"Ақмешіт ақшамы"

Сарқылмасын Сыр-Ана!

ШИЕЛІ ШЫРАЙЛЫ БОЛДЫ МА?

ByQAA.kz

Қаң 13, 2022

Қызылорда облысы қай бағыттан алсақ та жылдан жылға жақсы көрсеткіштерімен, жағымды жаңалықтарымен мұндағы тұрғындарды ғана емес, ел көпшілігін де қуантып келеді. Облыс орталығынан тыс, аудандарға да тиісті жағдай жасалып келеді. Ертедегі ауылдың көрінісі емес, заманға сай дамудың үлгісін біздердегі аудандардан да аңғаруға болады. Халықтың тұрмысына қолайлы жағдай жасалып, сұраныстарына сәйкес қажеттіліктердің ескеріліп жатқаны да бар. Алайда, тиісті қаржыны орынды игеріп, сауатты жұмыс істей білу әр әкімге жүктелгенімен, олардың арасында лайықтысы қанша деген сауал туындары белгілі. Осы орайда, облыс аудандарының әкімдерінің қызметтерін бағалауға болады. Әкімнің аяқ алысын халық қана бағамдап, лайықты көрсеткішін анықтай алады. Дегенмен, өткен жылы сынға іліккені болмады. Оны жыл бойына атқарған жүйелі жұмыстары айғақтайды.

Құрметті оқырман!

Аудандарда атқарылған жұмыстар газетіміздің әр санында ақпараттандырылуда. Басылымның осы санына да өткен жыл көлемінде әкімдердің жасаған жұмыстарына шолу жасадық. Осы орайда аудан басшыларына лайықты баға беріп, олардың әр бастамаларына пікір білдірулеріңізге болады.

 Редакцияның сайты: qаa.kz немесе a_akshamy@mail.ru. Байланыс телефоны: 23-16-08

Өткен жылдың жазында әкімі ауысқан аудандардың бірі – Шиелі болды. Облыс әкімінің өкімімен және Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі мен Шиелі аудандық мәслихатының келісімдерімен Шиелі ауданының әкімі лауазымына Мақұлбеков Нариман Әскербекұлы тағайындалды. Түрлі қызметтерді істеген ол әкім болғанға дейін Қызылорда облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары қызметін атқарып келді. Аталмыш аудан басқасынан ілгері не кері емес, көшпен ілесе қалыппен даму үстінде. Әдеттегі іс шараларды өткізіп, аудан әкімі әр сала өкілдерін марапаттауды ұмыт қалдырмайды. Арасында тиісті жиындарға қатысып, әртүрлі тақырыптарды талқылауға да салады. Еңбек жолына мән берсек, бұл Нариман Әскербекұлының әкім қызметіне алғаш келуі. Сондықтан да болар, Шиелінінің шырайы уақыт өте келеді деген сенім басым.

Әкім ауысқалы ауданда атқарылған ірі жобалардың бірқатарына тоқталайық. Өткен жылдың соңында облыс әкімінің қатысуымен Ш.Қодаманов елді мекеніне жүргізілген газ құбыры және кварталішілік газ тарату желісінің ашылу салтанаты өтті. «Ауыл–Ел бесігі» жобасы аясында іске асқан газ жүргізу жұмыстарына 400 млн теңгеден аса қаржы жұмсалған. Көгілдір отын пайдалануға берілер сәтте ауыл тұрғындары от жағып, күл шығарудан көрі үйлерін заман талабына сай жылытатындарына риза болысты.

Ауданға қарасты ауылдарда жағымды жаңалықтар жоқ емес. Мәселен, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» авто дәлізі бойының Ақмая ауылына қарай кіре беріс тұсынан жаңа төлқұжаттың құрылысы жүргізілді. Құны 6 млн 638 000 мың теңгені құрайтын құрылысқа аудандық мәслихат депутаты, «Ақмая» шаруа қожалығының төрағасы Д.Жұмабеков демеушілік еткен. Одан өзге Керделі ауылдық округі Н.Бекежанов ауылында мемлекеттікжекешелік әріптестік аясында спорттық сауықтыру кешені салынды. Бұл спорт кешенінде 14 адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Нысанда шағын футбол, волейбол, күрес, бокс және жаттығу залдары бар.Аталған ауылда қуанышты жаңалық бұнымен шектелмеді. Жақында көгілдір отынға қол жеткізген ауыл тұрғындары бұл игілікті іс үшін де алғыстарын жаудырды.

Аудан әкімінің сөзінше, жыл бойына тұрғындар үшін шапағаты мол жұмыстар да аз болмады. Мәселен, қайырымдылық шаралары жиі өткізілген. Жыл басынан 1600-ден астам отбасыға 21 млн. теңге көлемінді түрлі көмектер көрсетілген. Бұл істерден аудандағы өндіріс орындары мен мекемелер де қалыс қалмай, 250-ден астам отбасына еріктілердің тікелей ат салысуының арқасында азық-түлік себеттері үлестіріліпті. Сонымен бірге «Қазақстан халқының бірлігі күні», «Құрбан айт» мерекесі, «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы, «Алтын күз» мерекесі қарсаңында тұрмысы төмен 1400-ден астам отбасыға азық-түлік, тұрмыстық заттар, көмір, мектепке қажетті құралдар көмек ретінде таратылған. Нариман Әскербекұлы әртүрлі салада серпін барын да қуана айтады. Әсіресе, «Дипломмен ауылға» жобасы аясында Шиелі ауданында 97 маманға барлығы 424 млн. 424 мың теңге қаржы бөлініп, тұрғын үй сатып алу үшін кредит түрінде берілген. Сондай-ақ, әкім Шиеліде кент және 22 ауылдық округтердің бюджеттерінен 221 млн 503 мың теңге қаржы кіріс түскенін алға тартты.

Демек, аудан дамуы қандай бір нысандардын ашылуымен және құрылыс бағытындағы жұмыстардың реттелуімен ғана емес, әртүрлі негізде де дамуда. Бастысы, ауыл халқының тұрмыс сапасы жақсы деңгейде болып, даму сатысы көпшілікті қуантарлықтай болғаны жөн.

А.ӘЛИАРЫСТАН

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған