Білек күшімен канал қазып, егін салып ел ырысын тасытқан байырғы диқан ауылдың бірі Шіркейліде күрішші жастар бригадасы құрылыпты. Өңіріміз «Ырысты күрішті — Қызылорда» аталып даңқы өрлеген кешегі Кеңес үкіметі тұсында кіріштен мол өнім жинап, Еңбек Ері атанған Балдырған Мұстафаеваның ізін жалғастыруға талаптанған жастар бригадасы егін еккен алқапқа арнайылап бардық.
Ауыл әкімі Талғат Құламқадіровтен егін бригадасы ауылда жұмыссыз жүрген жастардан құралғанын білгенбіз. Жігер-күші бойында тулаған, тепсе темір үзетін жастардың жұмыссыз болғаны қиын әлеуметтік жағдай екені белгілі.
Сырдариялықтардың жастар жылында қолға алған бастамаларының бірі жастар еңбек бригадалары осы түйткілді мәселені шешудің бір шарасы десе де болады.
Заманында ауыл-ауылда жастарды еңбек майданына бірлестірген жастар бригадасын қайта түлету бастамасы қаншалықты нәтижелі болмақ? Ол алдағы уақыт еншісінде. Ал қазір, екі қолға бір күрек таба алмай дағдарған жастардың бұл тобының тұрақты жұмысы, тұрақты табысы бар. «Жас келсе іске» дегендей құрбы-құрдаспен бірлескен еңбек шаршатса да жалықтырмайтынға ұқсайды. Мұны жастар бірлестігіне қолдау көрсетіп, ұйтқылық жасап басы-қасында жүрген ауыл әкімі Т.Ізтайұлымен әңгімеден пайымдадық. Жастар бригадасы жұмылған еңбектің нәтижесін көзбен көрмекке егін алқабын бетке алдық. Жастар бригадасының егін алқабы ауылдан 6 шақырымдай қашықтықта орналасқан «Сазкөл» учаскесінде екен. Тез-ақ жетіп қалдық.
Бір шеті сонау көкжиекпен астасқан кең алқап егістіктің қай тұсында жүргенін біле алмадық, жас диқандармен кездесудің сәті түспеді. Дегенмен, диқандар бригадасының жетекшісі десе болғандай жас агроном Жазылбек Абдикадировпен жолымыз тоғысып, жұмыс барысынан бірер сөз лебіздесе алдық. Еңбек адамы биік мәртебеленген Кеңес заманында Еңбек Ері атанған шопан Жазылбек Қуанышбаевпен аттас жас агроном жастар бригадасының алғашқы қадамы оң болып, егістік шығымы жақсы екенін жеткізді. Жас диқандар бригадасының құрамында 2 звено бар екен. Әр звенода звено жетекшісінен басқа және 2 күрішшіден бар. Бастамалы жылы әр звено 120 гектардан күріш егіпті. Уақытылы тыңайтқышпен қоректендіріп, тиісті агротехникалық шаралардың жасалуымен, жас диқандардың еңбегінің нәтижесі тиісті күтіммен егін жақсы өсіп жетіліпті. Әне-міне орақ түспекке қараған.
— Қазіргі уақытта күріштіктің суын байладық. Тамыздың екінші онкүндігінде орақ түседі деп межелеудеміз. Гектар түсімділігі 50 центнерден кем болмайды деп отырмыз. Биылғы егіншілік маусымында су тапшылығы болмағандығы да өнімділікке жол ашты,- дейді агроном жігіт. Агроном күрішші жастардың еңбекке ықыласпен жұмылғаны да өз нәтижесін бергенін жеткізді. «Жастардың еңбекке ықыласы жақсы»,- дейді ол.
Жастар бригадасында 2 звено күрішшілермен қабат жас механизаторлар да бар екен. Күні бүгіндері де егінші ауылдардың кейбірінде кездесетін ауыл шаруашылығы техникаларын меңгерген жас мамандардың жетіспеушілігі деген мәселеден бұл ауыл ада көрінеді.
Шіркейлі жастары қатарында ауыл шаруашылығы техникаларының құлағында ойнайтын жастар қатары да баршылық екен. «Жас механизаторларымыз жеткілікті»,- дейді ауыл әкімі бұл орайда. Жастар бригадасының құрамында да 4 механизатор жұмыс істейтінін білдік. Бұлар комбайншылар Батыржан Алиханов, Еркін Айтқожаев, тракторшылар Ділдәбек Әбдіқалықов, Нарұл Тәңірбергенов. Күрішшілер қатарында Қанат Ахметов, Нұрбол Алиханов, Нұрболат Әбеков, Асылхан Мәліков, Айдос Асқаров, Асхат Файзуллаевтар еңбек етуде екен. Қанат Ахметов пен Асылхан Мәліков жастар бригадасының звено жетекшілері.
Агроном Жазылбек Абдикадиров бұл алқапта және бүкіл Шіркейлі ауылының шаруашылықтарының барлығында күріштің «Лидер» сорты егілгенін айтты.
Иә, ауыл шаруашылығы құлдырауға ұшыраған сонау жылдары тұқым шаруашылығы да тұралап қалғаны белгілі. Сол кездері «Маржан» сорты ауруға шалдықты, «Кубань» көнерді» деп жүріп, жергілікті диқандар алыстан арбалап әкеліп Краснодардың күріш тұқымдарын еге бастаған. Көнерген «Кубанның» орнын «Лидер», «Янтарьлар» басқалы да бірталай жыл. Кейінгі жылдары Жақаев атындағы күріш ғылыми-зерттеу институты күріштің жаңа сорттарын шығарып, оларды тәжірибеден өткізіп жатқандары да бар. Дегенмен, олардың өндіріске кеңінен енгізіле қойғаны сирек. Бірер шаруашылықтардың «Қаз Ер-5», «Қаз Ер-6», «Айсәуле» сорттарын жылма-жыл егетіні бар екен. Дегенмен, облыс шаруашылықтарында көбіне-көп Краснодар сорттары қолданыста. Сондай-ақ, өзбекстандық күріш сорттары елеулі қолданыста көрінеді. Кейінгі 2-3 жылда экспортқа деп ирандық күрішті егіп беріп жатқандар да бар.
Бір сөзбен айтқанда краснодарлық сорттардан басым түсетін күріш болмай тұр әзірге.
Мүмкін «Маржан» сынды жергілікті сорттың даңқын жаңғырту бастамалары баянды болса Шіркейлідегі жас диқандарға бұйырар. Қалай болғанда да ақ күріштің атасы Жақаев жолын жалғастырған шіркейлілік жастарға сәттілік!
Әне-міне орақ түскелі тұрған алтын аймақ жастар бастамасының баяндылығын айғақтағандай…
Ж.АЙМАҒАНБЕТОВА