QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

Судьялардың жұмысы жеңілденбек

Автор:QAA.kz

Окт 19, 2020

Соңғы екі-үш жылда Жоғарғы Соттың бастамасымен судьяларды артық жүктемеден босатуда кешенді, оның ішінде заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы ауқымды іс-шаралар атқарылуда. Атқарылып жатқан шаралардың нәтижелі болып жатқанын төмендегі статистикалық мәліметтерден көруге болады.

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына 2020 жылдың 9 айында 2074 талап арыз (2019 жылдың 9 айы — 2754) және 91 (2019 жылдың 9 айы — 116) азаматтық іс түсіп, былтырғы жылдың осы есепті кезеңімен салыстырғанда сотқа түскен талап арыздардың саны 680-ге немесе 25 %-ға, істердің саны 25-ке немесе 22%-ға азайған.

Сәйкесінше 2020 жылдың 9 айында сотта негізінен 1527 азаматтық іс қаралып, аяқталған (2019 жылдың 9 айы -2194 іс). Яғни аяқталған істер саныда өткен жылмен салыстырғанда 667 іске немесе 30 % азайған.

Заңнамаға өзгерістер енгізуден бөлек, судьялардың жүктемесін көбейтпеу мақсатында алдын ала талдау, келіссөздер жүргізу арқылы да жүктемені азайтуға жұмыстар жүргізілуде.

Мысалы, Салық кодексінің 93-бабының 5-тармағына сәйкес салық органдары әрекет етпейтін заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлерді мәжбүрлеп тарату туралы талап арыздарды сотқа жыл сайын 1 қыркүйекке дейін түсіреді. Осы сотқа мұндай санатта 2018 жылы – 900 талап арыздар түссе, 2019 жылы 613 талап арыздар түсіп, 2020 жылы 700-ден аса талап арыздардың берілуі жоспарланғаны белгілі болған.

Осыған орай, салық органдарымен келіссөздер жүргізіліп, талап арыздар санын және оларды қарауды ұйымдастырудағы қосымша жүктемелерді азайту мақсатында сотқа түсетін 700-ден астам талап арыздарды 15-20 субъектілер бойынша топтастырып беру ұсынылып, осы жылы осы санатта 40-қа жуық талап арыздар ғана түсті.

Бұдан басқа саны азайған істер санаты — заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлерді банкрот деп тану туралы істер саны.

Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысында жасаған үндеуінде атап өткен мәселелердің бірі — осы күрделі кезеңде кәсіпкерлердің экономикалық белсенділігін қолдап, жекеменшік пен бәсекелестікті қорғау маңызды екендігін айтып, 2020 жылдың 1 қазанына дейін заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерге қатысты банкроттық рәсімді тоқтата тұру тапсырылған.

Мемлекет басшысының бұл тапсырмасы орындалып, өткен 2019 жылы салық органдарымен заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерді банкрот деп тану туралы 100-ден аса арыз берілсе, осы жылдың басында 23 арыз ғана берілген. Мемлекет басшысының тапсырмасынан кейін салық органдарымен кәсіпкерлік субъектілерін банкрот деп тану туралы арыздар берілмеген.

Осындай ауқымды шаралар, бұдан басқа дауды сотқа дейін реттеу рәсімдерін кеңейту, сотқа дейін реттеумен шешілмесе сотта да татуластыру, оның ішінде сот медиациясымен реттеу шараларын қолдану судьяларды артық жүктемеден босату бағытында өз нәтижесін беруде.

Осы есепті кезеңде 238 іс өндірістен тоқтатылған, оның ішінде бітімгершілік шартпен – 19, сот медиациясымен – 58, (2019 жылдың 9 айында медиация – 54).

Тараптардың медиацияға келіп татуласуына байланысты 18 млн. теңгеден астам мемлекеттік баж талап қоюшыларға кері қайтарылған.

Сонымен бірге сот төрағасы карантин кезінде іс қарау аса қиындық келтірмегенін де атап өтті. Себебі, еліміздің сот жүйесінде электронды технологияларды қолдану тәжірибесі бұрыннан қалыптасса, «Электрондық СОТ» басымдық жобасымен сот жүйесін цифрландыру бойынша Жоғарғы Сотпен үлкен жұмыстар атқарылғанын, бірқатар жобалар іске асырылып, электрондық сот төрелігінің базалық компоненттері құрылғанын, осы жобаның аясында виртуалды сот бағыты бойынша да жұмыстар жүргізіліп, сот процестері бейнеконференцбайланыс, «TrueConf», «Skype», «Zoom», «WhatsApp» мобильдік қосымшасы арқылы қаралса, ағымдағы жылғы 16 наурызда төтенше жағдай жарияланғаннан кейін бүгінгі күнге дейін барлық істер онлайн қаралуда екенін, істерді онлайн қараған өздеріне де тиімді екенін тараптар да түсінгенін мәлімдеді.

Сот төрағасы Б.Елшібеков азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бәріміздің парызымыз екенін, осы бағыттағы жұмыстар жалғастырылатынын айтып қорытындылап, сөз соңында Елімізге, дүние жүзіне қауіп төндіріп тұрған пандемияға қарсы күрес әлі де жалғасуда екенін ескеріп, дау төтенше жағдай, карантин салдарынан туындап жатса, түсіністіктеп қарап, қазіргі кезең соттасатын уақыт емес екенін жұртшылық назарына жеткізуді бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінен де сұрады.

Қызылорда облысының

мамандандырылған ауданаралық

экономикалық сотының

баспасөз қызметі

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *