QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

Сапа, сапа және сапа!

Автор:QAA.kz

Июл 29, 2020

Тұрғылықты мекеннің көрінісі көз тоярлықтай болса, жергілікті тұрғындар үшін де ғанибет емес пе?! Ат терлетіп келген қонағының өзін кеудені мақтаныш керней аралатын бір қала бар бүгінде… Ол – Қызылорда…

   Облыс орталығының әкімі болған 7 жыл уақытта Нұрлыбек Нәлібаев қаланың бүге-шүгесін біліп, шұңқыры мен қуысынан хабардар болып, күрмеуі шешілуі тиіс сан мындаған мәселелерді уақытылы ретке келтіруде. Қала ажарының айшықталуы жолындағы биылғы қарқын да ауыз толтырып айтарлықтай. Мәселен, «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы негізінде бірқатар білім ордалары жаңарып, бірнеше кедір-бұдыр жолдар тегістеліп, спорттық-жаттығу алаңдары бой көтеруде.

 Қала басшысы жоспарға сәйкес жыл соңында аяқталуы тиіс бұл жұмыстарды әркез қадағалауда. Апта сайын әр нысанға табан тіреп, ондағы жұмыс жүйесінің сапасы мен жылдамдығына назар аударуда. Бұл жолғы сапардың алғашқысы – қаланың батыс бөлігіне қарай орналасқан «Ақмешіт» мөлтек ауданына бағытталды.  

   Қала басшысы №28 үйдің ауласына салынған балалар ойын алаңын көріп, көпқабатты үй ауласындағы тұрғындармен тілдесті. Ондағы тұрғындар жаңарған алаң балалардың қауіпсіздігі үшін тиімді, әрі тұрғын үй ауласының сәнін де кіргізді деседі. Алайда, алғыстан бөлек, ұзын-сонар өтініш те кезегімен ағылды дерсіз… Әрине, әдеттегідей… Құптарлық… Халқына жақын болған әкіммен тікелей кезіккенде олар базынасын айтуға да құқылы. Бірақ, қандай?!

— Мына үйдің аулаларына ағаш егіп, көркейтуді қолға алсаңыздар…

— Аялдама салынып жатыр, бірақ әлі толық аяқталмады

 Түйін – пікір айтылу керекке саяды. Бұл жазба арқылы тұрғындардың талап-тілектерін орынсыз деуден аулақпыз. Алайда, «қала келбетінің келісті болуы жолындағы қолдан келетін ортақ істі неліктен бірігіп жүзеге асырмасқа?!» деген ой туындайды.

Әкімнің жауабы да ұтымды…

Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев:

— Қала бойынша биыл 70 аялдама салынуда. Оның бірі сіздердің мекен-жайларыңызға тиесілі. Алайда, бұл да уақытты талап ететін жұмыс екенін түсінсеңіздер деймін. Ретімен жүзеге асырылады. Алдағы 10 күннің ішінде аяқталуы тиіс.

 P.S: Бәлкім, аялдама жұмысы тоқтап тұрса, тұрғынға бұны айтар әңгімеге арқау етуге жарасымды болар ма еді?!

Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев:

— Ағаш егуге қатысты ұсынысыңызды қарастырамыз. Қаланы көгалдандыру бағытындағы жұмыстар тиянақты жүргізілуі тиіс және бұған басымдық та берілуде. Алайда, қаламыздың тазалығы мен көркейту бағытындағы жұмыстар баршаға ортақ. Қоқыстарды арнайы жәшікке тастап, әр тұрғын есігінің алдына 3 ағаштан егіп, оның күтіміне күнделікті зер салса нәтижесі белгілі. Қызылорда қаласын көгалдандыру жолындағы ортақ міндетті осылай жүзеге асыру да құптарлық іс .

Одан бөлек, тұрғындар аулаға орындық орнатып, қоқыс жәшіктерін орналастыруды және газон төсеуді сұрайды. Әкім олардың пікірін тыңдап, жауапты сала басшысына аталған мәселелерді тамыз айының 1-не дейін тәмамдауды тапсырды.

Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев:

— Шындығында, аулаға қатысты өзге де қосымша жұмыстар жоба аясында қарастырылмаған. Әйткенмен, біз тек міндеттелген жұмыстармен шектеліп қалмаймыз. Нақтырағы, спорт және ойын алаңдары салынып жатқан аулалардағы тазалық жұмыстары, жөнделуі тиіс құрылғылар және сіздердің тараптарыңыздан айтылған өзге де мәселелер назарға алынады. Бұл – менің бақылауымда және сіздердің алдарыңызда сала мамандарына қайта тапсырдым. Алайда, өздеріңіздің тараптарыңыздан бұл атқарылған жұмыстарды бағалап салынған, әрі жаңарған алаңдарды күтіп ұстауларыңызды сұраймыз, — деп қала басшысы да тұрғындарға өтінішін жеткізді.

  Қала төңірегінде 30 ойын және 3 стритбол алаңдары салынуда. Сонымен қатар, 60 алаңға жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Одан өзге жоба аясында 18 нысанның құрылыс жұмыстары аяқталса, 12 алаңның жұмыстары әлі жалғасын табуда.

Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Елмұрат Рахматуллаев:

— Балаларға арналған тағы 2 стритбол алаңы салынуда. Бұхарбай батыр көшесі №113 Г мекен-жайына тұрғызылатын стритбол алаңының құрылысына бүгінде мердігер мекеме анықталып, құрылысы басталды. Жобаны жүзеге асыруға жауапты «СпецСтрой ЛТД» ЖШС. Қазіргі уақытта ГПС, Грави салынып, асфальт төселді. Қажетті жабдықтарға Алматы қаласына тапсырыс берілген болатын. Спорттық жабдықтар енді жеткізіледі. Сондай-ақ, Тасбөгет кентінде орналасқан стритбол алаңының да құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде. Нысанға тас төселіп, қажетті спорт жабдықтарына тапсырыс берілді.

  Осы сарындағы жұмыстардың орындалу барысын көрген әкім Ғ.Мұратбаев көшесіндегі спорт-жаттығу алаңына да аяқ басты. Жобаға жауапты «Ақмар и К» ЖШС атқарған жұмысқа оң бағасын берді. 18 адам салған жаттығу аймағында спорттық құрылғылардың түрлісін кезіктіруге болады.

«Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы негізінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан бірқатар білім ордалары бар. Бірі — Ж.Махамбетов атындағы №43 мектеп. Нұрлыбек Нәлібаев қала төңірегін кезекті аралау барысында аталмыш білім мекемесін де назардан тыс қалдырмады.

  1987 жылы негізі қаланса да, бірнеше жылдан кейін күрделі жөндеуден өтіп жатқан білім ошағы биыл жаңа күйге енбек. 1505 орынға лайықталған аталмыш мектепті тәмамдаған түлектер еліміздің әр бағыттағы ілгерілеуіне елеулі үлестерін қосып, сұранысқа ие маман атануда.  Әрине, себепкер – аталмыш мектептің бас ұстазы Бақыт Иманбердиева бастаған білікті де білгір мұғалімдері. Әр жыл сайын қала бойынша ғана емес, республикалық деңгейде үздік білім ұяларының тізімінен көрінетін бұл нысанның жөндеуден өтуі де заңдылық.  

Мектеп директоры Бақыт Иманбердиева әкімге нысанға тиесілі шешім тапқан мәселелерді тізіп, құрылыс жұмыстары өзінің де әркез бақылауында екенін жеткізді.

Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев:

— Мектеп бірнеше жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген. Сондықтан барлығын талапқа сай, әрі сапалы етіңіздер. Оқушылардың кедергісіз білім алуы үшін жағдай жасалу керек. Нәтижесінде, ата-аналар мен оқушылардың, елдің алғысын аласыздар. Білім ұясы оқу маусымына толығымен дайын болуы тиіс, — деген қала басшысы құрылыс заттарының сапасына да мән берді.

Қазір мұнда «ДаренСтройСервис» ЖШС-і есік, терезе, еденін ауыстыру және сыртқы фасадын әрлеу жұмыстарын тиянақты атқаруда. Сондай-ақ, жоспар бойынша 23 адам жұмыс істеу керек болған жобаға барлығы 25 маман қамтылған. Талапқа сәйкес, жаңа оқу жылына дейін бұл күрделі жөндеу жұмыстары аяқталады деп күтілуде.

 Нұрлыбек Машбекұлы бұл ретте «Жұмыспен қамту 2020» және «Нұрлы-Жер» бағдарламалары аясында кварталаралық жылуы жүйелерінің күрделі жөндеу жұмыстарымен де танысты.

Жалпы, күрделі жөндеуден өтіп жатқан 12 шақырым жылу жүйелерінің жұмыстарына 200 адам еңбек етуде. 20 жылдан аса уақыт пайдаға асқан жылу құбырларының 5 шақырымы «Қызылорда жылу электр орталығы» мекемесіне тиесілі қаражатымен ауыстырылса, 7 шақырым «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы негізінде жаңалануда. Әкім қала орталығындағы жұмыстар тұрғындардың қозғалысына еш кедергі келтірмеуі үшін, мерзімінде бітіруді тапсырды. Одан өзге бірнеше апта бұрын айтып келе жатқан «сапа» сөзін бұл жолы да қолданыстан шығармады.

А.ӘЛИАРЫСТАН

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *