QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

Президенттік оркестр Қызылордада

ByQAA.kz

Сәу 12, 2019

Еліміздің Тұңғыш президенті – Елбасы кітапханасының «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрме жобасы аясында өткен танымдық шаралар қызылордалықтардың есінде көпке дейін сақталып, мағыналы болуымен ерекшелінді. 8 сәуір күні көшпелі көрме жобасы аясында Қызылорда қаласының Нартай Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрында өңір жұртшылығы алғаш рет   ҚР Мемлекеттік Күзет қызметі Президенттік оркестрінің мерекелік концертін тамашалады. Ұжымның мерекелік концертінде ине шаншар орын болмады.

Айта кету керек, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзеті Президенттік оркестрі 1992 жылы дипломатиялық, мемлекеттік және басқа да салтанатты шаралардың музыкалық бөлімін қамтамасыз ету үшін Елбасы жарлығымен құрылған. Аталмыш оркестр Президент қатысуымен болатын іс-шараларды музыкалық сүйемелдеумен қамтамасыз етіп келеді. Еліміздің мәдени және музыкалық өміріне белсенді араласатын шығармашылық ұжым, біздің республикада ғана емес, халықаралық музыкалық ареналарда Қазақстанның мәдениетін танытып жүр.

Мерекелік концерт – Президенттік оркестрінің құрамында жемісті қызмет етіп келе жатқан ансамбль, үрмелі оркестр, эстрада және әндер ансамблі, би ансамблі ұжымы сынды түрлі өнер иелерінің орындауларынан тұрды. Олар Қызылорда қаласының тұрғындары мен қонақтарына ерекше өнерлерін көрсетті. Тұрғындар Елбасының сөзіне жазылған, туған ел, туған жер туралы патриоттық әндерді сүйсіне тындады. Мерекелік бағдарлама Оралхан Алтынбеков пен Әсел Медекешованың орындауындағы «Кең далам» әнімен ашылды.

Концерттік бағдарламада Досымжан Таңатаров, Медет Салықов, Ардақ Балажанова, Олжас Сүлейменов, Гүлнұр Әділбекова, Асылхан Шалқаров, Гүлсім Мырзабекова, Бибігүл Сауытова сынды халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаттары, Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткерлер оркестрдің сүйемелдеуінде жанды дауыста ән шырқады. Сондай-ақ, Президенттік оркестрдің би ансамблінің өнері көрермен көңілінен шығып, қошеметке бөленді.

Жалпы көрме арқылы қызылордалықтар Елбасының игі істері туралы толық мағлұмат ала алды деп ойлаймыз. Осындай еліміздің болашағы үшін жас ұрпақ үшін үлгі-өнеге толы танымдық істердің аймақтарды қамтуы елдің іргесін берік қыла түспек.

А.ОМАШ

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған