QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

ПАРК ПАРҚЫ ҚАНДАЙ?

ByQAA.kz

Мау 2, 2020

Мамыражай маусым айы басталды. Апта басында қызылордалықтардың жақсы көретін демалыс орындарының біріне айналған қалалық мәдени және демалыс паркі өз жұмысын бастады. Иә, жыл сайын 1 мамырда мерекелік көңіл күймен жұмыс бастайтын демалыс паркі биыл коронавирусқа байланысты жұмыс бір айға кеш басталды.

Кеш те болса, өз істеріне кіріскен демалыс паркіне күндізгі уақытта бас сұққанымызда аптап ыстыққа да қарамастан біраз адамның жүргенін байқадық. Бірі баласымен жүрсе, енді бірі немересінің көңілі үшін қыдырып келгені көрініп тұрды. «Парк ашылды» дегенді естіген тұрғындар кешкі уақытта ағыла келе бастаған. Біріне-бірі соқтығысып демалыс паркінде жүрген қызылордалықтардың індетті жұқтырып аламыз-ау деген қорқынышын мүлде байқамайсыз. Сонда санитарлық талаптарды сақтағанымыз қайда қалды?.. Неге тұрғындар өз денсаулықтарын ойламайды?

Бүгінде қалалық мәдени және демалыс паркінде балаларға да, ересектерге де арналған аттракциондар көп. Сондай-ақ, мұнда ашық аспан астында орналасқан сахна да бар. Бірақ, биыл ол сахнада ешқандай қойылым болмайды. Себебі, карантин! Негізі облыста карантин талаптары жеңілдетілуде. Десе де облыстағы бас санитар дәрігер мерекелік шараларды ұйымдастыруға, оларды өткізуге әлі де болса рұқсат бермеді. Мұның барлығы тұрғындардың қауіпсіздігі үшін.

Айта кету керек, биыл карантинге байланысты демалыс паркіне жаңадан аттракциондар қосылмады. Бұл парктың ашылуын асыға күткен тұрғындардың көңілін аса қатты түсіре қоймады. Өйткені, бірнеше ай тек қана үйде болған тұрғындар жаңа аттракционды емес, демалыс паркінің ашылуын асыға күтті. Енді қызылордалықтар барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, демалыс паркінде серуендеп, спортпен шұғылдана алады.

Т.КЕНЖЕБАЕВА

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған