QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

САҚТАНСАҢ ҒАНА САҚТАЙДЫ…

Автор:QAA.kz

Окт 22, 2020

Биылғы жылдың наурыз айында Австралия Ұлттық университетінің ғалымдары коронавирустың әлемдік экономикаға зардабы туралы сараптама жасаған болатын. Олардың пікірінше осы індет 15 млн. адамның ажалына себеп. Сондайақ әлемдік экономиканың жалпы ішкі өнімі 9 трлн. доллар зиян шегеді. Биылдың өзінде Қытай шығыны 1,6 трлн., АҚШ 1,7 трлн., Жапон елі 549 млрд., Үнді елі 567 млрд. доллар болады делінген. Сондай-ақ, басты проблема жұмыс күшінің тапшылығы. Ал оған қайтыс болғандарменен ауырып қалғандардан бөлек жұмыс істеп жүрген әйелдердің 60%-ның індетке ұшыраған туғантуысқандарының жағдайын жасау үшін үйде отыруға мәжбүр болатындығы да әсер етеді, дейді сарапшылар.

Енді осы қазан айындағы соңғы ақпараттарға келер болсақ, Джон Хопкинс университетінің мәліметі бойынша осы айда әлемде жетісіне 45 мың адам індеттен көз жұмған. Кешегі жұрт аурудан абыржыған шілде айының өзінде аптасына 43 мың адам қаза болған кезеңмен салыстырғанда, әрине, бұл жоғары көрсеткіш. Індеттен көз жұмғандар саны жөнінен АҚШ алда. Мұнда 218 мың адам, ал одан кейінгі Бразилияда 153 мың адам, Үнді елінде 111 млн адам, Мексикада 85 мың адам о дүниелік болған. Ауру басталғалы бері әлем бойынша 1 млн. 97,3 мың адам қайтыс болған. Жалпы ауру жұқтырғандардың саны 38 млн 854,4 мың жан. Соңғы күндері 400 мыңнан аса адам осы індетке шалдыққан.

Індет басталғалы бері ауру жұқтыру жағынан ел алдын бермей келе жатқан АҚШ-та науқастар саны 8 млн-ға таяп қалды. Қайтыс болғандар 217702. АҚШ-тан Үнді елі, Бразилия да қалыспай келеді. Ресей, Аргентина, Жапония, Колумбия, Франция, Перу, Мексикада коронавируспен ауырғандардың алғашқы ондығында. Халқы ауырып, шаруасы тұралап жатқан әлем елдері қарап жатқан жоқ. Әзірге емі болмай тұрған ауруға екпе табамыз деп те бір елдей кірісуде. Халық та індет алдында қауқарсыздық танытып, қапы қалғысы келмей, әралуан қарекеттер жасауда. Жасыратын несі бар, айтпай келген аурудың алғашқы толқынында қарапайым халықты айтпағанда мемлекет басшыларының өзі де ауруды жеңу жолдарына әралуан жорамалдар жасады. Мәселен, АҚШ Президенті Д.Трамп күн сәулесі ем деді. Басқаларға қарағанда өзін тым ақылды санайтын алпауыт ел басшысының бұл айтқанына намыстанған америкалық дәрігерлер оның бұл айтқанына мән бермей-ақ қою керектігін ескертсе, есесіне саясаткерлер көпке дейін Трампты ел алдына шығармай қойды. Не болса соны айта бермесін деп.

Кения елі астанасы Найроби мэрі пандемия кезіндегі азық-түлік пакетіне Hennessy коньягін қосты. Оның ойынша коньяк “өңешке санитайзер”. Іле-шала Hennessy компаниясы өкілі бренд өнімі де арақ сияқты ауруды жұқтырудан сақтай алмайтындығын ескертті. Сондай-ақ Дүниежүзілік денсаулық ұйымы да қайта-қайта спиртті ішімдіктер иммунитетті әлсіретпесе, коронавирустан қорғаныш еместігін еске салып жатты.

Ал, Грузияның бас эпидемиологы өздерінің дәстүрлі, градусы мықты чачасын ішкеннен гөрі оны антисептик ретінде пайдаланған жөн деді.

Беларусь президенті А.Лукашенко ішімдікті “өзім ішпеймін, алайда арақпен қол жуып қана қоймау керек” деп қалжыңдап, арақтың жанына моншаны қосты. Жалпы күніне 40-50 граммнан ішкен таза спирт вирусты өлтіретінін айтқан ол “Трактор мен егіс алқабы бәріне ем” деп еңбекті де насихатқа қосты.

Үнді елінің билік партиясының депутаттарының бірі сол елде қасиетті болып саналатын сиырдың үлкен, кіші дәреті ем дегеннен, ел астанасында сиырдың кіші дәретін қабылдаудан жаппай акция болып, 200-дей адам ішіп көрген. Тіпті тазартылған сиыр дәретінен жасалған, спиртсіз қол жуатын санитайзер де сатылымға шыққан. Харьян штатының Денсаулық сақтау министрі вирус ет пен жұмыртқадан тарайды деп, елді шөп-шалам жеуге шақырды. Құс еті мен жұмыртқа өндірісі төмендеп кеткеннен кейін, ел үкіметі бұл мәлімдемені жоққа шығарды.

Түрікмен елінің Президенті Г.Бердымұхамедовтың негiзгi мамандығы тiс дәрiгерi екенi ел iсiнде жоқ шығар. Қиын кезеңде бабалар дәстүрiн еске алып, адыраспан түтіні бәріне ем деді. Елдің алыс түкпірлерінде қойдың басы мен сирағынан сорпа даярлап індетке қарсы алдын-ала дайындалғандар да болды.

Шешен елінің бетке ұстар көшбасшысы Р.Қадыров лимонды балға араластырып ішіп, үйде отырғанда иммунитет жоғарылап, індет жоламайды. Сарымсақ та қанды тазартады деп кеңес берді.

Індеттің алғашқы толқынында тәжтажал аталған бұл індетті өзі де түсінгісі, елге де түсіндіргісі келгендер аз болған жоқ. Әрі, өз мақсаттарына пайдаланып, әлемге әмірліктерін жүргізіп көргісі келгендер де кездесті. Мәселен, Грузин елінің шіркеуі карантин ережесіне қарамастан діни дәстүрлерді орындап, жұртшылықты қорым басына бармауға шақырудан бас тартты. Тіпті, митрополит бала алдырту, күнәға бату, құндылықтардың құруы індет әкелді деді. Армения храмдарының бірі Facebookта ладан түтіні вирустан қорғайды десе, Танзания Президенті “коронавирус – ібіліс, ол шіркеулерде өмір сүре алмайды, жанып кетеді” деп жарнамалады. Бурунди елі Президентінің баспасөз хатшысы “Құдай бізді барлық пәледен қорғайды. Өйткені Бурунди – Құдаймен арнайы келісім-шарт жасаған” деп бөсті.

Бір қызығы коронавирустың жоқ екендігін дәлелдегісі келгендерге оның өзі оны іздеп келгендей жайлар да болмай қалған жоқ. Індеттің бар екені өтірік, Үкімет ел сайлау нәтижесіне араласпасын деп жұртты әдейі қорқытып отыр деп Үкіметке кінә артқан Иран журналисі осы індеттен көз жұмған. Ол өз сөзін дәлелдеу, әрі хайп үшін де мешіттегі қастерлілерді тілмен жалап шыққанын жазған…

Наурыз айында Юта Ұлттық баскетбол ассоциациясы ойын маусымын тоқтатқан. Команда ойыншысы індетке шалдыққан. Одан екі күн бұрын өткен баспасөз конференциясында журналистердің COVID-19 қауіпті емес пе деген сұрағына жауап ретінде журналистердің барлығының микрофондарын қолмен ұстаған. Сондайақ Украина Парламентінің мінберінен “ешқандай да індет жоқ, індет шенеуніктердің бастарында” деп сөз сөйлеген Жоғары Рада депутатының да жұқпалы ауруды жұқтырғаны белгілі болған. Сәуірдің 20-ларында Владикавказда 2 мыңға тарта адам “індет туралы биліктің өтірігіне” қарсы заңсыз митингіге шыққан. Митингіні ұйымдастырған қоғам белсендісі “әлемдік қастандыққа” қарсы шығып, індеттің жоқ екендігі туралы шындықты талап етіп, арнайы зонада ажалмен арпалысып жатқан дәрігерлерді Үкіметпен келісімге келіп, табыс тауып жатыр деп айыптаған. Көп ұзамай өзі де сол дәрігерлердің еміне мәжбүр болған.

Төтеннен келген індетпен, ажалмен арпалысқан алғашқы толқында осындай әралуан жағдайлар орын алғаны бүгінде жай ақпаратқа айналды. Билік те, халық та ауруды жеңуге тәжірибе жинақтады.

С.БИХОЖА

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *