QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

РАДИОНЫҢ ДА КӨШЕСІ БАР

Автор:QAA.kz

Окт 8, 2021

Қолда тұрған қалтафонның картасы да «ауышты». Саяхат 11 көшесін іздеп, сахараны бір кезгендей болады екенсің. Сөйтсек тұрған жері де орталық емес екен.

Бұл көшенің атауы бұрын Саяхат 11 деп аталатын. Жақында ғана елдің ірі қалалары НұрСұлтан мен Шымкентте «Қазақ радиосының» 100 жылдық мерейтойына арнап, көше атауларын берген еді.

Біздің қала да қалыспады. Өйткені 1921 жылы радио ашылып, елге хабар таратып, бірнеше жылдан соң қазақтың астанасы біздің Сыр еліне ауысқан еді. Радио да біздің қалаға бөтен емес-ті. Өйткені нақ осы «Қазақ радиосының» даму жолының бір бөлігі біздің өңірде өткен.

Сонау бала кезден «Әуе толқынында Қазақ радиосы» дегенді естігенде тым-тырыс, құлағымызды ашып отыратынбыз. Жіптей сымнан зор дауыс болып шығатын радионың құдіретін жұртшылық соғыс кезінде білді. Өйткені теледидар болса да көптің үйінде жоқ. Ал газетті оқу үшін уақыт керек еді. Радио болса құлаққа жетіп, әр адам өз шаруасын атқара беретін.

Бүгіннің өзінде Қазақ радиосының тыңдармандарының 30 пайызы көлік жүргізушілері. Жол жүріп радио тыңдағанға не жетсін… Бұл радиода М.Мақатаев, Ш.Қалдаяқов сынды өнердің қырандары қызмет қылыпты. Шараға жиналған жұрттар осының тарихын, журналистика ардагерлерінің сөзін қызықтап, әр айтқан естеліктерінде қалып кеткендей…

Қаладағы Қоғамдық телеарнаның құрылтайшысы Ш. Әбдікәрімов өлеңдетіп тұрып радио жайлы сондай көркем естеліктер айтып, бабадан қалған радионың әуезді дауысын суреттеп бергені сол еді, жерден ұшып, ғаламды ұмытқандай болдық. Осы көше атауын беруге арналған шараға келерде көп ойланыпты. Ақыры мынадай ой айтып кетті. Әбдікәрімовтың пайымынша бұл Қазақ радиосы көшесінің артықшылығы болу керек. Ал ол артықшылықты үкімет ұйымдастырып бере алады. Ол не десеңіз, бұл көшенің кіре беріс бағанасына радионы, дыбыс ұлғайтқышты орнату керек дейді ақын журналист. Расында, бұнысы ой-ақ. Кезіндегідей жаздың кешкі самалында жұрт бағана астына құлақ тосып, әуезді әуен мен жаңалықтар тыңдайды ғой.

Шарада әншілер әнін шашып, көшенің тұрғындарын қызықтырып, бір ортаға жинады.

Көше атын қойғанша асфальт төсесе қайтеді дегендердің болатыны анық. Ондай да қалаулар болды. Бәлкім, алдағы уақытта тегістер, тас төсер, асфальтын да төгер.

Бұл шараға сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет, «Қазақ радиолары» ЖШС Бас редакторы – «Қазақ радиосының» директоры Дулат Абибуллаев, «Қазақ радиолары» ЖШС Стратегиялық дамыту қызметінің жетекшісі Мұхамедияр Рашай, облыстық «Qyzylorda» теларнасының директоры Жағыппар Қарабала және Сыр елінің зиялы қауым өкілдері қатысты. Зиялы қауымды алыстан-ақ танисың. Киімі де, жүрісі де, сөйлесуі де тым бөлек қой шіркін.

 — Сіздерді Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен тұспа-тұс келген Қазақ радиосының 100 жылдық мерейтойы және Радио қызметкерлері күні мерекесімен құттықтаймын. Өткен ғасырдың басында астана Орынбордан Қызылордаға көшкенде, Қазақ радиосы Қызылорда қаласына қоныс аударып, ұлтымыздың рухани дамуына сүбелі үлес қосты. Ұлт руханиятын көздің қарашығындай сақтап, радио тарихының алтын шежіресін жасаған барша қызметкерлердің еңбегі орасан зор деп білемін. Бүгін облыс орталығында Қазақ радиосына көше беріліп отыр. Бұл – Сыр елінің төл радиоға деген үлкен құрметі», – деді облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет.

Сонымен қатар Дулат Абибуллаев Сыр елімен Қазақ радиосының тағдыры тарих парақтарында тоғысқанын айтып, Қазақ радиосының құрметіне көше беріліп жатқандығы үлкен құрмет әрі мәртебе екенін жеткізді.

Енді бұл көшеге қысқа жол болса да көпшілік айналып барады. Мынау Сұлтан Бейбарыс даңғылының бойындағы, Сығанақ базарына барар жолда жер үстінде үлкен құбырлар жыланша сүйретіліп жатыр. Кішкентай көліктер астынан зуылдап өтіп, бірден топ ете түссе, үлкен көліктер айналып баруға мәжбүр. Бұл созылған құбырларды құртып, жер астына жіберіп пе, өзге де амалдарын қымбат болса да қарастыру керек-ті. Себебі, Бейбарыс бабаның көшесінің жолы тар. Құбыр құрыса, жолды да кеңейтуге болады.

Д.АМАНГЕЛДІ

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *