, әлі күнге шейін ашық түрде есік алдына хор-хордың бағаларын және сатып алуға болатындығын көрсететін жарнамаларды көзіміз шалады. Сол хор-хордың бір түтігінен күніне ондаған адам шегеді. Сілекей вирустың ең көп таралуына ықпал етеді. Бұған тиым салу шаруасын жақсылап қолға алу қажет. Мәселен, Еуропа елдерінде кешкі тоғыз бен таңғы алты аралығында ешқандай кәсіп субьектілерінің карантинге байланысты жұмыс жасауға құқығы жоқ.

Алайда қауіп алаңдары осымен бітпейді. Біздегі қоғамдық көліктегі олқылықтар екінші толқынның екі бөлімнен тұруына жол ашуы мүмкін. Өйткені, ішінде ине шаншар орны жоқ, екіншіден жолаушыларда бетперде де, қолғап та көрінбейді. Жолаушылар микробқа толы майда тиынды ұстап, өзіне-өзі қауіп төндіруде. Көрші Өзбекстанда бұдан былай қоғамдық көліктерге бетпердесіз және қолғапсыз кіргізбейді екен. Дұрыс-ақ. Біздегі жолаушылар тасымалдайтын көліктердің кейбірінде кондуктор бар, басқасында жоқ. Ол аздай «төрлетіңіз» деп автобус жарылғанша ішіне адамды толтырып алады емес пе?

Сондықтан, өзіміз қолдан жасап алып отырған теріс әрекеттерді доғаратын кез келді. Автобустарға мінетін адам санына жіті бақылау жасау керек.

…Біз — ғасыр індетімен күресудеміз…

Д.АМАНГЕЛДІ

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *