QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

ПРАЙМЕРИЗДІҢ ПАЙЫМЫ

ByQAA.kz

Там 27, 2020

Жақында «Нұр Отан» партиясының ұйымдастыруымен қолға алынған праймериздің өтуі түрлі сұрақ туындатқаны анық. Бұл ұғымды партияішілік сайлау десек те болады. Әдетте партияның мүшесі үміткер ретінде өз құжаттарын тапсырады. Бұл орайда партияға мүше емес үміткерлердің де құжаттары қабылданады. Әр тіркелушінің сенімді өкілдері үміткерлер секілді партия мүшесі болуы тиіс.

Праймериз бізге беймәлім болғанымен өзге елдерге таңсық
ұғым емес. Мәселен, бізге дейін бұл сайлау Ресей, АҚШ, Латын
Америкасы және Еуропада кеңінен қолданып келеді. Тіпті Ресейде
праймериз арқылы президенттікке үміткерлер арасында да
онлайн сайлау өткізілген. Біздің өңірдегі праймериз сайлауына
артылған сенім мол. Бұған дейін Сырдария ауданында пилоттық
жоба ретінде сынақтан өткен болатын.

Ерекше қажеттілігі бар азаматтар мен жастар да өз бағын
сынай алады. Тұрғындар арасында беделді, сөзі өтімді кез-келген
белсенді еліне көмек бере алатындығын айтқымыз келеді. Оған
қоса праймериз сайлау біз айтып жүрген бәсекеге қабілеттілікті
шыңдап, сөз бен істің жақын екенін дәлелдемек.

Белгілі болғандай тамыздың 24-іне дейін біздің аймақтан ниет
білдіруші 308 қатысушының шапшаңдау 239-ы өз құжаттарын
тіркеген. Бұған дейін үміткерлердің 19 пайызы жастар болса,
26 пайызы әйелдер қауымы екені белгілі болған. Жалпы
праймериздің өткізілу уақыты 17 тамыз бен 3 қазан аралығында
болмақ.

Праймериз сайлауының өткізілуі 5 кезеңді қамтиды. Оның
біріншісі үміткерлердің өзін-өзі ұсынуы. Құжарттарды қабылдау
және тіркеу науқаны 29 тамызда аяқталмақ.

Ал екінші кезеңі үміткерлердің үгіт насихат жұмыстарына
дайындығы. Олардың бағдарламаларын әлеуметтік желіден
немесе БАҚ-тан білуге болады. Алайда, өз суреттері мен
бағдарламаларын көшеге және билбордқа ілуге тиым салынған.
Моральды және психологиялық түрде жақсы қамданған
үміткердің келесі шаруасы үгіт-нәсихат жұмыстарына білек
сыбана кірісу. Бұл ендігі үшінші кезеңге тапсырылатын миссия.
Бас аяғы бұл жұмыстарды атқаруға төрт апта уақыт беріледі.
Яғни, 7 қыркүйекпен 3 қазан аралығында болады. Бір ерекшелігі,
үгіт жұмыстарына жұмсалатын қаражатты үміткерлер өз
қалталарынан шығаруы тиіс,

Шешуші сәттердің бірі төртінші кезеңнің құзырында. Өңірде
133 дауыс беру орны қарастырылған. Бірақ, оның 30-ында
ғаламтор желісі ақсап тұр. Сондықтан, 30 орында дәстүрлі қалам
мен бюллетень қолданылмақ. Ал қалған жағдай бойынша шаруа
жақсы. 103 дауыс беру алаңы онлайн форматқа сақадай сай.
Тіпті мобильді қосымша мен арнайы жасақталған веб-порталдың
көмегіне жүгіне алады.

Атап айтқанда өңіріміздің Арал, Қазалы, Қармақшы,
Байқоңыр, Жалағаш, Жаңақорған аудандарында дауыс беру
учаскелері жұмыс жасамақ. Ауылдық клубтарда 100 дауыс беру
орны және тамақтану орындарында 7, ал ЖШС базасында 17
орын ұйымдастырылды.

Дауыс беру үш күнге созылмақ. Оның екі күні онлайн дауыс
беруге арналса, соңғы бір күні бюллетеньдердің тізімін шығаруға
негізделмек. Бұдан өзге дебаттар ұйымдастырылып, соңғы
бесінші кезеңде үміткерлердің рейтингі сайттар мен әлеуметтік
желілерде жарияланады. Әзірше, аймақта дебат өткізілетін 20
орын анықталды. Дебатты жүргізетін модераторлардың 28-і
нақтыланған болатын.

Өңірден мұнша адамның праймериз сайлауына құлшыныс
танытқаны құптарлық іс. Біздің жастар да мемлекет болашағына
немқұрайлы қарамауда. Олардың нақты бағыттары мен
жоспарларын әлеуметтік парақшаларынан оқып білуге болады.
Ең басты ойлары алдағы дебаттың барысында ақтарылатын
болар. Ең қуаныштысы праймеризге кез-келген адамның тіркеле
алуы. Бастысы партияның мүшесі болсаңыз болғаны.

Аймағымыздан белсенді жандар праймеризге барамыз деп
ұрандатуда. Арасында мүгедек азаматтар да, спортшы палуан
да және білім айдынының желкенін ұстаған ректор да бар. Ел
дамуын мақсат қылып, Елбасы мен президентіміздің саясатын
жүзеге асыруға атсалыспақ азаматтарға сәттілік тілейміз!


Д.АМАНГЕЛДІ

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған