QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

СУҒА “АҚЫЛ” КІРДІ

ByQAA.kz

Қыр 28, 2020

Су ұңғымалары сандық технологияға қосылғалы өзінің оң нәтижелерін көрсетуде. Атап айтқанда қаладағы 100 ұңғыманың сексені цифрландырылды. Адамның жұмысын оңайлатып барлық жүйені ақылдырық қылмақ. Өйткені су құбырлары тесіліп немесе қозғалтқыш істен шыққан жағдайда тұрғындарға су апаратын басты құбырдың қысымы төмендейтін еді. Бұл тұста құрылатын мобильді жасақ, бірнеше ұңғымалар маңын тексеріп апаттың алдын алатын. Қысқа сөзбен суреттелсе де, қыруар уақытты талап ететін бұл жүйенің жұмысы әлдеқайда жеңілдемек. Арнайы модемдердің көмегін орталықтандырылған компьютерден қай аймақтағы болмасын су қысымын білуге болады. Аталмыш цифрландырудан қызылжармалықтар да қалыс қалмады. Елдімекенде орналасқан төрт нүктеге де модемдер орнатылып, ұңғымалар қайта жөндеуден өткізілді. Жоба құны 64 миллион теңгені құрайды. Демек, бір құрылғының құны 800 000 теңге.

Осы орайда ұңғымалардағы қысым мен оған кететін энергияның тепе-теңдігі күмәнді болса модем дереу орталыққа автоматты түрде хабар береді. Ең маңыздысы, аталған аумақтағы су ұрлығында осы құрылғылар арқылы қадағалау мүмкін-ақ.

Ал Қызылжарма ауылының Қарауылтөбеге дейінгі шекарасы тұсынан ауыз су құбыры тартылуда. Бұл жобаны мердігерлер қақаған қыстың уақыты, желтоқсанның соңғы күнінде тәмәмдеуі тиіс. Әзірше екі шақырым жолы қазылып, құбырлары орнатылған. Бас-аяғы 19,8 шақырымды құрайтын жоба аймақтың сусыз отырған біраз бөлігіне көмек қылмақ. Бұған дейін де олар суды алыстан тасып, қолдан орнатылған құбырлардан алатын.

Тұрғандардың ризашылығы сол, тіпті құбыр салып жатқан жұмысшыларға келіп жиі алғысын білдіріп кететін көрінеді. Осы орайда, бұл құбырға қарасты үйлердің шекарасына дейін жер қазылуы, су өлшегіш құралдарын тапсыруы мекеме міндетінде. Тек тұрғындар келіп тұрған суды өз үйлеріне кіргізіп алуы қажет.

2020 жылдың желтоқсанында аяқталатын жоба жаңа жылмен қатар келсе қызылжармалықтарға екі есе қуаныш болары анық.

“Бизнестің Жол Картасы” бағдарламасы бойынша ауыз су жүргізуге 644,9 миллион теңге бөлінген.

Ауылдың екінші бөлігін “Мелиоратор” ЖШС-гі су құбырларын тартуда. Сонымен қатар, әр аумаққа қалдырылатын құдықтардың жабдықтарын да өздері әзірлеуде. Қолданылатын барлық жабдықтардың сапа сертификаты бар.

“Қызылорда су жүйесі” МКК-ның басшысы Марат Жамиевтың айтуы бойынша мелиораторлықтар бастаған жоба осы жылдың желтоқсан айына дейін аяқталмақ. Оның ішінде су ұңғымаларының цифрлануы ең қуанышты жаңалық. Бұл құралдар біраз қызметкерлердің жұмысын жеңілдетіп, барлығын компьютер арқылы басқаруға мүмкіндік бермек. Бұл да бір менің арманым еді,- дейді.

Ал мекеменің өз қаражаты есебінен бөлінген 66,5 миллион теңгеге сумен жабдықтау нысандарын қайта жаңарту жүргізілген болатын. Жобаның орындалу құны 44 миллион теңге шамасында.

Жалпы “Қызылорда су жүйесі” МКК-нің 2015-2019 жылға арналған жоспарында бекітілген инвестициялық бағдарламалар құны 2166,41 миллион теңгені құрап отыр.

Бұл аталған мәселелерден бөлек қызылжармалықтарға сапалы жол салып, канализация жүргізілсе халықтың қуанышында шек болмайтын сыңайлы.

Д.АМАНГЕЛДІ

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған