QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

«ҚҰР ПИАР» ҚИЯР БОЛМАЙДЫ

Автор:QAA.kz

Мар 1, 2019

Қияр мен қызанақ көпшілік қолданыстағы көкөністер екені белгілі. Көктем шығып жер қыза салысымен ауласында бақшалығы бар жұртшылықтың қолына кетпен алып диқаншылыққа бет бұрғанда егетіні де көбіне-көп қияр мен қызанақ. Көктемгі базарда оңтүс­тіктен жеткізілетін қызанақ көше­тінің саудасы қызып жататыны бар. Жергілікті бақшалық жеміс берем дегенше көбіне-көп жаз ортасынан ауады. Өйткені көктемгі егіншіліктің ауа райы құбылыстарынан кешеуіл­деп қалатыны да сирек жайт емес. Соңыра сонау шілде, тамыздағы молшылыққа дейін бақшашыға да, басқа тұтынушыға болса да базар­дағы өніммен қанағаттануға тура келеді. Бірақ базардағы өнім шіркін­нің бағасы дәстүрлі «огурцы поми­дор салатын» жеңсік асқа айнал­дыратыны рас.

Базардағы баға қазір де ұшып тұр. Өйткені ел асып, жер асып келетін, оның үстіне жылыжай өнімі, оның үстіне қат өнім арзан болсын ба? Жазғы, күзгі базарда күн нұрымен пісіп, жер нәрімен жетілген бақшалық өнімдерімен таласа ал­май­тын жылыжай қияр, қызанағы­ның бағасы бүгінде шарықтап кеткен. Келісіне мың теңгеге жете қоймағанмен, соған жуықтап, келі­сіне 900 теңгеге дейін болып тұр. Үйдің жанындағы кішігірім дүкен­дер де, сауда орталықтары да, базарлар да «ұйымдасқан түрде» бір бағаны ұстап тұр. (Кейде ғана 800-850-900 теңгенің аралығында).

Халық күнделікті тұтынатын азық-түлік өнімдерін арзандатып береді дейтін әлеуметтік дүкендерде қияр, қызанақ түгілі картоп, сәбіздің де болмай қалатыны бар екен. Күні кеше Қызылорданың орталық базары — ескі базар аумағында орна­ласқан әлеуметтік дүкенге бас сұққанымыз­да осындай жағдайға кез болдық.

Әйтеке би көшесі бойындағы базар аумағында орналасқан екі бірдей дүкенде осындай жағдай. Әлеуметтік дүкенге кіреберістегі «жуа — 65 тг., сәбіз — 65 тг., картоп — 65 тг» деген жазу арзан баға іздеп қалың базарды шарқ ұрған тұтыну­шыны магниттей тартса керек еді. Дегенмен, қос бірдей дүкенде бұл өнімдер түгесіліп тұр екен. Шын­дығын айтқанда бір дүкеннен бір-екі келідей картоп, бір-екі келідей сәбіз табылды. Бірақ майда-шүйде қалдық өнімнің түр-түсі тұтынушыны қанағаттандырғандай емес. «Сырты­ның батпағының өзі таразы басқан­дай ғой» деген тұтынушыға сатушы: «өзі солай келеді, мен оны жуып қой­майтын шығармын», — деді ренжің­кіреп. Қос бірдей әлеуметтік дүкен­нен жолыққан жалғыз тұтынушыға көрсетілген қызмет сапасы осы.

БАҚ өкілі емес, тұтынушы ретін­де біз де картоп, жуа, сәбіздің қашан болатынын сұрадық. «Түстен кейін болатын шығар?..» — дей салды сату­шы көңілсіздеу. Бұл өнімдер әлеу­меттік дүкенге кеше де әкелінбепті.

Өнімдерді базар бағасынан төмендеу етіп ұсынатыны белгілі, әлеуметтік дүкендегі сөрелер қаңырап тұрған жоқ, әрине. Ұн, ет, күріш, қарақұмық, тұз, өсімдік майы, т.б. көпшілік күнделікті тұтынатын азық-түлік түрлері бар. Бағасы арзандау. Мысалы, базар қатарларында келісіне 240-260 теңгеден болып тұрған күріш бағасы әлеуметтік дүкенде 170 теңгеден де бар екен.

Базар қатарындағы сатарман: «Келіңіз, келіңіз, келісіне 260 тең­геден. «Жаңажолдың» күріші, па­лауға керемет болады», — деп тұтынушыға бәйек болып тұрса, 170 теңгенің күрішінің ондай сапада еместігін әлеуметтік дүкен сату­шысы да мойындап тұр. Дегенмен, арзан бағаға молшылық кезеңінде болмаса керемет сапа табыла бермейтіні де түсінікті. Ет бағасы ептеп арзандау. Сиыр етінің келісі 1280 теңге екен. Тартылған сиыр етінің бағасы базардағымен бірдей, келісіне 1500 теңгеден. Қалай деген­де де әлеуметтік дүкендер желі­сінің жұмысы әлеуметтік әлеуетті көтеру алдыңғы кезекке шығарылып жатқан тұста жандана түсетін шығар деген сенім бар. Соған сәйкес өнімдер сапасы да ескерілсе жөн. Әйтпесе, «құр пиар­дың» заманы өтіп бара жатқаны белгілі болып тұр ғой.

«Құр пиар» демекші, (қаланың бұрынғы басшылығы тұсында) қалада жылыжай шаруашылығын жолға қою бастамасы қолға алы­нып, қалада жүзден астам жылы­жай салынып, іске қосылады деген игі жаңалық жаршыланған. Деген­мен, ол бастама айтылғандай жүзеге асырыла қоймады. Жылыжайлар салынуын салынғанмен іске аспа­ған күйі бірнеше жыл тұрып қалды. «Кезінде «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» АҚ арқылы салынып лизингке алатын адам болмаған соң іске қосылмай тұрды. 2017 жылдан бастап ЖК «Орда», ЖК «Нати­шаева» бірігіп «Ауыл шаруашы­лығын қолдау қоры» арқылы лизингке алды.

2017 жылы 120 жылыжайдың 70-ін іске қосты. Биыл тағы 20 жылыжайды іске қосты. Алдағы жылы 100 пайыз іске қосамыз деп отыр. Жылыжай көгілдір отынға қосылған. Қияр, қызанақ, салат жапырақтары, т.б. егілуде. ЖК «Натишаеваның» Қарауылтөбе ауылдық округінде аумағы 1 гектар жылыжайы жұмыс істеп тұр. Ал­дағы уақытта «МТС Агро» шаруа қожалығы да 1 гектар аумақта жылыжай ісін қолға алмақ. Қазір Голландияның жылыжайын әкеліп қою үшін келіссөздер жүргізілуде. «Қазагроинвест» серіктестігі Испанияның жылыжайын орнату үшін жұмыс жүргізуде. Жылы­жайдың негізгі қаңқасы құрылып, электр желісі, қоршау жүргізіліп қойды. Жыл аяғында жұмысы аяқталса іске қосылады» деген болатын қалалық ауыл шаруа­шылығы бөлімінің басшысы Медет Сейілов біздің басылымға (7.11.2018) берген сұхбатында.

«Қала аумағындағы 122 дана жылыжайлардың қазіргі таңда 52-сі жұмыс жасаса, қалған 70 жылы­жайлар түрлі себептермен жұмыс жасамауда.

Атап айтқанда, қаланың батыс бөлігінен «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның есебінен 5 гектар жерге құрылысы жүргізілген 120 жылыжайлар кеше­нін 2018 жылы «Натишаева» жеке кәсіпкері мен «ORDA» шаруа қожа­лығы лизинг арқылы алып ішінара іске қосып (50 данасын), көкөністің екі маусымдық кезеңдерінде егілген (қызанақ, қияр және көкөністің т.б.) дақылдарынан барлығы 102 тонна өнім жиналды.

Сонымен қатар, «Натишаева» дара кәсіпкерінің Қарауылтөбе ауылдық округінің аумағынан өз қаржысы есебінен салынған жалпы көлемі 1 гектарды құрайтын жылы­жайда 2018 жылы егілген көкөніс дақылдардан биылғы жылы барлығы 65 тонна қияр, 23 тонна қызанак өнімдері жиналып қаланың сауда орындарында сатылды.

Бұл жұмыс биылғы жылы да жалғасын тауып «Натишаева» дара кәсіпкерінің жылыжайындағы көкөніс өнімдері қазіргі таңда жиналуда, «Ақбота-Бақдәулет» жеке кәсіпкерінің жылыжайында көкөніс дақылдарының көшеттері жыл басында отырғызылды. Бұл өнімдер қала тұрғындарының қажеттіліктерін қамтамасыз ете алмайтындықтан, алдағы уақытта қала аумағында жылыжай шаруа­шылығын дамыту үшін «ҚазАгро­қаржы» АҚ-ның қаржыландыруы­мен «КазАгроМир» ЖШС-не жалпы құны 1 млрд. 129,0 млн.теңге тұратын, жалпы көлемі 2,0 гектарды құрайтын жылыжайдың құрылыс жұмыстары аяқталып, қазіргі таңда су және электр жүйелерін орнату жұмыстар жүргізілуде. Автомат­тандырылған жылыжай кешенінің жылдық қуаттылығы 900 тонна көкөніс өнімдерін өндіреді» — деген ақпарат алдық күні кеше қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінен.

Қалай болғанда да жылыжай шаруашылығы Қызылорда қаласы бойынша ғана емес, бүкіл өңірде әзір­ге қажеттілікке сай еңсеріле қоймағаны белгілі. Оған дәлел тақы­рыпқа өзек болып отырған қияр мен қызанақтың ұшқары бағасы. Им­порт алмастыру дейтін үлкен мін­детті іске асыруда жылыжай шаруа­шылығын өркендетудің алдыңғы кезекте тұрғаны да түсінікті. Иә, айтып-айтпай не керек, қияр мен қызанақты қара күзден бастап сонау жаздың бел ортасына дейін (тіпті өзіміздің бақшамыз пісетін уақытта да) Қытай, Қырғызстан Өзбекстан­нан арбалап тасымаудың жалғыз амалы — жылы­жай шаруашылығын кең көлемде дамыту болып тұр.

х х х

Баға тұрақтылығы шарасы жасалады дегенмен базар бағасы ырыққа көне бермейді. Күзде жинал­ған қор азая бастаған көктем­нен бастап көкөніс, жеміс-жидектер бағасы келесі жиын-терім уақытына дейін көтеріле беретіні аян. «Қытай­дікі» дегеннің өзі келісіне 700 теңге­ден төмен емес қияр, қызанақ­тың бағасынан басқа көкөніс, жеміс-жидектің базардағы бағасы қандай?

Баға жайын білмекке «Сыбаға» базарының ашық алаңындағы, «Отырар» сауда үйінің төменгі қабатындағы, «Мирас» сауда үйін­дегі, қарапайым көпшілік арзан­шылықты дейтін «Асқар» сауда үйіндегі «көк базарларды» бір шолып шыққанбыз. Жұрт «Тіпті еттің бағасына жақындап қалды ғой» деп жағасын ұстап жүрген қияр мен қызанақтың бағасын айтып өттік қой, одан кейінгі қымбат көкөніс қырыққабат сияқты. Қырық­қабаттың келісі 200 теңгеге дейін. (Біздің базарда көп сұраныста емес брокколидің келісі қияр мен қыза­нақтан да асып түседі, 1000 теңге­ден). Күзгі базарда түйіріне 100 теңгеден өтсе де шүкір дейтін асқабақ та келісіне 200 теңгеге көтерілген. «Қазір деген табиғи өнім қалмай бара жатыр ғой, асқабақты жұрт жақсы алады» дейді сатарман сатып тұрғаны жергілікті бақша­лықта өскен өнім екенін білдіріп. Картоп, жуа, сәбіз дегендей көпші­лік қолданыстағы «ас-қатық» көк­өністер, базар бағасынан арзаншы­лықты «Мирас» сауда үйінде көтерме бағасы — 75-80 теңгеден. (Жуа келісіне 75 теңгеден). Базар бағасы негізінен 100 теңгеден екен.

«Ботабайдың картобы» деп келісіне 120 теңгеден сұрап тұрған сатарман да бар. Күздегіден өзгер­меген алма бағасы сияқты, келісіне негізінен 200 теңгеден бастап 300 теңгеге дейін. Көпшілік қолданыс­тағы   мандарин, апельсиннің келісі 250 теңгеден бастап (мандарин) 550 теңгеге дейін. Сауда орталықта­рында келісі 900 теңгенің үстінде, 1000 теңгеге жуықтайтын жүзімнің келісін базардың кей тұсында 600-700 теңгеден көріп, «әжептәуір арзаншылыққа» таңқалғанымыз да бар. Бананның келісі кей тұста 450 теңгеден де бар. Жұрт көбіне-көп той-томалақ дастарханына алатын кептірілген жемістер бағасы тіпті ұшып тұр. Айталық, мысалы мейіз­дің ең тәуірінің келісі 5 мың теңге­ден, кептірілген сары өріктің (курага) келісі де тәуіріне 5 мың теңгеден. Жер жаңғақ келісіне 800 теңгеден грек жаңғағы келісіне 800-1200 теңгеге дейін.

«Өй, өзбек ағайындар-ау, қатты қымбаттатып жіберіпсіңдер ғой, өздерің?!» деп өкпе айтқан жергі­лікті тұтынушыға өзбек сатарман да «Ташкенттің қымбат жіберіп жатқанын» айтады. Біздің базарда «Қытайдікі емес, Ташкенттікі деп сатылып жатқан қияр мен қызана­ғының бағасы жаңағыдай. Айтпақ­шы, қалың базарда «өзіміздің өнім» деген қияр, қызанақты кезіктір­медік. «Біздікі әлі піскен жоқ» дейді бір сатарман жұлып алғандай. Қашан боларын «білмеймін ғой» дейді…

Ж.АЙМАҒАНБЕТОВА

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *