QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

Шиелі шырайлы ма?

ByQAA.kz

Қаз 28, 2020

Облыс көлемінде жыл басынан бері атқарылған жұмыстар сарапқа салынып, әкімдер өздері басқаратын аудандағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен тоғыз айлық қорытындыны баяндауда. Қызылордаға тиесілі аудандардағы жылдық өсім қалай, ендігі бағыт қандай деген сауал біразды толғандырары айқын. Мәселен, кай бағытта да көш басынан көрінетін Шиеліні айталық…

Қамбарбек Мүбараковтың Шиелі ауданының әкімі лауазымына ие болғанына да 9 айдың көлемі болыпты. Осы уақыт аралығындағы ілгерілеушіліктер мен қандай қарқын бары тұрғындарға мәлім. Алайда, іс жүзінде атқарған тірлігін әкім сөз жүзінде мәлімдеп те үлгерді.

Аудан әкімінің сөзінше, 9 айдың қорытындысымен 26 млрд. 676 млн. теңгені құрайтын бюджет 99,5 пайызға орындалды. Жыл соңына дейін жоспарға сәйкес 100 пайызға орындалады деп күтілуде.

Осыған дейін ауыл шаруашылығы саласындағы басшылық қызметі әсер етті ме, мұнда да аталған саланың дамуына көп күшін жұмсаған сыңайлы. Көрсеткіш құптарлық, дәлел жеткілікті. Биыл ауыл шаруашылығы саласы бойынша 29 461 гектар жерге егін егіліп, одан 23 млрд. 129,4 млн. теңгенің өнімі өндірілген. Демек, өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіш 104,0 пайызға артты.

Тіпті, саланы ілгерілету мақсатында көршілес мемлекетпен әріптестік бағыттағы келісім шарттардың жүзеге асуына мүмкіндік туған. Өзбекстан Республикасының компаниясымен ауданның 3 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері бірлесіп, 60 гектар жерге алма бағы бой көтеріп, жүзім және одан өзге жеміс ағаштары отырғызылған.

Шиелі тұрғындарына бұйырған өнімдер өзгелерге де жеткілікті мөлшерде жеткізілген.Мәселен, аудан бойынша өндірілген 120 тонна ақ күріш, 451 тонна көкөніс, 1855 тонна бақша дақылдары Ресей және Қырғызстан елдеріне экспортталған. Күмән болмасын, сырт мемлекеттерге ғана емес, өз еліміздің де өзге облыстарын аталмыш аудан азық-түліктермен қамтамасыз етті. Қызылордадан өзге облыстар мен қалаларға 390 тонна ақ күріш, 430 тонна қарбыз, 1500 тонна қызанақ пен 875 тонна жоңышқа шөбі жіберілген.

Шиелі ауданында мемлекеттік бағдарламалардың жүргізілуі мен жүзеге асырылуы да жоспарға сай. Көпқабатты тұрғын үйлермен аулаларын және аллеяларды абаттандыру жұмыстарына биыл басымдық берілген. Мөлтек аудан мен кент көшелерінің түнгі жарық бағаналары да ауыстырылған. Бірқатар елді мекендерге ауыз суды жеткізудің алғашырттары жасалып, толық газдандыру мәселелері де жолға қойылған.

Аудан тұрғындарының игілігі үшін қызмет жасайтын бірқатар нысандар да бой көтерді. Осы жылы 3 сауда және 1 күріш ақтау зауыты құрылысы аяқталып іске қосылса, сәтін салса салынған басқа да сауда саттық бағытындағы ғимараттар пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

Әлеуметтік нысандардың қатарын толықтыратын білім ошақтарынан 1 мектеп күрделі, 1 мектеп ағымдағы, 2 балабақша ғимарттары күрделі жөндеуден өткізілген. Сонымен қатар, «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы бойынша 1 мектеп күрделі жөндеуден өткен. Мұның өзі оқушылардың білім алуы жолындағы игі қадамдардың бірі деуге және мемлекеттік бағдарламалардың орынды игерілуіне дәлел деуге болатын сыңайлы.

Эпидахуалға сәйкес аудан оқушыларын қашықтан білім беруге қажетті құрал жабдықтармен толық қамтамасыз ету мәселесі де жолға қойылған. Облыстық білім басқармасы тарапынан 730 планшет бөлініп, жарамдылығы тұрғысынан сараптамалық комиссиядан өткізіліп пайдалануға берілді. Аудандағы аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға және сұранысқа сай үлестірілген.

Аудан көлемінде жүзеге асырылған кезекті жұмыс – Сырдария өзенінен өтетін қалқымалы көпірді күрделі жөндеуге 103,0 млн.теңге қаржы қаралып, құрылыс жұмыстары аяқталған.

Спорт саласы да ілгері дамудан тыс қалып жатқан жоқ. 9 ауылдық округке спорт алаңдары, 14 ауылдық округке ойын алаңдары салынуда.

– Шиелі ауданы әрдайым тұрақтылық пен ынтымақтың жоғарғы үлгісін көрсетіп, мемлекеттік бағдарламардың өз мерзімінде жоғары дәрежеде орындалуына өзіндік үлесін қосып келеді. Елімізде жасалып келе жатқан жұмыстардың барлығы тұрғындар үшін, халық игілігі үшін атқарылуда. Алда күтіп тұрған іс те, жұмыс та жеткілікті, – деген аудан әкімі Қ.Мүбараков бүгінге дейінгі атқарылған шаруаларды осылай қортындылап, алда да біршама жоспарлар бар екенін атап өтті.

А.ӘЛИАРЫСТАН

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған