2021 ж. Сәуір 17

Партия қатары жаңа мүшелермен толықты

«Nur Otan» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова «Nur Otan» партиясының құрылған күні және Алғыс айту мерекесі қарсаңында партия қатарына жаңа мүшелерді салтанатты түрде қабылдап, бірқатар партия белсенділерін «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісі және «Құрмет» грамоталарымен марапаттады.
Партия қатарын өнеркәсіп, білім, денсаулық, мәдениет, БАҚ және үкіметтік емес ұйымдар өкілдері толықтырды.
Салтанатты шараны құттықтау сөзімен бастаған филиал төрағасы, алдымен Тәуелсіз қазақ мемлекетінің саяси сахнасында жиырма екі жыл бойы салтанат құрып, елмен бірге дамып, халықпен қатар жасасып, заман талабына сай жаңарып, жаңғырып келе жатқан партиямыздың бүгінгі мерейлі мерекесі кезекті тарихи меже ғана емес, егемен Қазақстанның жылнамасындағы маңызды бір белесі екенін атап өттіп, партияластарды ел игілігі жолында аянбай еңбек етуге шақырды.
Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығында «Nur Otan» партиясы ел мүддесі мен мұратын өзіне міндеттеген және осы ұстанымын қорғай білетін саяси ұйым екенін дәлелдеп отыр. Бұл тұрғыда партия «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» Сайлауалды бағдарламасы арқылы еліміздің болашағы үшін өзіне толық жауапкершілікті жүктеп отырған негізгі саяси күш. Біз ортақ іске жұмылған жұдырықтай кіріскенде ғана қуатты, демократиялы әрі бәсекеге қабілетті, жаңаша жаңғырған Қазақстанның жарқын болашағын жасай аламыз. Бірлігіміз бен барымызды бағалау арқылы берекеге қол жеткіземіз. Ынтымағымыз арқылы ғана ырысымыз артатынын ешқашан ұмытпауымыз қажет. Барлық партияластарды алдағы уақыттарда да елдік биік мақсат пен халықтың игілігі жолында аянбай еңбек етіп, отанымыздың күш-қуатын еселей түсуге шақырамын,- деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Жаңадан партия қатарына қосылған азаматтар атынан сөз алған халықаралық, республикалық мүшайралардың жеңімпазы, жас ақын Мақсат Дауылбай өзінің ризашылығын жыр шумақтарымен жеткізді.
Салтанатты шара барысында партияның мақсаттары мен міндеттерін орындауда белсенділік танытқан бірқатар партия мүшелері «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісімен және Партия Төрағасының бірінші орынбасары Б.Байбектің «Құрмет грамотасымен» марапатталады.
Анықтама: Облыста 239 бастауыш ұйымына топтасқан 44147 партия мүшесі бар. Салтанатты шарада 15 партия мүшесі партия қатарына қабылданып, 3 азамат «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісімен, 3 азамат «Құрмет» грамотасымен марапатталды.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған