QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

ҰСТАЗДЫҚ ЕТКЕН «АБЫРОЙ» ДЕЙСІҢ БЕ?

Автор:QAA.kz

Сен 10, 2020

Белгілі өлең жолында айтылатындай ғалым да, шахтер де бас иетін бір кәсіп иесі бар. Ол – Ұстаз… Ел басқарған Президент те, өзі жауапты елді мекеннің әкімі де, күміс көмей әнші де, халықаралық ареналарда топ жарып, алтындармен апталған спортшылар да осы ұлы мамандық иесінің алдынан өтіп, білімді әліпбиінен бастап меңгереді. Алғаш қолға қаламсап ұстатып, жазудан бастап, ел мен әлемнің тарихын және бүгінін білгізген де осы ұстаздар. Сан қырлы саланың біліктілеріне жол сілтеп, өмірлік тәлім мен тәрбие беруде де бұл мамандық иелерінің еңбектері өлшеусіз. Сонысымен де бағалы, әрі құрметті болатын. Бірақ, бұған дейін… Бүгінде қалай?

Ертеректе білім алуға құлықсыздығы үшін оқушы ұстаз тарапынан түрліше жазаланған. Кеңестік уақыттағы адамдардың дүние танымының да кеңдігінен болар, мұғалім мен бала арасында не жағдай болғанда да ата-ана мектеп табалдырығында тұрып «Баратын жеріме барамын» деп арызданбаушы еді». Шынтуайтында, бұзығының тәртіпсіздігі мен оның оқуға деген ықыласының төмендігін байқаған ол кездегі әке-шеше ұстазға жақтасқан. Сонда қос тараптан тентектен тұлға шығарудың қамы болатын. Міне, мұғалімнің мәртебесі осылай биік-тін…

Бүгінгінің көрінісі керісінше сипат алатыны рас. Шәкірттер қит етсе үйге «расы-өтірігін» жарыса жеткізіп, ұстаздың қатаңдығына мойынсұнғысы келмей, атаана мен мұғалім арасында жанжал туғызуға сеп болады. Түбін зерттесең, түздегіден гөрі үйдегі тәлімнен бастау алатынын ұғынуға болатындай-ақ…

Ыбырай Алтынсариннің «Мен үшін жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім — мектептің жүрегі» деген қанатты сөзі бүгінгі күні құндылығы мен маңызын бір саты түсірген. Ол рас. Көзбен көре тұра, қалайша қоғам деңгейі жоғары дейміз?… Адам өмірі — ағзасындағы жүрекпен мәнді болса, мектеп — білім шамшырағы саналатын ұстаздарымен сәнді емес пе еді?

Одан қалды бұқаралық сипаттағы түрлі шараларда адам санын толтыратындар да, сенбілікте төбе көрсетіп, белсенділік танытатындар да осы сала өкілдері. Олардың өздері бұл үрдіске өкпелі. Алайда, көпшілікте бұған қатысты кереғар пікірлер бар… Ара-тұра ел ішінде орын алған түрлі жағдайларда көмек үшін «Бір күндік жалақыларын жинап алу» деген әрекет те жоқ емес еді. Қоғамдағы әртүрлі қарсылықтарға орай, мұғалімдердің тілегі қабыл болды. Енді ұстаздар өз міндеттерінен тыс тірліктерге уақыт жоғалтпайды. Бұған дейін бармағын тістеп, базынасын жеткізе алмаған момақан мұғалімдердің қазіргі министрге разылықтан басқа айтары жоқ. Тіпті «біздің бағымызға А.Аймағамбетов аман болсын» деп те тілек тілеуде. А.Аймағамбетов білім министрлігінің креслосына отырғанға дейін бұндай келеңсіздіктер еліміз бойынша жиі орын алатын. «Ұстаз мәртебесі» турасындағы жаңа заңдылықтарды естіген мұғалім емес көпшіліктің де санасы өздігінен қуанады. Әлбетте, өзгеге тірелген ашуды мұғалімнен алуға әзер тұратын ата-аналарды қоспағанда…

Мұндағы әңгіме ұстаздың ата-ана алдындағы мәртебесіне бағытталмақ. Бір кездері ғаламтор желісінде ұлы мамандық иелерін келеке етіп, ілім меңгермек түгілі оның сөздеріне құлақ түргісі келмейтін шәкірттердің әрекеттері жиі тарады. Желіге жүктелмесе де, күнделікті өмірде бұл олқылықтардың орын алып тұратыны жасырын емес. Ұстаздың шәкірт тарапынан мұндай озбырлық көруіне ең алдымен үйдегі ата-ананың себепкер екеніне зер салмаймыз. Оған бірнеше себептер бар. Орынсыз болса да бала сөзін мұғалімінің көзінше жақтап, ақтап алу бір мысал. Үй жағдайында бала үлгерімін өз тараптарынан бақылауға алмай, тек ұстаздың иығына жүктеу. Ұлы мен қызының тәртібіне назар аудармайтын әке мен анадан тіпті көшедегі үлкенді сыйлау турасындағы тәлімді сөздер күту де бекер. Яғни, ата-ананың ой-өрісі арқылы баланың да ақыл-парасатын айқындауға болады…

Бұрындары мектеп табалдырығын аттаған шәкірттің ондағы қадамына тек ұстаз жауапты болып, ата-ана үйдегі жүріс-тұрысына мән беретін дейді бүгінгі үлкендер. Қазіргілер білім ордаларындағы әр қадамын аңдып, қандай да бір шикілік табуға әуестенген. Сабақ уақытынан тыс кезеңге де мұғалім жауапты деген түсінікте. Сөйтіп, әр ұстаздың атына жоғары басшылыққа арыздануға машықтанған. Бірі істеп, екіншісі естіп бұл үйреншікті көрініске айналды.

Елдегі ахуал да белгілі. Мектептегі білім беру әдісі де соған сәйкес онлайн негізге көшті. Дәстүрлі оқыту жүйесі де қолданыста. Мүмкіндігі келмеген отбасыларға мектептің техникалық жабдықтарымен және демеушілердің есебімен құрылғылар да берілуде. Мұны естіп әліптің артын бақпай, оқу басталмай тұрып «Сандалтқан смартфонды бермейсіздер ме, болмаса министрлікке арыз жазамын» деген ұранды сөзге басты кей ата-ана. Бұл — сауатсыздықтың дәлелі ме, әлде арыздануға әуестенген халықтың бір әлегі ме? Осы сауалмен мұғалімді кінәлап, білім бөлімдерін жағалап жүргендердің қарасы да аз болмады. Смартфон алушылардың тізіміне енгізілсе де, сабырсыздық сеп. Жиналыстарға жиналуға жүрексінетін кей ата-аналар тегін дүниені алуға келгенде белсенділік танытатынын да айтпай кетуге болмас.

Айта кетейік, онлайн негізде оқитын оқушыларды қажетті құрылғылармен қамтамасыз ету мақсатында қалалық білім бөлімі тарапынан республикалық «Мектепке жол» акциясы аясында қала кәсіпкерлеріне үндеу тасталып, хат жолданған. Қайырымдылық қорлары арқылы және мектеп меншігінен тұрмысы төмен отбасылар да қажетті құрылғылармен қамтамасыз етілді.

Қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары Парасат Жаңабергенов:

Кей ата-аналар балаларын мектепте оқытудан бас тартқандықтан, кезекші топтардың саны қысқарды. Ауылдық елді мекендердегі бала саны 100-ден аспайтын 4 мектепте дәстүрлі түрде оқыту ұйымдастырылуда. Барлық санитарлық ережелер сақталып, қорғаныш құрылғылармен қамтамасыз етілді. Ал онлайн негізде оқитын оқушыларды қажетті құрылғылармен қамтамасыз ету мақсатында қалалық білім бөлімі тарапынан республикалық «Мектепке жол» акциясы ұйымдастырылды. Қайырымдылық қорлары арқылы да тұрмысы төмен отбасыларына оқуға арналған қосалқы құрылғылар берілді. Сонымен қатар, тұрмысы төмен отбасыларға мектеп меншігіндегі құрылғылар табысталды. Қалалық білім бөлімінің 3-қыркүйектегі есебіне сәйкес, «Мектепке жол акциясы» бойынша 755 құрал берілсе, мектеп меншігінен 745 компьютер, 206 ноутбук және 250 планшет таратылды. Бұл мүліктердің бұзылмауына ата-ана жауапты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев министрлікке «Педагог мәртебесі туралы» Заң нормаларын іске асыру бойынша атқарылып жатқан жұмысты жалғастыруды тапсырғаны еді. Ел көлемінде орындалуы турасында министр мырза жақында былай деп үн қатты:

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов:

— Аталған құжаттың маңызды ережелерінің бірі – педагогтің міндетіне жатпайтын функцияларға тартудан қорғау, орынсыз есептіліктен босату. Бұл нормалар жаңа оқу жылы қарсаңында өте өзекті. Министрліктің осыған қатысты қатаң ұстанымдарына қарамастан, өкінішке орай, осы ережелерді бұзу фактілері әлі де кездеседі. Жалпы осы қысқа уақыттың өзінде білім саласында сапаны қамтамасыз ету жөніндегі аумақтық департаменттерге жүзден астам өтініш келіп түсті. Нәтижесінде лауазымды тұлғаларға да, білім алушылардың ата-аналарына да қатысты 30-дан астам әкімшілік жаза қолданылды. Бұл жұмыс тұрақты түрде жүргізілетін болады. Заңсыздыққа жол берген жауапты тұлғаларға қатысты шаралар мұнымен шектелмейді. Әкімшілік жазалардан бөлек, жұмыстан босату туралы шешімдер де қабылданады. Мұғалімдердің құқығын қорғау – жергілікті аумақтық орган басшыларының да, мектеп директорларының да тікелей міндеті.

Аймағамбетов былай дегенімен, жаңа заңның талаптарына сәйкес, құқықтары ескерілгендіктен мұғалімдер де өздеріне жүктелген міндеттерін де адалымен орындауы тиіс екенін жеткізді. Жас ұрпаққа үлгі болу арқылы әр педагогтың бойында адамгершілік қағидалармен қатар моральдық құндылықтардың болуы керек екенін де тілге тиек етті.

Министрдің ізімен қалалық білім бөлімі педагогтардың мәртебесін биікке көтеру үшін негізгі басымдықтарды қалай жүзеге асырып келеді? Бұл сұраққа қалалық білім бөлімінің басшысы Д. Баймұрзаева жауап берді.

Қалалық білім бөлімінің басшысы Д.Баймұрзаева:

— Заң аясында барлық білім беру ұйымдарында және білім сапасын қамтамасыз ету департаменті жанынан п е д а г о г и к а л ы қ әдеп жөніндегі кеңес құрылды. Әдеп жөніндегі кеңес білім беру ұйымдарындағы педагогикалық әдеп қағидаларының бұзылмауын, ұжымдағы ахуалдың тұрақты болуын қамтамасыз етеді. Мұғалім мәртебесін көтеруде білім беру ұйымдарында еңбек жолын жаңадан бастаған жас педагогтарға тәлімгерлер бекітіліп, тәлімгерлік үшін және магистрлерге қосымша ақы төленуде. Мұнан бөлек, жаңа оқу жылынан бастап мектеп директорлары мен орынбасарларының жалақысын көтеру мәселесі күн тәртібіне енгізіліп, ендігі кезекте білім деңгейлері негізінде аттестатталып, мектеп басшылығының еңбекақысы 30%-дан 100%-ға дейін өсетін болады. Мұғалімнің әлеуметтік мәртебесі мен беделін арттырумен қатар, материалдық ынталандыру — бүгінгі күннің талабы. Осы бағытта 2019-2020 оқу жылының қорытындысы бойынша шығармашылығымен айқындалған 20 педагогқызметкер «Үздік мұғалім» номинациясы бойынша қала әкімінің 150 мың теңге сыйақысымен марапатталды.

P/S: Заң шеңберінде педагог мәртебесі жоғарылары сөзсіз. Алайда, ұлт құндылығының бірі саналатын сыйластық әдебі тек заң аясында ғана жүзеге асуы алаңдатады. Өзгенің шекарасына шектеусіз кірген ата-анадан болашақ ел тұтқасын ұстар қандай өнегелі ұл-қыз тәрбиеленеді?

Ескерту: бұл жазба барлық ата-аналарға қатысты емес!

А.ӘЛИАРЫСТАН

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *