Қызылорда қаласының іргесінде орналасқан 70 жылдан аса тарихы бар Тасбөгет кенті қазірде қанатын кеңге жайып, біршама игілікті істердің куәсі болып келеді.
30 мыңға жуық тұрғыны бар Тасбөгет кенті әкімі Пакуатдин Шамұратов Елбасының “Әлем өзгеріп келеді: алға тартқан озады, кейін кеткен тозады” деген сөзін негізге ала отырып, алғашқылардың бірі болып Оупен спейс форматына ауысып жатыр. 2018 жылдың қорытындысымен қала ауылдары мен кент әкімдері арасында үздік әкім болған Шамұратов халыққа бар жақындығын, ашықтығын көрсетіп, қыштан тұрғызылған әкімдік ғимаратының ішкі қабырғаларын құлатып, орнына әйнек қабырғаларды орнатты. Қазірде өзге әкімдер жасамаған жұмысты жас болса да алғашқы болып бастаған Пакуатдин Шамұратовтың бұл бастамасы басқалар үшін үлгі болары анық.
Оупен спейс – ашық кеңістік. Яғни, бұл формат арқылы кент тұрғындары әкім және оның қызметкерлерімен ашық түрде тығыз байланыста бола алады. Бұл форматқа ауысқаннан кейін халық алғашқыда күмәнмен қараған. Қалай жұмыс жасайды дегендей сұрақтар да туындаған. Әдепкіде осындай сұрақтардың ойға келетіні шүбәсіз. Себебі, ылғи да қоршаулы жабық кабинетте отыратын басшылар, бір сәтте жан-жағы ашық әйнек қабырғаларда қалай отыратыны расында да таңқаларлық.
Бүгінде әкімдік қарапайым халыққа жер учаскесін алу үшін кезекке қою, жер учаскелерінің нысаналы мақсатын өзгертуге шешім беру, елді-мекенде объектілер салу, қашық елді мекендердегі балаларды мектепке тасу және кері қарай үйлеріне тегін тасымалдауды ұсыну секілді мемлекеттік қызметтерді көрсетіп келеді.
Халықпен ашық түрде байланыс орнатқысы келген әкімдіктің бұл ісі құптарлық екен. Бұл мемлекеттік органдар мен тұрғындар арасындағы кедергілерді сәл де болса сейілтуге септігін тигізеді. Ашық кеңістік арқылы қарапайым тұрғын мұндағы қызметкерлердің жүргізіп жатқан жұмысын өз көзімен көріп, құлағымен ести алады. Бір жағынан сыбайлас жемқорлыққа да жол берілмейді. Себебі, ел мүддесі үшін мемлекеттік қызмет атқарып отырған әрбір азамат халықтың көз алдында болып, тығыз байланыс орнатып, жемқорлықсыз таза қызмет етуі керек.
Сонымен қатар, ашықтық пен жариялылыққа ұмтылған әкімдіктің алдағы жоспарларының тағы бірі кенттегі халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысын оңтайландыру. Себебі, әкімдікке келіп, жеке куәлігіңізді берсеңіз болды мекен-жай анықтамасы тағы да сол секілді, сізге қажет барлық құжаттарды әкімдіктен-ақ алуға болады. Әкімдікте отырған халыққа қызмет көрсету орталығының маманы бір күнде қызметіне жүгінген 20-дан аса тұрғынның жұмыстарын бітіріп беріп отыр. Демек, халыққа қызмет көрсету орталығы ғимараты үшін кететін коммуналдық шығындарды қаржы жағынан үнемдеу. Кент әкімі алдағы уақытта “Онлайн режим арқылы сот жүйесіне қатысу” қызметін орналастыруды жоспарлап отыр. Демек, сіз табан тоздырмай, өз уақытыңызды да зая кетірмей онлайн түрде сот жүйесіне қатысып пікір білдіріп, нәтижесін анықтауға мүмкіндік ала аласыз. П.Шамұратов мұның барлығы тұрғындардың уақытын үнемдеуге және оларға барынша қолайлы жағдай жасау мақсатында жасалып жатқандығын жеткізді.
Кентте халық саны өскен сайын, көрсетілер қызметтің де көп екендігі мәлім. Міне, әкімдікке бас сұққан қарапайым халық пен мүмкіндігі шектеулі жандарға дейін жасалған мүмкіндіктер арқылы олар халыққа барынша шынайлығы мен адалдығын көрсетуде. Алғашқы болып игі бастаманы бастаған кент әкіміне тұрғындар тарапынан алғыстар да айтылуда.
Т.КЕНЖЕБАЕВА