Елімізде сайлауға қоғамдық мониторинг жүргізу мақсатында «Аманат» азаматтық алаңы құрылды. Бұл әділ, ашық сайлауға мүдделі Қазақстан азаматтарының тәуелсіз ерікті бірлестігі. Алдағы Президент сайлауының ашық әрі әділ өтуіне мүдделі кез келген ел азаматы осы ұйымға тіркеліп, бақылаушы міндетін атқара алады. Өткен сәрсенбіде Қызылорда қаласындағы Достық үйінде осы алаңды құрушы белсенді топ өз мақсат-міндеттерін ортаға салып, баяндап берді.
«Аманат» азаматтық алаңының бірінші отырысы 22 сәуірде Нұр-Сұлтан қаласында өтті. Осы кездесуде «Аманат» азаматтық тұғырнамасын құру туралы бастама көтеріліп, алдағы сайлауға қоғам қалай мониторинг жүргізе алатындай ұсыныстар жинау жарияланды. Қоғамдық штаб құрылды. Бүгінгі күні мүдделі азаматтар мен сарапшылардан 250-ден астам ұсыныс келіп түскен. Сарапшылар олардың ішінен ең өзекті деген бесеуін іріктеп алып, негізгі бағыттарды әзірледі.
Кездесуге аудандық штабтың басшылары қатысты. Әр ауданда штаб құрылып, мобильдік капитандар жұмыс істейді.
Сайлау үшін қажетті жағдай жасаудың 5 негізгі бағытын қамтитын тұжырымдама әзірленген. Сайлау бойынша мониторинг жұмыстарын жүргізетін «Аманат» азаматтық алаңы платформасы туралы Жандос Тұсмағамбетов 5 бағытты толықтай айтып берді. Оның айтуынша, «Аманаттың» бірінші бағыты сайлауды өткізуге дайындық. Бұл бағыт дайындық кезеңінің қоғамдық мониторингін білдіреді. Екінші бағыты сайлаушылардың өз құқықтары жайлы хабардар болуы. Сайлаушылардың құқықтық процедуралары, сайлау кезеңдері мен мерзімдері, кандидатты қолдау, оның бағдарламасы туралы ақпаратты алу және тағы басқа мәселелер бар. Бұдан бөлек, сарапшылар сайлаушылардың құқықтары бұзылса, ол туралы қайда және қалай хабарлауға болатынын түсіндіреді. Онлайн заңгерлік кеңес беру қызметі де болады. Үшінші бағыт адалдық. Қазақстанның барлық өңірлерінде, әрбір сайлау учаскесінде тәуелсіз бақылау желісін құру жоспарланған. Ал төртінші бағыт ашықтық. Соның аясында тәуелсіз диалог платформалары мен пікірталас алаңдарын құру жоспарланып отыр. Осы шараларға сарапшылар кеңінен тартылады. Ал бесінші бағытқа сәйкес, қоғам мен мемлекет арасындағы тең ынтымақтастықты құру жоспарланған.
Еліміздің барлық өңірлерінде жедел жұмыс істеу үшін «Аманат» азаматтық алаңының өкілдері анықталды. Барлық бағыттар бойынша халықаралық ұйымдармен, жергілікті жердегі сайлау комиссияларымен, жоғары сотпен, жергілікті атқарушы органдармен, бас прокуратурамен, кандиттардың сайлау алдындағы штабымен, бұқаралық ақпарат құралдарымен, ғылыми-сараптамалық қоғамдастық және азаматтық сектор өкілдерімен ынтымақтастық орнатылады.
Сайлау науқаны бойынша мониторинг жұмыстарын жүргізетін «Аманат» азаматтық алаңы бойынша Қызылорда облысы бойынша штаб жетекшісі Анар Изден ҚР президенті сайлауына мониторинг жүргізетін платформа институты Қазақстанда бірінші рет енгізіліп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, осы жолы Президент сайлауында 2 млн-нан астам жастар ең бірінші рет сайлау құқығын пайдаланады.
Сайлау науқаны бойынша жүргізетін «Аманат» азаматтық алаңы байқаушылардың жұмысы туралы «Қызылорда облысы Азаматтық Альянсы» Қауымдастығының төрағасы, штаб мүшесі Жандос Базартай мәлімдеді:
— Елімізде үлкен саяси науқан туындап отыр. Бұл мемлекет үшін тарихи сәт. Бүкіл халық сайлаудың ашық, ережеге сай өткенін талап етіп отыр. Азаматтық алаң бірнеше күн бұрын құрылды. Осы бастаманы үкіметтік емес ұйымдар қолға алды. Аталмыш алаң Қызылорда облысында да құрылып отыр. Бұл «Аманат» алаңына кез-келген үкіметтік емес ұйым мүшесі қатысып, сол сайлаудың өтуіне бақылаушы болуға мүмкіндігі бар. Облыс бойынша 366 сайлау учаскесіне 400 бақылаушы жұмыс жасайды деп жоспарланып отыр, -деді.
Спикердің айтуынша, 30 мобильдік капитан үшін Қызылорда қаласында 10 мамыр күні бір күндік оқыту курсы өтеді.
А. ОМАШ