Асылбек Өмірбекұлы Шәменов 1978 жылы Қызылорда облысының, Жалағаш ауданында дүниеге келген.

1999 жылы Алматы мемлекеттік университетін «Халықаралық туризм»мамандығы бойынша бітірген;

2004 жылы – Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін «Газ және мұнай кен орындарын игеру» мамандығы бойынша;

2014 жылы-Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін «Техника және технология» мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын 1999 жылы «Қызылорда интеграция» ЖШС-де менеджер лауазымынан бастады.

2000-2006 жж. «Жібек-жолы» компаниясының туризм жөніндегі менеджері,

Қызылорда қаласын газдандырудың салынып жатқан объектілері дирекциясының жетекші инженері;

 2006-2009 жж. Қызылорда облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық департаментінің жетекші маманы, бас маманы;

2009-2012 жж. Қызылорда облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бас маманы, бөлім бастығы;

2012-2015 жж. Қызылорда облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім бастығы, басқарма бастығының орынбасары;

2015-2018 жж. Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары;

2018-2020 жж. Қызылорда облысы жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы;

2020-2022 жж. Жалағаш ауданының әкімі;

2022 жылғы 28 сәуірде Қызылорда облысы әкімінің өкімімен Қызылорда қаласының әкімі лауазымына тағайындалды.

Елімізде әкімдік институты басталғалы бергі уақыт ішінде Қызылорда қаласында әкім болғандардың 13-шісі қазіргі Шәменов Асылбек Өмірбекұлының да қала басшылығына келгеніне жыл толыпты.

Жалпы ел басқаруда басшылық қызметтегілердің қызметін ай, тоқсан, жыл сайын жаңғыртып, саралап отыру бұрыннан қалған дәстүр, әлгі “ауру қалса да қалмайтын әдет” десе де болады. Бұл бір еріккеннен емес…

Белгілі бір уақыт қайсыбір басшының болмасын іскерлігін, қабілеттілігін, адамгершілігін де (қосып қояйықшы) байқататын өлшем. Осыған негіздеп қазіргі әкімнің жыл ішінде атқарған жұмыстарын жіпке тізіп жариялап жатырмыз…

Бұрын осы қаланы 8 жыл басқарған Н.Нәлібаев облыс әкімі болып тұрған тұста, әрі өзіне дейін аттарынан ат үркетін Ж.Шарипов, Б.Досманбетов, Қ.Баймаханов, А.Көшербаев, Ғ.Қазантаев, И.Оңғарбаев, М.Үдербаев, С.Қожаниязов, М.Жайымбетовтерден кейін әкім болу бәлкім Шәменовтің тағдыры десе де болады.

Қаланың мың сан шаруасына үлгірмей, не болмаса қалалықтардың бабын таба алмай, елден бағасын ала алмай жатса “бұл қызметке жас келдім” деп те оның ақтала алмайтын реті бар. Өзіне дейін әкім болғандардың арасында оның қала басшылығына келген 44 жасы орта жас. Өз әріптестері арасында С.Қожаниязов 42 жасында қала басқарса, қазіргі аймақ басшысы Н.Нәлібаев Қызылордаға әкім болып келгенде бар болғаны 37 жаста болғанына қарамастан қалада темірдей тәртіп орнатып, қаланың “іс үстіндегі бар қаймағын” қала тазалығына, қаланың өсіп-өркендеуіне жұмылдыра білген өнегесі Асылбек Өмірбекұлына да өмірлік тәлім болса керек. Бұлай айтуымыздың да жөні бар. Ол 2005-2018 жылдары қала әкімінің орынбасары болып сол кездегі қала әкімі Н.Нәлібаевтың қала басқаруындағы шеберлік мектебінде шыңдалғаны көпшіліктен жасырын емес.

Былтырғы жылдың көктемінде Нұрлыбек Нәлібаев аймаққа басшы болып келгеннен кейінгі оның алғашқы тағайындауларының бірі де Шәменов болғаны, әрі Асылбек Өмірбекұлын қала әкімі етіп тағайындағаны да бәлкім сол кездегі басшы-қосшы арасындағы өзара сенім қарым-қатынасы, нәтижесі, әрі оның қала өмірін көзбен көріп, Қызылорда қиындығын “қолмен” ұстағандығында болса керек.

Бүгінде қала әкімі болып қаланың бәлен көшесін жөндеп, мынша үйін жаңғыртып жаңалық жасай алмайсың… Мұның бәрін кезінде бастап кеткендер бар…

Сондай-ақ өндіріске енді бейімделіп келе жатқан Қызылорда жағдайында бәлен кәсіп, жаңа бір фабрика, зауыт та аша алмайсың. Ал сауда, мейрамхана, емхана дегендердің де лентасын талайлар қиып кеткен… Тұрғын үй құрылысына қарқын беріп, үйсіздерге баспана беру де алғаш өзіңе бұйырған бақ емес…

Шынын айтқанда бір өтпелі, өліара шақ… Бәлен жұмыссызға жұмыс тауып бердім деп жалпақ жұртқа жарияласаң, ең аржағы статтың мәліметіндегі тауық жұмыртқасын санап жүргендер жақ ашқызуы қиын.

Не істемек керек? Қайткен күнде де ел жадында қалар жақсы іс қайда бар? Қала әкімінің облысқа жиналысқа барып, тапсырма алатын, содан кейін қала активінің басын құрап өзі бұйыратын, көп жиыннан мойын босағанда ел қабылдайтын, әралуан іс-шараларға қатысатын, сырттан келген қонақтарды күтіп алып, шығарып салатын күйкі тірлігінен бөлек Шәменовтің шоқтығын биіктететін қандай іс бар? Бұл – Шәменовтің қазіргі ізденісі десе де болады.

Елмен кездескенде жылдар бойы көп игіліктен қағажу қалған елдің сұрамайтыны жоқ. Ал, оған қала бюджетінің қауқары шамалы. Автобус та проблема, жөнделмегенін айтпағанда, жөнделген көшелердің де халықтың көңілінен шықпайтыны бар, аяқ сумен қосыла ауыз су да жеткіліксіз, жеткені – халық айтуында “кока-кола”. Қаланың жаны көше мен автобус, жылу мен жарық, су мен көгалдандыруды түгендеп жүргенде адам тағдыры, қызылордалықтар әл-ауқаты, тұрмысы деген тағы бар. Осы қалада тұратын мұқтаждың, сырқаттың, жұмыссыздың мәселесін толық шешіп бермеген күнде де, олардың мұңын мұқият тыңдамаса тағы болмайды….

Шәменовтің Шәменов болған шындығы тым әріде… Туғанына 110 жылға таяп қалған атасы Мөрәліден басталады. Ресми ақпараттар бойынша МӨРӘЛІ ШӘМЕНОВ 1916 жылы Қызылорда облысы Жалағаш ауданында туған. Соғысқа дейін бастауыш мектеп мұғалімі, гидротехник, почта қызметінде басшы болған. Ұлы отан соғысы аяқталғаннан кейін партия қызметкері, журналист, қоғам қайраткері, ауыл шаруашылығының өңдірісші маманы болған атасы әскери ерлігі мен еңбектегі қызметі үшін «Ленин», «Қазан төңкерісі», Ұлы Отан соғысының 1 және 2 дәрежелі ордендерімен, «Қызыл жұлдыз», сондай ақ «Құрмет белгісі» және басқа да көптеген медальдармен марапатталған. ҰОС ардагері әскери барлаушысы да болған, ержүрек жауынгер соғыстан кейін қызметін Шығыс Германияда жалғастырған. Туған халқы үшін аянбай еңбек азамат есімі ескеріліп, 1994 жылы өзі 20 жыл басқарған ауылына Мөрәлі Шәменовтің есімі берілген. «Қазпошта» АҚ атақты Мөрәлі Шәменовтің 100 жылдық мерейтойына арналған «Естелік және мерейтойлық күндер» сериялы пошталық марканы айналымға енгізді.

Енді осы Мөрәлінің дүниеге келген жеті баласының жетеуі де осал емес. Бірі облыс әкімі орынбасары деңгейіне дейін көтеріліп мемлекеттік қызметте мерейлілер болса, бірі ғылымда ғалымдардың жоғары деңгейі докторлықты қорғағандар. Қай жағынан болса да мықты, ірі көкелер мен тәтелердің жеткен биігінен төмен түспеу Өмірбекұлының өзі үшін үлкен сын. Ал, өз әкесі Өмірбектің де өміржолы көпке өнеге. Укипедияны ашсаңыз ол туралы былай дейді:

Өмірбек Мөрәліұлы Шәменов –1953 жылы 11 наурызда Қызылорда қаласында туған. Қазақ. 1972 жылдан Қызылорда облысы Жалағаш ауданы[1]ның «Коммунизм» кеңшарында гидротехник.

• 1974 жылдан Кеңес Әскерінің қатарында қызметте.

• 1976 жылдан «Қызылорда-жөндеусуқурылыс» тресінің 9-ЖМК еңбек және жалақы жөніндегі инженері, экономист, шебер, учаске бастығы.

• 1981 жылдан Қызылорда облысы «Күрішкеңшарқұрылыс» тресінің 17-ЖМК бас инженері.

• 1983 жылдан Қызылорда облысы «Облжөндеуқұрылыс» тресінің РҚБ бастығы.

• 1985 жылдан Қызылорда авто-басқармасының Жалағаш АКК бастығы.

• 1987 жылдан Қызылорда облысы Жалағаш ауданындағы «Ком[1]мунизм» кеңшарының директоры.

• 1993 жылдан Қызылорда облысы М.Шәменов атындағы ұжымдық шаруашылығының (кейіннен – М.Шәменов атындағы ЖШС) төрағасы.

• 2007 жылдан Қызылорда облысы Жалағаш ауданының әкімі.

• 2010 жылдан бері Қызылорда облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бастығы. Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты (1999-2007). «Құрмет» орденімен (2001), «Тыңға 50 жыл» (2005), «Қазақстан Парламентіне 10 жыл» (2006) медальдарымен марапатталған.

Ата ғұмыры да, әке өмірбаяны да Асылбек Өмірбекұлының ғұмыр-баянында қайталанатыны сөзсіз. Ол да солар сияқты еңбек жолын менеджерліктен бастап қызмет баспалдағымен бірте-бірте өсіп қала басшысы деңгейіне жетті. Бәлкім алар асуы әлі алда. Өзі үшін атақ та, даңқ та таң емес. Ақша, дүние қат емес. Қолдаушыдан, тілекшіден құр емес. Тек ата жолына, әке атына дақ түсірмесе, Шәменовтер әулетінің жақсы атына шаң жұқтырмаса болғаны. Сол үшін де Қызылорданы қолайлы қалаға айналдыруға, қызылордалықтардың тұрмысын жақсартуға қызмет етіп жүр…

Айтпақшы, өзіне сенім білдірген аймақ басшысы Н.Нәлібаевтың сенімінен шығу да оңай тірлік емес…

С.БИХОЖА

Толық нұсқасын «Ақмешіт ақшамы» газетінен оқи аласыздар

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған