"Ақмешіт ақшамы"

Сарқылмасын Сыр-Ана!

СЕРМАҒАМБЕТОВ СЕНІМДІ АҚТАДЫ МА?

ByQAA.kz

Қаң 13, 2022

Қызылорда облысы қай бағыттан алсақ та жылдан жылға жақсы көрсеткіштерімен, жағымды жаңалықтарымен мұндағы тұрғындарды ғана емес, ел көпшілігін де қуантып келеді. Облыс орталығынан тыс, аудандарға да тиісті жағдай жасалып келеді. Ертедегі ауылдың көрінісі емес, заманға сай дамудың үлгісін біздердегі аудандардан да аңғаруға болады. Халықтың тұрмысына қолайлы жағдай жасалып, сұраныстарына сәйкес қажеттіліктердің ескеріліп жатқаны да бар. Алайда, тиісті қаржыны орынды игеріп, сауатты жұмыс істей білу әр әкімге жүктелгенімен, олардың арасында лайықтысы қанша деген сауал туындары белгілі. Осы орайда, облыс аудандарының әкімдерінің қызметтерін бағалауға болады. Әкімнің аяқ алысын халық қана бағамдап, лайықты көрсеткішін анықтай алады. Дегенмен, өткен жылы сынға іліккені болмады. Оны жыл бойына атқарған жүйелі жұмыстары айғақтайды.

Құрметті оқырман!

Аудандарда атқарылған жұмыстар газетіміздің әр санында ақпараттандырылуда. Басылымның осы санына да өткен жыл көлемінде әкімдердің жасаған жұмыстарына шолу жасадық. Осы орайда аудан басшыларына лайықты баға беріп, олардың әр бастамаларына пікір білдірулеріңізге болады.

 Редакцияның сайты: qаa.kz немесе a_akshamy@mail.ru. Байланыс телефоны: 23-16-08

Ауданда әкім тарапынан да, атқарылған жұмыстардан да біршама өзгерістер бар. Мамырдың мамыражай күндерінің бірінде ауданға жауапты басшы ауысып, аталмыш қызметке Серік Сермағамбетов тағайындалған болатын. Жылдың жартысынан бастап әкім қызметіне кіріскен соң, ол ауданда оң өзгерістердің орын алуына жұмыс істеп келеді.

Айталық, ауданның символы саналған балық пен тұз өндірісіндегі қарқыннан бастайық. 2021 жылдың 1-ші шілде айынан бастап ауланған балық 310 тонна болса, жыл басынан бері өңделген балық 2803 тоннаны құрады. Ауданда жылдық қуаттылығы 23 900 тоннадан астам 9 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді.9 айлық көрсеткішке көз жүгіртсек,Арал бойынша 542 612 тонна тұз қазылып, 209 тонна ет, 847 тонна нан және нан өнімдері өндірілген.

Салыстырмалы түрде қарар болсақ, өткен жылдың 9 айында 22 354 шаршы метрді құрайтын тұрғын үй пайдалануға берілсе, 2021 жылдың 9 айында 24 482 шаршы метрді құрайтын тұрғын үй пайдалануға берілген. Демек, бұл жұмыстың барысы 9,5 пайызға артқан. Жаңа жыл қарсаңында да бұл қуанышты жаңалық жалғасын тауып, облыс әкімі Арал қаласындағы тұрғындарға салынған 36 пәтердің кілтін табыстаған болатын.

Серік Сермағамбетов әкім болғалы мұнда ауыз су жүйесіне қатысты бірқатар мәселелер шешім тапқанға ұқсайды. Мәселен, Арал ауданында 50 елді мекен болса, оның 39-ы орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтылған. 10 елді мекен орталықтандырылмаған көздер және 1 елді мекен тасымал арқылы ауыз сумен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, Аққұлақ елді мекеніндегі ауыз су жүйелерін қайта жаңғырту және ескі су айдау стансасының ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары толықтай аяқталып, пайдалануға берілді. Әкімдіктегілер бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасын табатынын тілге тиек етті.

Жыл соңында аудан халқы куә болған жағымды жаңалықтың бірі – кварц құмын өңдейтін комбинаттың бірінші кезеңі іске қосылуы болды. Комбинатта жылына 120 мың тонна байытылған кварц концентраты мен құрғақ құрылыс ұнтақтары өндіріледі деп күтілуде. Нысан толық іске қосылғанда 70 жаңа жұмыс орын құрылады. Бұның өзі халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған негізгі жоба деп білген жөн.

Серік Сермағамбетов халықтың пікірі мен талабына құлақ асып,төмендетілген бағада өнімдерін ұсынатын әлеуметтік дүкеннің ашылуына да ықпал етті. «Жақсат» коммуналдық базары жанындағы екі қабатты ғимарат ішінен «Әлеуметтік дүкен» ашылған дүкенде 19 түрлі азық-түлік өнімдері көпшілікке қолжетімді бағада ұсынылуда.

Осындай ілгерілеушілік орын алған ауданда «әттегенай» дейтін тұсы болмады емес… Облысты ғана емес, республиканы уайымдатқан қуаңшылық зарбады мал басының артуына да зиянын тигізгені белгілі. Әйткенмен, жан-жақты қолдау білдірудің арқасында бұл проблема өз жүйесін де тапты.

Аудан әкімі осы уақыт аралығында пайдалануға берілген нысандардың ленталарын қиып ғана қоймай, елді мекеннің тұрғындарымен де жиі кездесуді әдетке айналдырды. Оларды толғандырған сауалдар бойынша жеке қабылдауларын өткізіп, базыналарына құлақ түруде. Бірқатар ауылдарды аралап, аудан орталығынан тыс шаруаларға да көз қырын салып қояды. Әкімнің әр бастамасына қолдау білдіретін Арал халқы жаңа әкімнің жұмыстары жүйелі болатынына сенім біл­дірген сынайлы. Жылы лебіз­дерін жолдап жүретін ондағы жұртшылық ауданның әлеуметтік, экономикалық жағдайының әлі де жақсаруына Серік Сермағамбетов себепкер болады деп ойлайды.

А.ӘЛИАРЫСТАН

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған