QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

ОСЫ ЖЫЛҒА ӨКПЕ ЖОҚ

Автор:QAA.kz

Дек 24, 2020

Аталмыш 2020 жыл ел-жұрттың үрейін алған кезең болды. Бірақ, соған қарамастан аймағымызда атқарылған шаруалар жетерлік. Сыр елінің бас шаһары Қызылорда қаласында биылғы жылы қыруар жұмыс атқарылды.

Қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жылды қорытындылап, шаһардың тыныс тіршілігіне тағы да шолу жасады. Жыл басында қала бүйжеті 68,9 миллиард теңге болып бекітілсе қазіргі таңда 95 миллиард теңгеге жетті. Қаладағы шағын және орта бизнес субъектілері саны артып, өнеркәсіптің өндірістік көлемі жылдың 11 айында 440,2 миллиардқа жетті.

Биылғы жылы қала көшелерінің 408-іне жөндеу жүргізіліп, 68 көшеге жаяулар жолы салынды. Әр сапары сайын қалаға келген қонақтар Қызылорданың қарқынды өсуіне қызыға да, қызғана да қарауда.

Үкіметтің «Өңірлерді дамыту 2020-шы жылдарға дейінгі бағдарламасы» шеңберінде биылғы жылы 37 тұрғын үй күрделі жөндеуден өтіп, жаңаша қалыпқа ие болды.

Ал жыл басынан бері кезекте тұрған 1342 қызылордалыққа баспана кілті табысталды. Сондай-ақ, биылғы жылы жаңадан 2 380 пәтерлік 52 көпқабатты тұрғын үй салынуда.

Қызылорда облысына құйылған жалпы бүйжеттің 53,6 пайызы қалаға тиесілі.

Облыс бойынша жұмыс жасап тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің 46,2 пайызы Қызылорда қаласында.

— Қаламыздың әлеуметтік экономикалық мәселелері кезең-кезеңімен шешімін табуда. Аймақ орталығының барлық саласында айтарлықтай өзгерістер байқалды. Сырдың бас шаһарында тұрғын үйлер саны артуда. Қаланың инженерлік инфрақұрылымын дамыту бойынша «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында республикалық, облыстық, қалалық бүйжеттен қаржы бөлінді,-деді қала әкімі Нұрлыбек Машбекұлы

Сонымен қатар, жыл бойына аянбай еңбек етіп, өзге жұртқа үлгі бола білген түрлі сала өкілдері қала әкімінің қолынан мадақтама мен ақшалай сыйлықтар алды.

«Жаңалық жаршысы» номинациясы бойынша Айнұр Тұңғышбай, «Жыл ұстазы» номинациясы бойынша Зина Икрамқызы, «Жыл спортшысы» номинациясымен Ғани Әлімсерік, «Үздік өнер ұжымы» номинациясымен Оңталап Нұрмахановтың жетекшілігіндегі қалалық жастар театры, «Үздік медицина қызметкері» номинациясымен Алдабергенова Айнұр, «Үздік әлеуметтік қызметкер» номинациясымен Бағила Өмірзаққызы, «Үздік мемлекеттік қызметші» номинациясымен Бақыт Нұрланұлы, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» номинациясымен Ерболат Мақсұтұлы, «Жыл құрылысшысы» номинациясымен Ысқақов Бақдаулет, «Үздік тәртіп сақшысы» номинациясымен Арыстанбек Қасқырбекұлы, «Үздік коммуналдық сала қызметкері» номинациясымен Сәкен Райбекұлы, «Тазалық сақшысы» номинациясымен Марат Күмісбайұлы, «Үздік су шаруашылығы қызметкері» номинциясымен Аягөз Алтынайқызы, «Жыл волонтері» номинациясымен Болатбек Серікбайұлы, «Жыл меценаты» номинациясымен Талғат Тасболатұлы, «Қоғам жанашыры» номинациясымен Ермеков Серік марапатталып, қала әкімінің қолынан Алғыс хат алды.

Әу бастан ұстаздық пен тәрбиешілік жолының ауыр екені жалпақ жұртқа мәлім. Әне-міне деп қағазбастылықтан құтылғанда онлайн сабақ әр ұстаздың төріне қонды. Осы орайда қаламыздағы білімді шәкірттерді тәрбиелеп жүрген білікті ұстаздарымыз да назардан тыс қалмады.

Олардың ішінде бастапқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Жалғасбай Сағынтайұлы, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айгөлек Кенжебекқызы, биология пәнінің мұғалімі Алмагүл Ғалымқызы, бастауыш сынып мұғалімі Надежде Валерьевна, бастауыш сынып мұғалімі Шынар Асқарқызы, қазақ тілі мен әдібиеті пәнінің мұғалімі Басқараева Жанат, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Элмира Ғалымқызы, музыка пәнінің мұғалімі Мақпал Рысбекқызы, информатика пәнінің мұғалімі Мақсат Ерланұлы марапатталып, әкім қолынан 150 000 теңгенің сертификатын алды.

Биылғы жыл да осылайша тарих беттеріне кетіп барады. Бар жақсыны да, жаманды да осы бір жылдың ішінде қалдырдық. Келер жыл молшылық пен бақыттың заманы болғай…

Дамир АМАНГЕЛДІ

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *