QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

ШЫНДЫҚ ШЫҢЫРАУДАН ДА ШЫҒАДЫ…

Автор:QAA.kz

Янв 22, 2021

Жарты ғасырдан аса еңбек өтілімім бар ұстазбын. Осы ұлы
мамандықтың бағасы, нәтижесі, беделі, өлшемі, келешегі-шәкірттерімен анықталады. Ұлы Абай айтқандай: Шәкіртсіз ұстаз -тұл.

Еліміздің түкпір-түкпірлерінде еңбек еткен сансыз шәкірттерімді айтпай-ақ, осы Сыр елін­дегілердің кейбіреулерін ғана атайын. Олар: ғылым докторлары, профессорлар Мақсұт Досжанов, Бағдат Кәрібозұлы, Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев, жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлер: Ғани Қазантаев, Мұрат Тілеулиев, Темірхан Кенжебаев, облыс әкімі Қуанышбек Досмайылұлы Ысқақов, ақындар: Дүйсенбек Аяш,
Айдос Рахметов т.б. Бір Алла куә шәкірттерімнің біразы билік
басында болғандарымен, біреуінің алдына өтінішпен барған емеспін,
тек олардың абыройларына тілеуқормын.

Бұрынғы облыс әкімі Қ.Д.Ысқақов қамауға алынды деген хабарды естігенде санамды торлаған сансыз ойлар шырмауында қалдым. Япырмай, атам қазақ тектіден текті туады деуші еді ғой. Әкесі Досмайыл аға көп жылдар ағаларым полковниктер Мылтықпай Пейісов, Хамит Әбенов, Төлеш Әлиев, Мәжит Құдайбергеновпен қызметтес болған, абыройлы жоғарғы шенді милиция қызметкері. Қуанышбектің өзі Ауғанстанда қан кешкен жауынгер, үздік студент болған. Жоғары білімді: инженерқұрылысшы, бухгалтер-экономист,заңгер, өмір жолында қарапайым жұмысшыдан бастап, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарында салық комитетін абыроймен басқарған, 2019-шы жылдың маусым айынан бастап облыс әкімі, көп перзентті 8 баланың әкесі, 85-тен асқан ананың ұлы, отбасының отатасы еді ғой. Облыс халқына берген жылдық есебінде елдің ризашылығына бөленген-ді. Бұл — мүмкін емес, өйткені оның адалдығына сенгенім сонша, сот процесі оның пайдасына шешілу керек деген үміт ойымнан кетпеді. Кенеттен, бірнеше айға созылған тергеу аяқталып, Сайдуллаев Абдуллажанның төрағалығымен аяқталған сот шешімі бәрімізді белгісіз заң соқпақтарына жетеледі. Батыр Бауыржанның заңға бағынған құл болмайды деген тұжырымы ойға оралып, заңды соттан артық кім біледі дегенге тірелдік.

Қалай болғандада “жел болмаса шөптің басы қимылдамайтыны” сынды қарапайым аксиоманы еске алсақ, сот шешіміне күмән келтірушілер жеткілікті. Қ.Ысқақовты жақсы білетін ел ағалары, жоғары лауазымды қызмет атқарған азаматтар: Қ.Баймаханов, И.Әбибуллаев, Д.Ысқақов, Қ.Әжібеков, Қ.Хайруллаевтар әлеуметтік желіден өз пікірлерін ортаға салып, істі қайта қарауды сұрауда. Қ.Ысқақовтың заңгер қызы Айдана, 85 жастағы анасы, жұбайы президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа
өтініш-мәлімдеме жасап, сот үкімін қадағалап, заңды әділ шешім болуын өтінуде. Біз де соған қосыламыз. Қуанышбек шәкіртіме айтарым: жігерінді әділдіктің қайрағына жани бер, мұқалма, елің, халқың сен жағында.

Тарих дәлелдегендей шындықты шыңырауға шегендегенмен, ерте ме кеш пе оның адалдық айдынына шығатыны анық. Адал еңбегімен, парасат пайымымен, білімдарлығымен өсіп келе жатқан Қ.Ысқақов сынды шәкіртім әділетсіздіктің құрбаны
болмаса екен деген тілек қолыма қалам алдырды. Пенделердің іс-әрекеттерінің барлығы Алланың пәрменінде екенін, теріс дүниелерімізге оның алдында ерте ме, кеш па жауап беретінімізді ұмытпайық. Біздер асыққанмен Алла асықпайды…


Қазыбай ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры.
«Ерен еңбегі үшін» медальінің иегері.

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *