QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

ҚҰРЫЛЫСШЫЛАР НЕ ДЕЙДІ?

Автор:QAA.kz

Сен 24, 2020

Қызылордаға қатысты қуана жеткізіп, балаша мәз болатын жағымды жаңалықтар жеткілікті-ақ. Сырдарияның бойында орналасқан қаланың зәулім ғимараттарына, заманауи және абаттанған келбетіне куә болып келеміз. Қуанарлығы, тұрғын үй құрылысына да басымдық беріліп келеді. Бұл деген өз үйіне тұрақтауды аңсап жүрген мыңдаған отбасының қуанышқа кенелуіне жағдай жасалып, олардың басты сұраныстары назарға алынды деген сөз. Салдарынан, облыс орталығының аумағы ұлғайып та келеді. Мәселен, соңғы жылдары мұнда 14 жаңа шағын аудан бой көтеріп, 10 мыңнан аса қызылордалық пәтер кілтіне ие болды.

Игілікке толы бастамалардың жүйелі орындалуына тұрғындардың бірлігі мен келісімі, қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың мардымды жұмысы мен орынды жоспарлары сеп болып келеді. Әкімнің мұрындық болуымен қаланың жаңа тынысы да ашылды. Бір кездері бос кеңістік болып жатқан кеңдала бүгінде зәулім ғимараттарымен сәнді орталыққа айналды. Сол уақыттарда көрікті қаланың бір бөлігіне айналады дегенде күмән келтірген кей тұрғындардың өзі сол жағалаудағы бүгінгі жетістіктерді мақтан тұтады. Жаңа қала құрылысына белсенді қатысу үшін бәрімізді Нұрлыбек Машбекұлының ынтасы мен іскерлік рухы жігерлендірді.

Аймақтың климаттық ерекшеліктеріне қарамастан, мұнда көппәтерлі тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар кезең-кезеңімен салынды.

Бір ғана сол жағалаудың өзінде 50 көп қабатты тұрғын үй пайдалануға беріліп, мыңдаған отбасы қоныс тойларын тойлады. Мұнда балабақшадан бастап, білім ошағы, заманауи үлгіде салынған университеттің ғимараты, түрлі саладағы жастардың басын біріктіретін орталық та салынды. Сондай-ақ, әлеуметтік нысандар да халық игілігі үшін қызмет көрсетуде.

Құрылыс маманы ретінде саланың қиындықтары барын жеткізгім келеді. Әрине, әр саланың өз ауыртпашылығы болары да айқын. Алайда, қаланың әр бағытына жауапты бір адамның құрылыс саласында атқарып жатқан ауқымды істері бағалауға тұрарлық.

Нұрлыбек Нәлібаевтың жоспарына сәйкес, сол жағалаудан әлі бірнеше тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары жүргізіліп, кезекте тұрған тұрғындар жеке баспаналарына қоныстанады. Салтанат сарайы мен мәдениет үйін салуды да жоспарлауда. Сондай-ақ, балалардың кедергісіз білім алуы үшін мектеп санын арттырып, балабақшаларды көбейтуді қолға алмақ.

Облыс әкімі Әбдіқалықова Гүлшара Наушақызы мен қала басшысы Нәлібаев Нұрлыбек Машбекұлының бірлігі, өзара сыйластықтары, біліктіліктері және жүйелі жоспарлары әрқашан біздің аймақ тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға үлес қосып, елді мекеннің өркендеуі үшін сеп болатыны айқын. Аталған мақсат бойынша қолға алып жатқан жаңа бастамалардан да хабардармыз.

Жасыратыны жоқ, осынша еңбекті көре тұра, соңғы уақытта жүгенсіз әңгімелерге уақыт құртып жүргендер де жетерлік. Осы мықты іргетасқа сызат түсіруге тырысатын азаматтардың әрекеттері орынсыз дегім келеді. Себебі, біз қала әкімінің облыс орталығының өркендеуі жолында жасаған табанды, жанқиярлық және қажырлы еңбегінің куәгеріміз.

Өзара сыйластық пен бірлікті басты негізге алып атқарған қос әкімнің ауқымды жұмыстарды, жаңа жобалар мен игі бастамаларды жүзеге асыратынына да сенімдіміз. Ол мындағы халықтың тіршілігі үшін де, облыс пен қаланың көз тоярлық келбеті үшін де тиімді.

М.Н.ЕСПЕНБЕТОВ «Қызылорда облыстық Құрылысшылар қауымдастығының» төрағасы

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *