QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

ӘРКІМНІҢ ДЕ БАР ТАЛАСЫ…

Автор:QAA.kz

Ноя 5, 2020

Көптен күткен сайлау науқаны да басталды. Бүгінде екінің бірінің әңгімесі осы жайлы. Амандық сұрасқандағы елдің алғашқы сұрағы «Сайлау қашан болады?» Мерзімі белгілі болған науқанның өту тәртібі де нақтыланды. Бір айтатыны, бұл сайлау расында да бұрынғылардан өзгеше. Оқырмандар сұрауына орай алдағы сайлаудың өту тәртібі мен мерзімі туралы ресми ақпаратты жариялап отырмыз.

Сайлау қашан болады?

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі және мәслихаттар депутаттарының кезекті сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспары бекітілді.

Қызылорда қаласы мен аудандарда сайлау округтерін құру туралы аумақтық сайлау комиссияларының қаулылары қабылданды. Ағымдағы жылғы 31 қазанға дейін сайлау округтері, олардың шекаралары, комиссия құрамы мен орналасқан жерлері нақтыланды.

Жоспарға сәйкес Парламент Мәжілісіне кандидаттарды ұсыну кезеңі ағымдағы жылғы 10 қарашада басталып, 30 қараша күні жергілікті уақытпен сағат 18.00- де аяқталады.

Маслихат депутаттығына кандидаттарды ұсыну 10 қарашадан басталып, 4 желтоқсанда жергілікті уақытпен сағат 18.00-де аяқталады.

Партиялық тізімдерді тіркеу 10 қарашада басталып, 10 желтоқсан күні жергілікті уақытпен сағат 18.00-де аяқталады.

Сайлау алдындағы үгіт 10 желтоқсанда жергілікті уақытпен сағат 18.00-ден кейін басталады және 9 қаңтарда жергілікті уақытпен нөл-нөл (00.00) сағатта аяқталады.

Учаскелік сайлау комиссиялары 26 желтоқсаннан кешіктірмей сайлаушылар тізімдерін танысу үшін сайлаушыларға ұсынады.

Дауыс беруге арналған сайлау бюллетеньдері учаскелік сайлау комиссияларына 2021 жылғы 7 қаңтардан ерте емес және 9 қаңтардан кешіктірмей жеткізіледі.

— 9 қаңтар тыныштық күні;

— 10 қаңтарда жергілікті уақытпен сағат 7.00 ден — 20.00 дейін жүреді.

Партиялық тізімдер бойынша сайланатын Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлаудың қорытындыларын сайлау өткізілген күннен бастап жеті күндік мерзімнен кешіктірмей, яғни 2021 жылғы 17 қаңтардан кешіктірмей Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы анықтайды.

Ал, мәслихаттар депутаттарын сайлау қорытындыларын сайлау өткізілген күннен бастап бес күннен кешіктірмей, яғни 2021 жылғы 15 қаңтардан кешіктірмей тиісті аумақтық сайлау комиссиялары анықтайды.

Саяси партиялар саны қанша?

Бүгінгі таңға Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 6 саяси партия тіркелген:

1. «Nur Otan» халықтық-демократиялық партиясы;

2. «Ақ жол» демократиялық партиясы;

3. «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы;

4. «Бірлік» партиясы;

5. «Қазақстан коммунистік халықтық партиясы»;

6. «Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы».

Бюллетенді бүлдіріп алма

Сайлау кезінде саяси партиялар өз кандидаттарын партиялық тізіммен ұсынады.

Бірлескен сайлауда облыс, қалалар мен аудандарда дауыс беретін азаматтарға үш бюллетень беріледі. Біреуі – мәжіліс, екіншісі – облыстық мәслихат, ал, үшінші бюллетень қалалық немесе аудандық мәслихат депутаттарын партиялық тізіммен таңдауға арналған.

Осылайша, үш бюллетень бөлек саналып, нәтижесі де бөлек шығарылады.

ДЕПУТАТ САНЫНЫҢ ШЕГІ БАР

Сайланатын жергілікті мәслихаттар депутаттарының санын айқындау осы жылғы 11 қыркүйектегі Орталық сайлау комиссиясының Қаулысымен бекітілді.

Қызылорда облысы бойынша, облыс, қала және аудандар мәслихаттарында сайланатын депутаттар саны– 152 болып айқындалды.

Облыстық мәслихат депутаттығына – 33 мандат, Қызылорда қаласы – 22 мандат, Арал, Қазалы, Шиелі, Жаңақорған аудандарында – 15 мандаттан, Қармақшы ауданында – 13, Жалағаш, Сырдария аудандарында – 12 мандаттан шектері айқындалды.

ЖАРНАПҰЛ АЗ ЕМЕС

Партиялық тізім бойынша мәслихат депутаттарына сайлау алғаш рет өткізіліп отырғандықтан, сайлау жарнасын барлық партиялар енгізеді. Партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялар өз қаражатын жергілікті атқарушы органдардың шотына партиялық тізімге енгізілген әрбір адам үшін заңда белгіленген ең төменгі жалақының бес еселенген мөлшерінде сайлау жарнасын енгізеді, яғни 212 500 теңге сайлау жарнасын енгізеді (42500*5=212500 теңге).

Кез-келген байқаушы болмайды

Сонымен қатар шет мемлекеттің, халықаралық ұйымның байқаушысы, сондай-ақ шетелдік бұқаралық ақпарат құралының өкілі Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі берген аккредиттеу туралы куәлігі болған кезде сайлауда байқауды жүзеге асыра алады. Оларды аккредиттеуді жүргізу 4 қаңтарда cағат 18.00-де аяқталады.

Облыс бойынша 385 сайлау комиссиясында 2817 мүше жұмыс жасайды. 9 аумақтық сайлау комиссиясы, 376 учаскелік сайлау комиссиясы жұмыс атқарады. Облыстық бюджеттен комиссия мүшелерін электоралды оқытуға 32 млн. теңге қаржы қаралып, 1176 комиссия мүшелерін оқыту қараша айының 10 мен 20 аралығында каскадты әдіспен өткізіледі.

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *