QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

Сот төрелігі

ByQAA.kz

Қар 26, 2020

Қазақстан Республикасында ғылым мен техника қарыштап дамыған, қазіргі уақытта өркениетті елдерде қағазбастылықтан арылып, электронды сот өндірісіне көшуде. Бүгінгі заман талабына сәйкес еліміздің сот жүйесі саласында электронды сот төрелігін дамыту ісіне үлкен мән берілуде. Қазақстан Республикасында сот жүйесін жетілдіру бойынша көптеген реформалар сәтті жүзеге асырылып, нәтижесінде республикамыздың сот жүйесінің жұмысының сапасы уақыт өткен сайын артып келеді.

Еліміздің сот жүйесі құқықтық мемлекеттің қажеттілігіне және заман талабына сәйкес үздіксіз жетілдіріліп келеді. Ширек ғасырдан астам уақытта елімізде сот билігі толық қалыптасып, түрлі реформалар жүзеге асты. Соттар заманның заманауи жетістіктеріне қол жеткізді. Республикалық соттарға енгізілген жаңа технологиялар сот ашықтығының кепіліне айналды.

Республикамыздың соттары ақпараттық-сараптамалық жүйені тәжірибеге енгізді. Соттың және сот билігінің беделін нығайту, қоғамда соттың әділдігіне, бейтараптығына және тәуелсіздігіне сенімді орнықтыру және сот төрелігінің жариялылығы мен ашықтық қағидасын іске асыру үшін сот процестерінде аудио-бейнежазба жүйелері қолданылуда.

Аудио-бейнежазба жүйесімен жергілікті соттардың 100 пайызы жабдықталған, барлық іс қағаздар мен құжат айналымдары электрондық форматқа ауысты.

Қазақстанда сот жүйесін дамыту бойынша айқындалған жеті басым бағыттың бірі – «Е-Сот» жобасы болып табылады. Осы тұрғыда «Виртуалды сот» жүйесі пилоттық жобасы іске асуда. Бұл технологияның ерекшелігі сот төрелігінің ашықтығы қамтамасыз етіліп, қағазбастылық азайады және де іс жылдам қаралатын болады. Ең бастысы, сот процесіне қатысушылардың қарым-қатынасына шектеулер қойылады, сондай-ақ елімізде жарияланған төтенше жағдай кезінде пайдалануға қолайлы.

«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында қолға алынған бұл жоба судьяларды қағазбастылықтан арылтады. Енді сот процесіне қатысушылардың барлығын сот залына жинамастан бұрын, олардың кез келгені үйінен немесе шет елден сот отырысына қатысуға мүмкіндік алмақ. Сонымен бірге, алыс ауылда тұратын тұрғындар енді бұрынғыдай сот ісіне қатысуға облыс орталығына келіп жүрмейді. Аталған жоба аясында сотқа қатысушылар смартфондарына орнатылған “TrueConf” қосымшасы арқылы сот процесіне бейнебайланыс арқылы онлайн режимде тікелей қосыла алады. Сот процестерін виртуалды өткізу сот төрелігін жүзеге асырудағы аумақтық кедергілерді жойып, уақыт және материалдық ресурстарды үнемдеп, сот төрелігіне шексіз және ыңғайлы қол жеткізуді қамтамасыз етеді.

Электронды сот төрелігі соттардың қызметі туралы ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз етеді, сонымен қатар, сот ісі жүйесін автоматтандыруды жеделдетеді. Соттарда электронды технологияларды қолдану – процеске қатысушы азаматтарға қолайлы жағдай жасауды, сонымен қатар, сот актілерінің сапасын көтеру мен істерді қарау мерзімін жылдамдатады және сот төрелігінің қолжетімділігі мен ашықтығын қамтамасыз етуді көздейді. Заңды және жеке тұлғалар талап арыздарын «Сот кабинеті» сервисінде орналастырылған электронды нысандарды толтыру арқылы беруге мүмкіндігі бар.

Сот кабинеті – бұл электрондық ақпараттық сервис, ол сот органдарының онлайн сервисіне қолжетімді бірыңғай терезе болып саналатын, сот ісін жүргізуді жеңілдету және азаматтар үшін сот жүйесінің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында іске асырылған. Осы сервистің негізгі ерекшелігі азамат, оның адвокат тұлғасындағы өкілі немесе заңгер кез-келген ыңғайлы уақытта, үйінен немесе кеңседен шықпай-ақ интернет желісі арқылы сот құжатын жолдап, сондай-ақ істегі мәртебесін қарай алады.

Әрбір сотқа жүгінген азамат «Сот кабинеті» арқылы арыз беру үшін Халыққа қызмет көрсету орталығында электронды цифрлы қолтаңба алуы қажет.

Қазіргі таңда біздің сот кабинетін пайдалану соттың да, сотқа жүгінген тұлғалардың да уақыты мен жұмысын азайтады. Мысалға келтіретін болсақ, азамат немесе оның заңды тұлғасы өзінің уақыты мен қаражатын жұмсамай, үйінен талап арыз жіберсе, ол электронды түрде соттың базасына түседі. Өз кезегінде ол сот жүйесі қызметкерлерінің азаматтармен байланысын азайтады және сыбайлас жемқорлыққа бейімділікті азайтуға ықпал етеді.

Интернетке қосылуға мүмкіндігі жоқ азаматтарға халыққа қызмет көрсету орталығында (ХҚКО) электронды бұрыштар ұйымдастырылған. Барлық келушілерге өкілетті операторлар «Сот кабинеті» сервисін қалай пайдалану керектігін түсіндіріп, қажетті құжаттарды электронды түрде жіберуге көмек береді.

Қорыта айтқанда, сот жүйесін дамытуға бағытталған осындай жобалардың басты мақсаты, соттар жұмысының тиімділігін арттыру, сот төрелігінің сапасын жақсартып, судьялар мен сот қызметкерлерінің жұмыстарын оңтайландыру және қоғамның сотқа деген сенімін арттыру болып табылады.

Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы А.Сабыров

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған