QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

ПРАЙМЕРИЗДЕ ЖЕҢІЛЕТІН АДАМ БОЛМАЙДЫ

Автор:QAA.kz

Сен 18, 2020

Нұр Отан партиясының ұйымдастырған праймеризі  қарқынды өтуде. Аймақтың белсенді азаматтары өздерін ұсынып та, бастауыш партия атынан да үміткерлер ұсынылып  үлгерді. Біздің Сырдай қасиетті аймақтың мен деген азаматтары ендігі үгіт жұмыстарына белсене кірісуде. Әзірше олардың үгіт нәсихат жұмыстары көбіне әлеуметтік желілерде жариялануда. Шыны керек, үміткерлер арасында жұрт білмейтін есімдер мен тектер де бар. Праймериз тура көпұлтты Қазақстан секілді. Өзінің құрамында әр жастағы әртүрлі мамандық йелері мен әртүрлі пікір өкілдерін сиғыза білген праймеризден күтетін үміт көп. Алғаш ұйымдастырылғандықтан ұйымдастырушыларда да, қатысушыларда да бір толқудың бары анық.

Қазір кімнің қайда жүргенін, не істегенін  досымыздай болған Фейсбук желісінен білетін болдық.

Осы орайда әр үміткер өздерінің бағдарламаларын ұсынып, аталған желіде бөлісуде. Аспанды жерге түсірер бағдарламалар болмаса да, халықтың шырылдап жүрген шаруалары сөз етілген.

 Бір қуантарлығы қаламызда «YouTube» пен тығыз жұмыс жасап, әлеуметтік жобаларды өткізуге білек сыбана кірісіп отыратын азаматтардың баршылығы. Соның арасында жергілікті блогерлер, белсенді қала тұрғындары да бар.

Жастар саясатын, кәсіптік дамуды, қаланың тазалығын, су мен газ мәселесін, жамалған жолдардың жырын үнемі назарда ұстап отыратын белсенді әлеуметтік желі пайдаланушылары да праймеризден үмітті. Әлеуметтік желіде өз ойларымен бөлісіп, халыққа танылып тіпті біраз аудитория жинап үлгерген үміткерлер жетерлік.

Жаңа толқынның буыны жоғары амбициямен төрімізге шықса, біраз өзгерістер болатыны анық.

Қазіргі депуттаттар жиындарда сөз сөйлесе  отырған екіншісі ұйықтап қала беретін болыпты. Демек, елдің мәселесін сөз етіп  тұрған адамның  дауыс ырғағы әлдилейтін болып тұрғой. Егер де анық, ашық сөйлеп, нақты  түсіндірсе қанымыз сақырлап, елді тізесінен күні ертең көтеріп жіберердей сезім пайда болу керек емес пе? Сондықтан, ісі мен сөзі жақын, шешен депутаттарды халық іздеуде.

Арасында белсенді де, дәрігер мен кәсіпкер де, тіпті бұрынғы облыс әкімдері де бар праймериздің ендігі дебаттық кезеңі басталды.

Әлемжеліде жарияланған бейнероликтен дебаттың барысымен танысуға болады. Арасында әттеген-ай да жоқ емес. Жалпы кандидатқа өз бағдарламасын таныстыруға 5 минут уақыт береді. Алайда, кандидаттар біздің өңірдің тарихана тоқталып, Сыр елінің қасиетін сөз етіп тұрғанда 5 минут зырылдай өте шығады. Сонда олар өз бағдарламаларын айтып та үлгермейді екен. Келесі дебатта тарихты тілге тиек етпей, нақты проблеманы ұсынып, шешу жолын ортаға салса жөн болар еді. Одан кейін кандидаттар бір-біріне сұрақ қоя алады. Әр сұраққа 20 секунд ойланып, 3 минут ішінде ойды нақтылап, жауап беру қажет. Әзірше ешқандай олқылықтың иісі сезілмейді. Соған қарғанда ұйымдастырушы Нұр Отан расында праймеризге жақсы дайындалған.

Праймериз сайлауы жайлы ақпарат әлемжеліде кеңінен нәсихатталуда. Әр азамат кез-келген уақытта кандидаттар жайлы ақпаратты ала алады. Олардың ұсынған бағдарламаларын оқып, танысып, өз дауысын қалаулысына береді. Бір қалтафоннан бір ғана дауыс есептеледі. 

Қазіргі күні елге еңбек етіп жүрген азаматтар екі топқа бөлінеді. Бірі әлеуметтік желінің еңбек ерлері болса, басқасы мәселенің төңірегін өзі шарлап, екі қолдап шаруа тындырып жүргендер.  Өкініштісі бір пост салып елдің құрметіне бөленетіндер көп. Үнсіз ғана өз ісін білікті атқарып жүргендер қашанғы көлеңкеде қала бермек?

Праймеризде жеңілетін адам болмайды. Бұл сайлау барлық кандидаттар үшін үлкен мүмкіндік. Сайлау қортындысы толық бір рейтингпен шығады. Ең жоғарғы ұпайды жинаған үміткер парламентке ұсынылады. Ұпайдың үдеуіне қарай тізім төмен түсе бермек. Сонымен қатар, ұпайы жетпей қалған үміткерлер мемлекеттік қызметке резервке алынбақ.

Халық арасында байланысы мықты көкелер жеңеді деген жаңсық пікірдің де тиылар күні алыс емес. Қуанышқа орай технологиялардан, бағдарламалардан ағаттық кетпейді. Әркім қалаған үміткеріне дауыс бермек. Праймеризді өткізіп жатқан «Нұр Отан» кез-келген жағдайға сақадай сай. Үміткерлер арасында әйел адамдар мен жастардың көптігі қуантады. Біздің көзіміздегі  қарны шығып, көзілдірігі мұрнынан түсіп, шашы ағарған шенеунік келбетін өзгертудің жаңа қадамы осы болар. 

Дамир АМАНГЕЛДІ

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *