Осыдан бір ай бұрын қала әкімі Нұрлыбек Машбекұлы қала төңірегіндегі жұмыстардың жүргізілу барысын өз нысанасына алған болатын. Көзге іліккен кемшіліктерді атап, тиістілерге тапсырмаларды тізіп тапсырған еді.
Нәлібаев назарына алған һәм қаланы гүлдендіру жолындағы биылғы жоспарына бекіткен өзекті мәселе – жол. Қалаішілік одан қалды қалаға қарасты ауылдық округтер мен кенттердің кедір-бұдыр, жауынды күндері лайдан көз ашпай, асфальтті ансаған көшелерді талапқа сай ететініне уәде берген еді. Одан өзге де қаланың көне әлеуметтік нысандары мен көпқабатты тұрғын үйлерге де жөндеу жұмыстарын жүргізуді бас жоспарлардың тізіміне қосқан болатын. Нәтиже бар. Жылдың жартысына аяқ баспай-ақ, аталған бағыттағы жұмыстар жүргізілуде. Тіпті, дүниені дүр сілкіндірген індет белең алса да…
Алайда, қалай? Заңдылықтар мен ережелер қаншалықты ескерілуде? Бөлінген қыруар қаржы талапқа сай жұмсалуда ма?
Осы сауалдарды негізге алып, жұмыстардың жүргізілу барысымен тікелей танысып, сыни ескертпелерін тізген әкім жауапты мердігер мекемелердің мамандарымен кездесу ұйымдастырды. Мақсат – оларға тиесілі жұмыстардың өз дәрежесінде орындалуын талап ету.
Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев: – Бүгін жөндеуден өтіп, жаңадан салынып жатқан жолдар ұзақ жылдар бойы елге қызмет етуі керек. Қала – біздің ортақ үйіміз. Ортақ үйіміздің көркеюі үшін аянбай еңбек етулеріңіз қажет. Бұл жұмыстардың маңыздысы халықтың көңілінен шығып, сапалы орындалуы. Мемлекет қазынасынан бөлінген әр тиынның сұрауы бар.
Сондай-ақ, «Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020» жобасы аясында жұмыссыз жүрген қызылордалықтардың қамтылуын тапсырды.
Бағдарламаның негізгі мақсаты – жұмыссыз қала тұрғындарының жұмысқа орналасуына қолдау көрсету болып табылады. Сол себепті Сіздер, бірінші кезекте Қызылорда қаласының азаматтарын жұмыспен қамтуларыңыз керек. Яғни жұмысшылардың 50 пайызы жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар қатарынан болуы тиіс. Сондықтан, ол орталықпен күнделікті тығыз байланыс орнатып, қажетті шараларды қабылдаңыздар, – деді қала басшысы Н.Нәлібаев.
Бұл тапсырмалардың орнымен орындалуын тек қала әкімі ғана қадағалауға алып қоймайды. Бұл тізімде Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасымен арнайы құрылған топ та бар. Ал топ құрамын «Нұр Отан» партиясы мен мәслихат депутаттары, Қоғамдық Кеңес мүшелері, қоғам белсенділері және қала тұрғындары толтырады. Жобалар аясында қала төңірегінде жасалып жатқан жұмыстарды пысықтап, деңгейі мен нәтижесін таразылайды.
Галстуксыз өткен бейресми кездесуде қатысушылардың барлығына сөз алуға мүмкіндік берілді. Олар ретімен түрлі ұсыныстарын айтты, мәселелерді ортаға салды және шешілуі үшін өз пікірлерін жеткізе білді.
Айта кетейік, қалаға қарасты барлығы 260 көшеге жол салынады. Оның 210-ы орташа жөндеу, яғни асфальт салынса, 50 көшеге қиыршық тас төселеді. Сонымен қатар, жаяу жүргіншілер жолдары да салынады деп жоспарлануда.
А.ӘЛИАРЫСТАН