QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

ОСПАНОВТЫҢ ОЙЫ ОРЫНДАЛАДЫ МА?

Автор:QAA.kz

Окт 21, 2021

Бағзы уақыттан бері тұрғындардың қоғамдық көлікке қояр талаптары, реніштері азайған емес. Тіпті, қалалықтардың көңілі жадырап, қоғамдық бағыттардың жұмысына риза болып жүрген кездерін еске түсіру мүлде мүмкін емес. Бір кездері жаңа автобустар қала көшелерінен көріне бастап, жұрттың ойы жақсыға ауа бергенде баяғы жартас сол жартас екені қайтадан мәлім болды. Алғашқыда аялдаманы қазақша айтатын робот дауыс, тап-таза автобус пен билет беру жүйесі бір тың жаңалық болғандай еді. Қазір электронды аялдама айтқыш та, билет те, таза автобус та қалмаған. Бұл жаңа деп жүрген автобустарға да біраз жыл болды. Қытайдың өнімі бес жылға ғана жарайды. Артынша қыруар қаржыға сол елден жаңа детальдар, керекті жабдықтарына тапсырып бермесе, автобустың төрт дөңгелегі қалтырап, жер иіскеп қалатын түрі бар. Оны қойшы, жекелер де жетісіп тұрған жоқ.

Жалпы Қызылорда қаласы бойынша «Қызылорда автобус паркінің» қарамағында қалаішілік 33 бағыттың 5 бағыты (1,11,14, 17,18 ) қызмет көрсетсе, қалған 28 бағытта жеке тасымалдаушылар кызмет көрсетуде. Қалаішілік 25 бағытта және 8 қала маңына қатынайтын барлығы 400-ге жуық автобус бар. Оның iшiнде «Қызылорда автобус паркі» ЖШС-не қарасты үлкен сыйымдылықтағы — 135 және жеке кәсіпкерлерге тиесiлi орта сыйымдылықтағы — 127, кiшi сыйымдылықтағы — 169 қоғамдық көліктер бар екен.

Алайда жеке кәсіпкерлер тарапынан жолаушыларға тасымал қызметін көрсететіндердің көлік саны тым аз. Бұған себеп карантин уақытында жолаушылардың аздығынан туған төмен пайданың салдары көрінеді. Оқушы да, студент те, халық та қашықтан жұмыс жасап, жолаушылар тасымалы жөнді ешкімді тасымалдай қоймаған еді. Бұл уақытта жеке тасымалдаушылар өз көліктерін сатып жіберген немесе өзге кәсіп түріне ауысқан.

Карантиндегі құлдыраудың орнын бітейтін, барлығын қалыпқа келтіретін мемлекеттен алатын субсидия дейді біздегі қалалық ЖКХ-ның басшысы Бауыржан Оспанов.

«Қызылорда автобус паркі» ЖШС–нен күнделікті 135 автобустың 48-і жолаушыларға қызмет көрсетуде. Оның iшiнде 48 автобус ұзақ мерзiмдi жендеудi, 27 автобус күрделi жендеуді және 12 автобус ағымдағы жендеуді қажет етеді. Жөндеуге керек бөлшектер әлбетте Қытайдан алынады. Шекарадағы шаруалар мен оларды тасымалдау мәселесін шешеміз дегенше біраз уақыт кетеді.

2020-2021 жылы қалаішілік және қала аумағына қатынайтын маршруттар бойынша жолаушылар тасымалдауға қызмет көрсету құқығына арналған конкурс өткізілген болатын. Аталған конкурста жеңімпаз атанған 4 серiктестiк 20 бағытта қызмет көрсетуде. Жекелердің басын бір шаңыраққа біріктіріп, жағдайды жақсартамыз деді.

Төрт ЖШС-і жиналып, қаладағы бағыттарды біріктірді. «Арғымак Орда « ЖШС — і № 2,21,25,30 бағытта; «Кад Нұр « ЖШС — i №10,12,24,28 бағытта; «ЭМ Бывалый» ЖШС-i № 3,27,31, 32 бағытта; «Ақмешiт жолаушы тасымалы» ЖШС — і № 5,6,7,8,9,13,16,26 қызмет көрсетуде . Конкурстан өтпеген 4,15,19,20,22,23, 29,33 бағыттары бойынша қайта конкурс өткізу үшін қажетті құжаттар әзiрленуде. Қызылорда қаласы көлемiнде бағыттардың жол сызбасы тұрғындардың сұранысына байланысты ұзартылуы, яғни жаңадан бой кетерген мөлтек аудандар мен шалғай орналасқан елді — мекендер мен саяжай, бау — бақша серiктестiктерiн қоғамдық көлiкпен қамту мақсатында қоғамдық көліктердің жол сызбасын оңтайландыру үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланып, Алматы қаласындағы Көлiк және коммуникациялар ғылыми — зерттеу институты серiктестiгiмен келісім шарт жасалып, қазіргі таңда тұрғындардың талаптарына сәйкес зерделеу жұмыстарын жүргiзiп қорытынды жобаларын ұсынды. Алматылық білгіштер Қызылорданың жолаушы тасымалы бағыты бойынша жаңа сызба әзірлеуде дейді. ЖКХ-ның бұрыңғы басшысы Далабаев Біржан бұл сызбаны ағымдағы жылдың бірінші жартысында аяқталады деп еді. Ол жартысы ендігі бір бүтін болды. Жол сызбасын жасақтағанда қаланың Белкөл кентi темір жолдың екінші жақ беті, Бәйтерек, Саяхат мөлтек аудандары, қалаға қарасты ( ПМК — 29 , ПМК — 66, Сабалақ, Ягодка, Пищевик) саяжайларды толық қоғамдық көлікпен қамтамасыз ету мақсатында арнайы жол сызбалары әзірленді. Қазақстан Республикасы көлiк және коммуникация министрiлiгiмен бекiтiлген «Тұрақты маршруттар бойынша жолаушылар мен багажды тасымалдау жөнінде тарифтер есептеу әдiстемесiн» негiзге ала отырып, тасымалдаушы тарапынан есептемелер жасалуда. Бұған сәйкес билеттiң орташа құны — 232 теңге. Қалаішілік қоғамдық көлікте тариф құны 90 тенге, айырмасы — 142 теңгесін субсидиялау қажет екен. «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Қызылорда автобус паркі» ЖШС — нiң теңгерiмiндегi 135 автобустың 112 автобусына электрондық төлем жүйесі орнатылған. «Қызылорда автобус паркі» ЖШС — нің аталған жүйемен жұмыс жасауда. Бұндағы басты себеп, көлеңкелі бизнестің алдын алу. Ал әлі күнге дейін электронды төлем енгізбеген жеке кәсіпкерлер түбі көнуі тиіс көрінеді. Бұл шаруа бойынша да жұмыстар жасалуда. Осыған орай, жыл соңына дейін қоғамдық көлiктерге электронды төлем жүйесi толық енгiзiлгеннен кейiн, қала тұрғындары смартфон қосымшасы арқылы өзіне керек бағыттағы автобустың жүрiсiн нақты уақыт режимiнде бақылап отыра алады.

Қазіргі таңда тұрғындардың 70 пайызы ақылды жолақыны пайдалануда екен. Көлеңкелі бизнестің алдын аламыз дедік, ала алдық па? Біз көп болса сол автопарктің құзырындағы бағыттарды сәл-пәл тұсаулап отырмыз. Жекелер ызғып жүр. Аялдамада адамды итеріп түсіріп, тартып мінгізіп, жөнсіз жарысып та келеді. Ал автобус кешке жақын көрінбейді, ерте тоқтауда деп жүргендердің де шаруасы шешіліп қалды. Кем дегенде кешкі 8-ге дейін жүретін бағыттар бар. Жекелердің өзі 7-ге таяу сейіле бастайды. Ал автопарктің пырақтылары кешкі тоғызға дейін жүретін болыпты.

Мәселенің түйіні былай, үкіметтен субсидия керек. Бірақ, жолаушы тасымалдаушылар арасында бәсеке қалыптастыра алмай отырмыз. Бәсеке болған жерде даму болады, алға жылжу мен сапа байқалады. Ал шет аймақта тұратын тұрғындар қоғамдық көліктің жоқтығына налуда. Ол жаққа бір барса тек жеке тасымалдаушылар ғана барады. Алайда, шет аймақ болғанымен ол жақтан мінетін, түсетін адамдар тым аз. Жекелер ең болмағанда дизель отынының да ақшасын шығара алмай қалады. Ал дизельдің қазіргі кезде абыройы өсіп, құны 230-ға дейін жеткен. Бұл да жекелерге қысым тудыруда.

 P.S: Елдің сұрағаны жыл аяғына дейін орындалады дейді ЖКХ басшысы Бауыржан Оспанов. Жыл аяғы болса тым жақын. Ендеше күтелік…

Д.АМАНГЕЛДІ

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *