2021 ж. Сәуір 14

Әрбір отбасының жағдайын білуіміз керек

– Қызылордада жасалып жатқан жұмыс­тарды көріп қуандық. Қайда жүрсек те Қызылордаға тілектеспіз. Қызылорданың дамығанына, халқының жағдайының жақсар­ғанына қуанамыз – деп лебіз білдіріп өтті сөз басында әлеуметтік сала министрі.

– Елбасы, мемлекеттің жүргізіп отырған саясаты қазақстандықтардың тұрмысын жақсартуға бағытталғанының дәлелі. Әлемде қанша дағдарыстар, күйзелістер болып жатқанмен Қазақстан өзінің әлеуметтік саясатынан айныған жоқ. Соңғы жеті жылдың өзінде елімізде бюджеттік мекеме қызметкер­лерінің жалақысы 4 мәрте, яғни 2,5 есеге өсті. «Nur Otan» партиясының съезінде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Үкіметке, жергілікті атқарушы билікке халықтың жағдайын одан әрі жақсарту шараларын жүзеге асыру жөнінде және халыққа түсіндіру жөнінде тапсырма берген болатын.

Елбасы тапсырмасына сәйкес 1 маусымнан бастап білім, денсаулық сақтау, мәдениет, өнер, спорт, әлеуметтік қорғау салаларының қызметкерлерінің жалақысы орта есеппен 15 пайыздан 30 пайызға дейін көбейтіледі. Біздің болжамымыз бойынша бұл шара ең кем дегенде 1 млн. 100 мыңға жуық қазақстандық­тарды қамтиды. Бұған қосымша бюджеттік мекемелерде істейтін (мысалы, сантехник, ұста, электрик т.б.) жұмыскерлердің жалақысы 30 пайызға көбейтіледі. Сондай-ақ, жергілікті әкімдіктерде, халықпен жұмыс істейтін қызметкерлердің де жалақылары 25 пайызға көбейтіледі. Бұл шарамен де кем дегенде 78 мың қазақстандық қамтамасыз етіледі деп болжамдап отырмыз. Қазіргі таңда тиісті құжаттар дайындалуда. Ең бастысы қаржымен толығымен қамтамасыз етілген.

Аз қамтамасыз етілген, көпбалалы отба­сыларға берілетін атаулы әлеуметтік көмекті тағайындаудың талаптарының өзгеруіне байланысты айтсақ. Өздеріңізге белгілі, бұл қаражат өткен жылы 40 пайызға, биылдан бастап 50 пайызға көтерілген. 1 сәуірден бастап 70 пайызға көтерілетін болады. Бұрын әрбір отбасы мүшесіне 14849 теңге бөлінетін болса, қазір 20789 теңгеге дейін көбейтіледі. Біздің болжамымыз бойынша  бұл шарамен кемінде 830 мың қазақстандық қамтылады. Оның 63 мыңнан астамы қызылордалықтар. Бұл қаражат әрбір 18 жасқа дейін балаларға, егер отбасында студент болса 23 жасқа толғанға дейін төленеді. Әкесі мен шешесіне жәрдемақы бұрынғы тәсілмен, яғни күнкөріс деңгейімен отбасының табысына сәйкес төленеді. Кейінгі кездері халық тарапынан отбасылардың табысын есептегенде жәрдемақылары есептелуіне байланысты көптеген арыз-шағымдар, талаптар түсуде. Осыны ескере келіп, 1 сәуірден бастап көпбалалы отбасы­лардың алатын жәрдемақысы, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері алатын жәрдемақы, мүгедек балаларға алатын жәрдемақы, стипендия отбасының табысы ретінде есептелмейді.

Сонымен қатар халықты әуре-сарсаңға салмай жағдайын жасау маңызды. Біздің Министрлікте «E-Halyk» деген электрондық жүйе жұмыс жасайды. Жергілікті жердегі жұмыспен қамту орталықтары әкімдіктермен бірігіп тиісті құжаттарды, мәліметтерді басқа мемлекеттік органдардан алады. Яғни, «E-Halyk» жүйесі арқылы мемлекеттік органдармен электрондық байланыс нәтижесінде халыққа ауыртпалық түсірмей тиісті құжаттарды өзіміз жинайтын боламыз.

«Nur Otan» партиясының съезінде Елбасы әлеуметтік көмек ең бірінші мұқтаж жанұяларға төленуі керек деген болатын. Осыған байла­нысты біз жергілікті билік өкілдерімен бірге әрбір отбасының тұрмысын зерттейміз, соған орай көмек көрсетіледі.

Жалпы біз бүкіл Қазақстан бойынша әрбір отбасының жағдайын білуіміз керек. Соған орай тиісті көмек көрсетеміз.

Отбасы бюджетіне нақты қанша қаражат түседі дегенді түсіндіру үшін айталық. Мысалы, 4 баласы бар жұмыссыз жалғызбасты ананың отбасының осы уақытқа дейінгі алып келген жәрдемақысы 63 мың 740 теңге болса, жаңа өзгерістерге байланысты 1 сәуірден бастап балаларына 103 мың 945 теңге алатын болады. Оған қосымша ананың өзінің жұмыссыздығына байланысты алатын жәрдемақысы бар. Яғни, осы уақытқа дейін алып келген жәрдемақысы сақталады. Нақты айтқанда бұл отбасының алатын жәрдемақысы 114 мың теңге болады.

Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балалардың  жәрдемақысы да көбейтіледі. Бұл жәрдемақы 1 маусымнан бастап 10 мың теңгеге көбейеді. Бұл шарамен шамасы 100 мыңға жуық бала қамтылады. Ең басты мәселе, әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасыларын жұмыспен қамту. Мұны Елбасы талайдан айтып жүр. Қазіргі кезде елімізде көптеген бағдарламалар жұмыс жасауда. Кәсіп жасаймын дегендерге грант, жеңілдетілген несиелер беріледі. Грант мөлшері 505 мың теңге. Жастарға, мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларға көмектесу үшін грант саны 10 мыңға дейін көбейтілуде. Сондай-ақ, жеңілдетілген несие көлемі көбейтіледі. 500 мың теңгеден 6,5 млн. теңгеге дейін. Егер үлкен жоба болса 21 млн. теңгеге дейін өсіруге болады.

Сонымен бірге, мүмкіндігі шектеулі балала­рын қарап үйінде отырған аналарға кәсіп ашуға көмектесу шарасы жасалады. Жергілікті билік, бизнес өкілдерінің демеушілігімен мысалы, тігін тігетін, ас пісіретін құралдар алып беріп, олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға мүмкіндік жасау керек. Осы жұмысты жүйеге келтіру үшін жергілікті билікпен келісе отырып бірыңғай пакет жасадық.

Кәсіпорындардың, шаруашылықтардың, кәсіпкерлердің  қолдауларын пайдалануымыз керек. Осы мәселе жөнінде Үкіметте өткен Мәжілісте Қызылорда облысында жүргізіліп жатқан жұмыстар басқа өңірлерге үлгі ретінде айтылды. Жаңа біз Жезқазған трассасы бойында салынып жатқан үйлерді көрдік. Бұл құрылысқа жерлесіміз тек Қызылордаға ғана емес, басқа өңірлерге де көмегін тигізіп жүрген Болат Өтемұратов демеушілік жасауда. Құрылыс жұмысына Өтемұратов қорынан 450 млн., жергілікті бюджеттен 225 млн. теңге қаражат бөлінді. Егер басқа облыстарда салынатын үйлердің 1 шаршы метрі 160-180 мың теңге болса, Қызылорда облысында 70 мың теңге. Бұған құрылысшылардың да үлесі бар. Сондай-ақ, арзандатылған құрылыс материалдары пайдаланылады.

Осы орайда Қырымбек Елеуұлы, құрылыс­шыларға: «Сіздер бұл құрылыстан пайда табуды ойламаңыздар. Пайдаларыңыз мұқтаж адамдарға жасаған көмектеріңіз» дегенін жеткізді. Біз бұл жұмысты әрі қарай да жалғас­тырамыз. Ең негізгісі барлығымыз бірігіп жұмыс жасайық.  Билік пен қоғам бірігіп жұмыс істесе, қоғам мүшелері барлық мүмкіндікті пайдаланса нәтижеге жетеміз, – дей келе Б.Сапарбаев:

– Қызылорда облысына тарихи күні келіп отырмыз. Бұқаралық ақпарат құралдарынан хабардар болғандарыңыздай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы  дүние­жүзінде болып жатқан жағдайларды ескере келе, еліміздің әрі қарай дамуын, тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында Елбасымен ақылдасып 9 маусымда кезектен тыс Президент сайлауы өтетінін жариялады. Біз осы саяси шарада қызылордалықтар әр уақыттағыдай бірлігін көрсетеді деп ойлаймыз. Қызылордалықтар әр уақытта мемлекеттің саясатын қолдайды деп сенім білдіреміз, – деп алдағы саяси науқанның алғы шарты сайлауалды насихаттан да хабар беріп қойды.

Қызылорда облысына іс-сапарынан

Ж.АЙМАҒАНБЕТОВА

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған