QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

Президент болудан үміт еткендер

Автор:QAA.kz

Апр 19, 2019

Елде сайлау басталды. Осы ретте бұған дейін болып өткен Президент сайлауларында Президент болудан үміт еткендерге бір шолу жасап көрдік.

«Сайлау туралы заңға» өзгерістер енгенге дейін кез-келген Қазақстан аза­маты сайлауға қатыса алатын. 1991 жылдан бергі сайлау тарихын еске алған­да ең көп кандидат құжат тапсырғаны 2015-ші жылғы сайлау екен. Тіпті сол кез­дегі жұрт арасында «сайлау сайқымазақ шоуға айналды» деген әңгіме де болды. Кандидаттар қатарында биік лауазымдылармен қатар жұмыссыз да, елге танымал тұлғалармен бірге белгісіз жандар да, ерлермен қатар әйелдер де, тіл білетіндер, сондай-ақ тіл білмейтіндер де, жастармен қатар зейнет­керлер де үміт еткен сайлау тарих еншісінде қалды…

Орталық сайлау комис­сиясы шешімімен тіркел­гендер саны санаулы ғана.

Өйткені, Президент болу, ел тұтқасына ие болу кез-келгенге бұйырмайтын бақ екендігінен бөлек, ел сенімі.

Кез-келген адам Прези­дент болғысы келгенімен, кез-келген адамға халық­тың дауыс бермейтіні — ол заңдылық.

Серікболсын ӘБДІЛДИН (1937 жылы туған) – 1999 жылғы президент сайлауына қатысып, сайлаушылардың шамамен 13 пайыз дауысына ие болған кандидат.

Ол ауыл шаруашылығы саласының маманы, 1990 жылдарға дейін әртүрлі лауазымды қызметтер атқарған. 1993 жылы тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш конституциясын қабылдаған бірінші парламенті — Жоғарғы Кеңестің (1991-1993) төрағасы болды. 1994 жылы оппо­зицияға кетті. Қазақстан коммунистік партиясын ұзақ жылдар басқарды. Қазақстан компартия­сының 2010 жылғы сәуірдегі пленумында Серікболсын Әбділдин партияның бірінші хатшысы қызметін Ғазиз Алдамжаровқа тапсырды.

Энгельс ҒАББАСОВ (1937-2014) – 1999 жылы президенттік сайлауға қатысып, 0,76 пайыз дауыс жинаған кандидат.

Орыс тілі және әдебиеті саласының маманы, жазушы. 1996 жылы сенат депутаты боп сайланған.

Ғани ҚАСЫМОВ (1950 жылы туған) – 1999 жы­лы және 2011 жылы өткен президент сайлауларына қатысып, алғашқы жолы 4,6 пайыз, кейін 1,94 пайыз дауыс жинаған кандидат.

Халықаралық қатынастар саласының маманы. Совет Одағы кезінде Қазақ ССР сыртқы істер министрлігінде әртүрлі қызметтер атқарған. 1990-92 жылдары президент кеңесшісі болды. Мәжіліс және сенат депутаты болды. Билікке жақын Қазақстан патриоттар партиясының жетекшісі.

Ғани Қасымов 2015 жылы осы аптада елде мерзімінен бұрын президент сайлауы өткен жағдайда оған үміткер ретінде қатыспайтынын айтып, «Қазақстан-2050» жалпыұлттық демокра­тиялық күштері коалициясы» атынан президент Нұрсұлтан Назарбаевты ортақ кандидат ретінде ұсыну жайлы бастама көтерді.

Жармахан ТҰЯҚБАЙ (1947 жылы туған) – 2005 жылғы президент сай­лауына Қазақстанның оппозициялық күштері атынан қатысып, 6,64 пайыз дауыс жинаған үміткер.

Қазақстанның бас прокуроры, мемлекеттік тергеу комитетінің төр­ағасы, екінші шақырылым­дағы Парла­мент Мәжілісінің төрағасы қызметтерін атқарған. Ол 2004 жылы күзде мәжіліс депутаты мандатынан бас тартып, президенттік «Отан» (қазіргі «Нұр Отан») партиясының қатарынан шығып, оппозиция қатарына қосылған.

Әлихан БӘЙМЕНОВ (1959 жылы туған) – 2005 жылы өткен президент сайлауына «Ақ жол» партиясы атынан қатысып, 1,61 пайыз дауыс жинаған кандидат.

Техника саласының маманы. Ол 1998-99 жыл­дары президент әкімшілігінің жетекшісі, 2000-2001 жылдары еңбек және әлеуметтік қорғау министрі болды. 2001 жылы «Қазақстанның демократия­лық таңдау» ұйымына мүше болып кірді. 2002 жылдың наурызынан бастап «Ақ жол» партиясының тең төрағасы, 2005 жылдан бастап төрағасы болды. Президенттік сайлаудан соң билікке оралған Әлихан Бәйменов 2014 жылдың қыркүйек айынан бастап мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хаб комитеті төрағасы болып тағайын­далды.

Мэлс ЕЛЕУСІЗОВ (1950 жылы туған) – 2005 және 2011 жылы өткен президент сайлауына қатысып, бірін­шісінде 0,28 пайыз, екіншісінде 1,15 пайыз дауыс жинаған.

Ол 2011 жылғы сайлауда «даусымды Назарбаев­қа бердім» деп мәлімдеген. «Ақшасы жоқ болып» 2015 жылғы сайлауға қатыса алмаған. 1989 жылдан бері «Табиғат» экологиялық ұйымының төрағасы.

Жамбыл АХМЕТБЕКОВ (1961 жылы туған) – 2011 жылы Қазақстанның коммунистік партия­сының атынан президенттік сайлауға қатысып, 1,36 пайыз дауыс алған кандидат.

Ауыл шаруашылығы саласының маманы. 2005-2011 жылдары Қазақ­станның халықтық коммунис­тік партиясы орталық комитетінің хатшысы, жетек­шісі болды. 2012 жылдан бері мәжіліс депутаты.

Ерасыл ӘБІЛҚАСЫМОВ (1948 жылы туған) – 2005 жылғы президент сайлауына қатысып, сайлаушылардың 0,34 пайызының дауысын алған кандидат.

Медицина мамандығының иесі. 2001-2004 жылдары парламент депутаты болды.

Тұрғын СЫЗДЫҚОВ — 2015 жылы Қазақстан коммунистік халық партиясы атынан Қазақстан президенттігіне үміткер болған. Тұрғын Ысқақұлы — Қазақстан Коммунистік Халық партиясының Орталық комитетінің хатшысы. Көкшетау­дың тумасы. Тракторшы болып еңбекке етін үйреткен Сыздықов бір-екі рет аудан әкімі болып, Ақмола­ның түрлі мекемесінде жауапты жұмыстар атқарыпты.

Әбілғазы ҚҰСАЙЫНОВ – Қазақстан комму­нис­тік партиясы Қарағанды облыстық комитетінің екінші хатшысы деңгейіне жеткен. Ресейден алған ресми «саясаткер» деген білімі де бар. ҚР Эконо­мика және сауда вице-министрі, Индустрия және сауда вице-министрі, Көлік және байланыс вице-министрі, Көлік және байланыс министрі, Қара­ғанды облы­сының әкімі қызметін атқарған. «Нұр Отан» партия­сының Қарағанды облыстық филиалы төрағасы болған. Ол, 1996 жылдан — ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі. 1999 жылдың науры­зынан — ҚР Парламенті Сенатының төрағасының орынбасары. 2001 жылы министрліктегі жұмысқа ауысқанға дейін арасында депутат та болған. Құсайы­нов ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы да болған. Азды-көпті еңбегіне алған орден-медалы да бар.

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *