Осыдан үш жыл бұрын, 2016 жылы «Жан — Арай» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативі аясында облыста тұңғыш рет қаз бен үйрек өсіру шаруашылығы қолға алынған болатын. «Жан — Арайдың» құс шаруашылығы да Айдарлы ауылы аумағында орналасқан. Шаруашылық жайынан хабар алмаққа аталмыш құс фермасына да бұрыла кеттік. Құс етін өндіру бағытында ұйымдастырылып Алматы облысынан әкелінген он мың жұмыртқадан өсірілген қаз-үйрек саны бүгінде 7700 басқа жеткенін айтты ферма басынан жолыққан құс өсіруші бригада жетекшісі Мақсұт Жиренов. «Жан — Арай» шаруақожалығына қарасты құс фермасында бүгінде бес айдарлылық тұрғын тұрақты жұмыс істеуде екен. Жергілікті тұтынушыны сапалы құс етімен қамтамасыз ету мақсатында құрылған құс шаруашылығы діттеген үдеден шығып жатқан көрінеді. Құс фермасының қанша көлемде ет шығарып жатқанын құс өсіруші «қаладағы басшылық біледі» деп айта алмады. Ал фермадағы бағымдағы құстың саны қазір 7700 болыпты. Бұл қатарға бөлек бағымдағы биылғы 900 балапан да кіреді. Шүпірлескен балапандар бөлек күтіммен, бөлек қораларда бағылуда екен. Ал ересек құстар бірі суда жүзіп, бірі көлшік жағалауындағы шалғындықта жайылып, қоң жинап, бейқам. Дегенмен, ішіп-жемі болса болды дейтін емес, күні бойы ізінде қарауылдап жүру керектігін айтады М.Жиренов.


Қоң жинап қасапханаға тапсырылғанша үйрек қазды дала жыртқыштары мәлім, қорқау қасқырдан да қорғау керек. Майда-шүйде балапанды даладағы ірі құстар да іліп алып кетіп жемтік етуі мүмкін. Салмағы 7-8 келі болатын қаз, 5-6 келі болатын үйрек дала тағыларына үлкен олжа болары да анық. Дегенмен, бес құс өсіруші тұрғанда дала жыртқыштарының оңай олжаға тап келсе де олжалауы сирек жайт. Мақсұт Жиренов құс өсіру оңай шаруа еместігін айтады. Жем-суын уақытылы беру, қорасын тазалаудың өзі күнделікті тынымсыз тірлік. Бұл фермада үй құстарының «Линда», «Агидель», «Пекин» атты түрлері өсіріледі дегеннен хабардармыз. «Аты-жөні» қандай болғанымен сырт көзге бірі үйрек, бірі қаз шыпырласқан жүздеген құстың күтімі шындығында едәуір бейнетке ұқсайды. Дегенмен, үйреншікті төрт түліктен гөрі жем-шөбінің шығыны аздау екені де анық. Оның үстіне «Жан — Арайдың» тәулігіне 80 тонна жем өндіретін өз зауыты болғандықтан құс шаруашылығының тиімді кәсіп болары түсінікті. Жеңіл әрі пайдалы тағам ретіндегі құс етінің сұранысты өнім екені және белгілі.

«Сорқұдық» көлінің басында суға жүзіп, шүйгін шалғында емін-еркін жайылып қоңданған қаз үйректің орнын енді біршама уақытта қорадағы балапандар басады. Қазір демалыста тұрған инкубатор іске қосылып қора жаңа балапандарға толады. Құс шаруашылығы осылайша тиісті ырғағымен жұмыс істей бермек. Инкубатор шкафының әрбіріне 800-дей жұмыртқа өсіріледі екен. Қаз жұмыртқасы 30 күнде, үйрек жұмыртқасы 27-28 күнде жетіледі екен. Инкубаторда температура, ылғалдылық бақыланып тұруы тиіс. Оны қадағалайтын технолог маман да бар. Бір сөзбен айтқанда құны 600 млн.теңгеге түскен құс өсіру шаруашылығы діттеген мақсатқа жеткенге ұқсайды. «Бәрі жақсы» дейді құс өсірушілер. Көл басындағы қаз-үйректер үшін де әзірге бәрі жақсы…
Ж.ҒАППАРҚЫЗЫ