QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

Ортаймас ырыс, оңды тұрмыс үшін…

Автор:QAA.kz

Авг 9, 2019

Сонау жылдардағы жекешелендіру науқанынан кейін ауылдың құлдырап, құрдымға кеткен шаруашылығын қайта сауықтыру оңайға түспегені белгілі. Кейбір ауылдарға кейде өз пайдасын күйттегеннен артық игілігі шамалы инвесторлар барып-қайтып жатты. «Ауылдастың аты озсын» деп түзу ниет танытып іске икемделген ауылдық бастамашыны қолдаудың үкімет тарапынан бірқатар шаралары жасалып, қазынадан қыруар қаражат жұмсалып жатты. Ауылдық бастамашының ісі кейде ілгерілеп, кейде сабанханадан ұзамай «қыры кетіп», кей тұста іс барысынан «аузы күйген үрлеп ішеді» дегендей тәжірибе алып жатты. Әйтеуір, жылдар жылжып өткенде бірталай қарекетпен ауылдың жағдайы жөндемге келіп, мал басы көбейді, егіс ұлғайды, елдегі жұрт кәсіп тауып, тұрмыс ілгерілете бастады. Дегенмен, жалпыдан жалқыға ауысқанда жағдайдың бірыңғай бір деңгейде бола бермейтіні және белгілі. Күні кеше Сырдария ауданы, Айдарлы ауылына іс-сапарымыздың мәнісі де ауылдың тыныс-тірлігімен танысу болатын.

… Іргетасы сонау 1932 жылы қаланып, 1935 жылдан Айдарлы аталып қалыптасқан елдімекен Кеңес дәуірі тұсында төрт түлікті мыңдап өргізген іргелі шаруашылықтың бірі болғаны көз көрген жұртқа аян. Онан кейінгі жалпы ауылдың басында болған ауыртпа­лықты кезең бұл ауылды да айналып өтпеген. «Көппен көрген ұлы той» деген­­дей бұл ауыл жұртшылығы да заман ығына жығылып, талабына бейім­делгенше қилы кезеңдерді өткерген.

Ал енді бүгінгі күн белесіне шыққан­дағы бұл ауылдың хал-ахуалы нендей күйде?

Дүйім елмен бір тыныста алға бас­қан тұстары қандай? Ортаймас ырыс, оңды тұрмыс үшін қандай қарекетте? Көріп білгенімізді айталық.

***

«Жаңбырмен жер көгереді» деген­дей қысқы қар, күз, көктемде едәуір жауған жаңбыр жерге нәр беріп, Айдарлы аумағы көкке малынып тұр екен. Ауыл көшелері ертеректе егілген еңселі тал-теректерден бөлек, аула сыртындағы бос алаңқайларды жапқан табиғаттың өз тартуы шалғындықпен көркейіп тұр.

Кей тұста ашық алаңқайға саялы көлеңке беріп өскен шоқ тал ұшырасады.

Шоқ талдың саясында ертерек өрістен келіп күйіс қайырған қоңды түліктер жатыр «тіршілік рахатына бөленіп».

Көшенің екі жағына іркесіп-тір­кеспей, әрқайсысы қора-қопсы аума­ғы­мен, кейде шалғындықты аумақ­тармен кезектесіп, кең орналасқан тұрғын үйлердің маңайында бірен-сараң болмаса бейсауат жүрген кісі көрінбейді.

Тып-тыныш, табиғат аясындағы шағын ауыл…

Шағын ауылда 308 отбасы, 1734 тұрғын барын білдік ауыл әкімі Ғани Дүйсебековтен.

Айдарлыда туып өскен төл перзенті, мамандығы бойынша орыс тілі пәні мұғалімі, әкімдік қызметке дейін жергілікті мектеп директоры қызметін атқарған Ғ.Өтепбергенұлы­ның кіші әкім ретіндегі еңбек өтілі 6 жылдай болған. Аудандық мәслихат депутаттары сайлаған Айдарлының Ғани әкімі аудан әкімі Ғанибекпен үзеңгілесіп 6 жыл бірге келеді екен. Халық қамы     мүддесін алдыңғы орынға шығарып, әлеуметтік дүкен ашып, әр ауылда қоғамдық кеңес құрғызып, әр ауылды «Нағи Ілиясовтай» ету қолдан келер іс дегенді алға қойған Қазантаев басшылығындағы қызмет нақ осындай талап, мүддені қажет етсе керек. Ендеше, 6 жыл қызмет сол үделі істің нәтижесі де болса керек.

***

Ауылдағы әлеумет ахуалын дерек­теген әкім, ауылда бүгінде 12 тыл арда­гері, 171 зейнеткер, 35 «Алтын алқа», 40 «Күміс алқа» иегері барын жеткізді. Жыл басында көпбалалы, тұрмысы төмен отбасылар ретінде 62 отбасы тіркеліп, оның 51-і атаулы әлеуметтік жәрдемақы алып жатыр екен және құжат рәсімдеу барысында жүргендер бар көрінеді. Шағын ауылда мүмкіндігі шектеулі санатындағы 47 тұрғын тіркеуде екен. 1734 тұрғынның 723-і эконо­микалық белсенді халық сана­тында саналады. Жұмыссыздық дең­гейі өткен жыл аяғында 5,2 пайыз болса, бүгінде 4,8 пайыз болып тұрған көрінеді. Бұл ауылда да, басқа елді мекендердегі сияқты жұмыспен қам­тылған халық деген санаттағылардың едәуір қатарын өзін-өзі жұмыспен қам­тығандар құрайды. Жыл басындағы есеп бойынша өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны 298 болған. Ал енді шағын ауылда жиі бола бермейтін бос жұмыс орнына «жолдаманы» қоғамдық кеңес береді. Бұл ретте талапкердің кәсіби біліктілігінен бөлек тұрмыстық, отбасылық жағдайы дегендей әлеу­мет­тік хал-ахуалы алдымен назарға алынатын көрінеді. «Жұмыс орында­рына байланысты шешімді құрамында 13 мүшесі бар қоғамдық кеңес шешеді. Сондықтан бұл жөнінде тұрғындар тарапынан бұрынырақтағыдай реніш болмайды», дейді ауыл әкімі.

***

Өткен жыл қорытындысы бойынша өңірдегі төрт түлік саны облыста ең табысты болған 1993 жылдан асып түскендігі ресми тараптан сүйіншіленіп жүрген болатын. Бұған Айдарлы сияқты малшы ауылдардың үлесі бар. Осы орайда ауыл әкімі Ғ.Дүйсебеков ауыл кәсіпкерлері негізінен мал басын көбейту және бордақылаумен айналы­сатынын айтады. Төрт түлікті түгел өріс­­теткен ауылда тұрғындардың үй жанындағы қора-қопсыларында, сондай-ақ шаруа қожалықтарындағы мал басы өткен жылғы есеп бойынша 2728 бас ірі қара, 1195 бас уақ мал, 561 бас жылқы, 14 бас түйе болған. Айдар­лы­лықтар төрт түліктен бөлек құс шаруашылығымен де айналысуда. Төрт түлік басы жылдан жылға көбейе түскен. Айталық, өткен жылы ірі қара басы 20%-ға көбейген екен. Ауыл кәсіпкерлері мал шаруашылығына бейімделумен қабат диқаншылықты да қамтып, онда да мал шаруашылығына қажетті жем-шөп жайын да, байырғы бақша егісін де қолға алып жатқан көрінеді. Өткен жылы ауылдық округ бойынша бақша егісінің көлемі 78 гектар болса, 17 гектарға картоп және көкөніс дақылдары егілген.

«Ауылдың даму перспективасы негізінен осы екі салада»,- дейді әкім де. Яғни, «Ауыл шаруашылығы эконо­миканың драйверіне айналуы тиіс» деген мақсатты іске шағын ауылдың шағын шаруашылықтары да үлес қосуда. Қолдан келер істі ұқсату мен қолда бар мүмкіндікті пайдалану нәти­жеге кепіл. Ендеше, ата кәсіпті алға апара жатқан айдарлылықтар еңбегінің бермегі еселене түсетініне сенім мол. 

***

Жыл басындағы есеп бойынша ауылда тіркелген кәсіпкерлер саны 91 болса, оның жұмыс істеп тұрғаны 86 болған екен. Ғ.Дүйсебеков жыл басы­нан бері 13 кәсіпкер және тіркелгенін айтты. Әсіресе жастардың кәсіпкер­лікке ықыласты екенін жеткізді ауыл әкімі. Осы ретте мемлекеттік бағдар­ламалардың аясындағы қолдаулардың оң септігі бар. Нақты дәйектесек, жыл басынан бері ауылда кәсіпкерлікті дамытудың жоспарланған «Жол картасы» негізінде 3 адам «Бизнес-Кеңесші» жобасы бойынша оқытылған. Межелі жоспар 7 адамды оқыту. «Бизнес-Бастау» жобасы бойынша 10 адамды оқыту жоспарланса, жыл басынан бері 2 адам оқып шығып және 3 адам оқу барысында көрінеді. Осы орайда айта кетерлігі, өткен жылы «Бизнес-Бастау» сертификатын алған Серік Ақнұр биылғы жылы «Микробиз­нес Қызылорда» бағдарламасы бойынша «Өңірлік инвестициялық орталығы» МҚҰ ЖШС арқылы 2 млн. теңге алып, «Тігін өнімдерін өндіру» жобасын жүзеге асыруда екен.

Айдарлылық 3 бастамашы «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасының грантына ие болуға талап қылып, оның бірі 450 мың теңге­нің грантына ие болған. Бұл қолөнер шеберханасы жобасы екен. «Сырдария — 1» мекемесі арқылы жобасын жүзеге асырмақ ЖК «Әбітай» ендігі кезекте жобасының қаржыландырылуын күтіп отырған көрінеді. Бұл ауылдың жас­тарының кәсіп ашып өз ісін жүргізуге талаптары күшті екенін айтады ауыл әкімі. Айталық, ауыл жастарын қолдау мақсатында жас бастамашылар қайтарымсыз грант алуға, шағын несие алуға көптеп өтініш білдіруде екен. 1 млн. теңгеден 5 млн. теңгеге дейінгі жобаларды жүзеге асыру үшін шағын несие алуға 9 жас өтініш білдірген екен. Олардың 5-еуі мал басын көбейту (ірі қара мал) бойынша жобалар болса, кейбірі «елде жоқ, ерекше жобалар» екен. Мәселен, Өмірзақ Есболатов­тың құны 5 млн. теңге болатын шемішке май өндіру жобасы, Телжан Сағын­байдың қоян өсіру кәсібі бар. Жас бастамашылар қатарында сондай-ақ, жеңілдікті несие арқылы монша ашып, тігін цехын ұйымдастырғысы келетін­дер де бар.

«Бизнестің жол картасы — 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы шеңберінде қайтарымсыз грант алуға шемішке май өндіру жобасы (жоба құны 3 млн.), компьютер орталығын ашу жобасы (жоба құны 700 мың теңге), сондай-ақ, қолөнер шеберханасын ашу (жоба құны 2 млн. теңге) сынды жобалар ұсыны­лыпты. Мал шаруашылығы, егіншілік сынды дәстүрлі кәсіпті діттеген жоба­ларды жүзеге асыру барысындағы айдарлылық бастамашылар ауылда 6 дүкен, 1 шаштараз, 2 наубайхана, 1 көлік дөңгелектерін жөндеу сынды өз қажеттерін өздері өтейтін тұрмыстық қажеттілік ыңғайындағы кәсіпкерлік нысандардың біразымен қамтамасыз етіп қойған екен. Ауылдың және бір қажеті көпшілік монша жобасы қаржылай қолдау алса және жүзеге асырылмақ.

«Өткен жылы кәсіпкерлеріміз мемлекеттік қолдау шеңберінде 29 млн. қаражатқа ие болды»,- дейді Ғ.Дүйсебеков. Сондай-ақ, тиімді кәсіп көзін тауып, грантқа ие болғандар да бар. Облыс әкімінің грантына айдарлы­лық 2 кәсіпкер және ие болған. «Жас проджект» жобасы бойынша жүлдегер атанғандар да бар. Осы орайда бұл ауылда кәсіпкерліктің даму жағдайы жөнінен 2017 жылы ауылда 10 кәсіп­кер­лік субъектісі, 2018 жылы 26 кәсіпкерлік субъектісі, биыл жыл басынан бері жоғарыда аталғандай 13 кәсіпкерлік субъектісі тіркелгені нақты көрсеткіш болса керек. Дегенмен, тіркелген кәсіпкердің бәрі ісі дөңгеленіп жүріп кетпейтіні және белгілі. Бұл ауылда жыл басынан бері 13 кәсіпкерлік субъект тіркелсе, 7-сі жабылыпты.

***

Өткен жыл қорытындысы бойынша ауылда барлық бюджеттен бөлінген қаражат 100 пайызға игеріліпті. Сондай-ақ, жеке тұлғалардан алына­тын мүліктік салық (17709,0 теңге болып) 100 пайызға, жер салығы (70861,0 болып) 100 пайызға, көлік құралдары салығы 1266300,0 болып 113 пайызға орындалыпты. Жыл аяғында жергілікті өзін-өзі басқарудың қолма-қол ақшаны бақылау шотына салықтық және салықтық емес түсімдер 1803,207 мың теңгені құраған. Күні бүгін де ауылдық округ әкімі Ғ.Дүйсебеков «Салық орындалып жатыр, салық төлеуден мәселе жоқ»,- дейді біздің сауалымызға орай.

***

Клуб, мектеп, медпункт сияқты нысандар әр ауылдың әл-ауқатының бір көрсеткіші сынды. Ортақ игіліктегі бұл нысандардың жай-күйін сыртқы көрінісі де айқындағандай.

Ауыл мәдениет үйі қызыл кірпіштен салынған жаңа ғимаратымен менмұн­далайды. 150 орындық ғимарат 2015 жылы пайдалануға берілген екен. «Рухани жаңғыру» деген кезек күттір­мес міндетті алға қойған дүйім елде мәдениет үйлерінің атқарар қызметі салмақты болса керек. Осы орайда алтын бесік ауылдағы мәдениет ошақтары қандай қызмет атқаруда?

10 адам тұрақты жұмыс істейтін ауылдың мәдениет үйінде ауыл өнерпаздарының қатысуымен мере­келік концерттер, би кештері, кино, мультфильм көрсетілімдері өткізіліп тұрады екен. Ән, би, көркемсөз, қолөнер үйірмелері, үгіт бригадасы жұмыс істейтін көрінеді. Ауыл мәдениет үйінің мақтанышы 1985 жылы құрылып, 1988 жылы Халықтық театр атағын алған халық театры да жұмыс істеуде екен. Өткен жылы Қазақстан­ның халық жазушысы, драматург Қалтай Мұхамеджановтың 90 жылды­ғына орай облыстық деңгейде ұйым­дастырылған «Қаламы қарымды Қалтай» атты байқауда театр режис­сері Рахия Абдукаримова «Үздік әйел бейнесі» номинациясымен марапаттал­ған. Сондай-ақ, мәдениет үйінің үйірме қатысушыларының облыстық дең­гейде ұйымдастырылған байқау­лар­дан үздік шығып жатқандары бар. Айталық, өткен жылы мәдениет үйінің «Нұрай» бишілер тобы облыстық бай­қауда жүлдегер атанған. «Нұрай» биші­лер тобы өткен жылы сондай-ақ, «Інжу-Маржан» атты республикалық балалар мен жасөспірімдер арасын­дағы ұлттық-дәстүрлі өнер бай­қауында бас жүлдені жеңіп алған. Өткен жылы Айдарлы ауылының мәде­ниет үйі «Үздік клуб» облыстық бай­қауында екінші орын жүлдегері атанған.

18 мыңнан астам кітап қоры бар ауыл кітапханасының 800-ге тарта тұрақты оқырманы бар деген дерек алдық. Өткен жыл қорытындысы бойынша кітапханаға 9572 оқырман келіп, 14477 кітап алғандығын дерек­тейді ресми мәлімет. Анық солай болса, айдарлылықтар байырғы кітапқұмарлар қатарынан болғаны шығар?.. Айдарлының 624 орындық №139 орта мектебі 1984 жылы пайдалануға берілген екен. Ауылдағы еңселі де ең ауқымды ғимарат та осы. Бүгінде ауыл мектебінде 350-ден астам оқушы білім алатынын білдік ауыл әкімінен. Айдарлы мектебін биылғы оқу жылында бітірген түлектер Ұлттық бірыңғай тестілеуден орташа 95 балл алыпты. Өткен жылғы ҰБТ нәтижесі орташа 82,8 балл болған. Мектеп түлектерінің бір де бірін шет қалдыр­май әрбірінің талабы мен бейімділігіне қарай үлкен өмір бастауын дұрыс жолға бағыттап, қолдау көрсету бұ­рынғы облыс басшылығы тұсында ерек мән берілген игі бастаманың бірі бола­тын. Айдарлы мектебінің өткен оқу жылын­дағы түлектерінің барлығы да жоғары және арнаулы оқу орындарына түскенін білдік ресми тараптан. Және бір атап өтерлігі өткен оқу жылында 2 түлек «Алтын белгі» иегері атаныпты. Мектеп оқушылары қатарында пәндік байқауларға қатысып аудандық, облыс­тық деңгейде жеңімпаз атанып жүрген оқушылар қатары да бар. Бұл ең алдымен шәкірт бойындағы дарын мен талапты танып, баптай білген білікті ұстаздардың еңбегінің нәтижесі. Сондықтан түрлі байқауларда оза шап­қан озат оқушылармен қабат ұлағатты ұстаздардың ерен еңбегі еленіп, тиісті тараптан марапат алып, мерейі өскен тұстар да баршылық. Жалпы, «бұрынғы Білім Министрі ретінде» бұрынғы әкім Көшербаев тұсында облыс ұстазда­ры­ның елеулі деңгейде еленіп, ескеріл­генін ұстаздар қауымының терістемесі анық. Бірқатар ұстаздардың Сырдария ауданының тоқсан жылдығына орай ауданның мерейтойлық медалмен марапатталуы да мерейлі істің бір жемісі десек артық айтқандық емес.

Ауыл тұрғыны облысқа белгілі қолөнер шебері Роза Әлібатырованың ізін басып келе жатқан жас қолөнер­шілер, бүгінде мектеп оқушылары да бар. Айталық, халықаралық мәдени құндылықтарды дамытып, салт-дәс­түрді насихаттау мақсатында өткізі­летін «Алтын қазына» көркем және сәндік қолданбалы балалар шығарма­шы­лығының аудандық байқауында «Кесте өнері» аталымы бойынша Айзере Тәжібай, Гүлім Амантай бірінші орынға ие болса, «Ата-бабалары­мыздың мұрасын сақтаймыз және дамытамыз» атты өлкетану сәндік қолданбалы шығармашылығының аудандық, облыстық кезеңінде 1 орын алған Ақжүніс Тәжібай республикалық деңгейде «Өңірдің көркемдік және халықтық қолөнері» аталымы бойынша ІІІ-дәрежелі дипломмен марапатталған екен. Бір сөзбен айтқанда, білімде, спортта, өнерде озық жеткіншектер бұл ауылда да өсіп келеді.

***

Ауылдағы «Нұр сәби» балабақша­сында 25 бала тәрбиеленуде екен. Мектеп жанындағы шағын орталық және жұмыс істейді. Алдағы уақытта ауылдың ескі емханасын жөндеуден өткізіп балабақшаға беру жоспары барын жеткізді ауыл әкімі.

— Ескі емхананы 50 орындық балабақша етіп жаңғырту жоспары бар. Жобалау-сметалық құжаттарын облысқа өткіздік. Қаржысы облыстық бюджеттен қаралмақ,- дейді Ғ.Дүйсе­баев. Өскелең ауылдың бір қажеттілігі бұл. Өткен жылы ауылда 32 бала дүниеге келіпті. Жаңа емхана 2013 жылы пайдалануға берілген. Емханада 1 дәрігер, 5 мейірбике, 2 кіші медици­налық қызметкер жұмыс істейді екен. Бір сөзбен айтқанда, ауыл жұртының әлеу­мет­тік жай-күйінің бір көрсеткіші ретін­дегі әлеуметтік нысандармен ауыл қам­тамасыз етілген. Бүгінгі күн қажет­тілігін ғана емес, таяу жылдардағы қажеттілікті ескерген жаңа балабақша жайы да шешім табарына сенімді ауыл әкімі.

***

Ауыл жағдайын тек «әкім айттыға» сүйеніп қана айтып отырғанымыз жоқ, әлбетте. Мүмкіндігінше ауылды аралап көріп, тұрғындардың тірлік барысымен танысып, жүрген жерімізде хал-жай сұрастық.

Жоғарыда атап өткеніміздей, ауылда 6 дүкен жұмыс істеуде екен. Іс-сапар барысында бізге жол көрсеткен жастар — ауыл тұрғындары Сұңғат пен Өмірзақ ауылдағы 6 дүкеннің ешбі­рінде арақ сатылмайтынын мақтаныш­пен жеткізді. Ауыл тұрғындары болып, ораза кезінде осындай тыйым салыпты. «Баяғы ауыл жоқ деп кейбіреу­лер аңсайтын кеңес заманғы ауылдан қазіргі ауылымыз көш ілгері»- дейді Айдарлының патриоты Сұңғат ең бастысы жастардың ішімдік құмарлық­тан аулақ, кәсіп көзін табуға ықылас­тығын айтып. Бұл ауылдың жастары жоғарыда атап өткеніміздей кәсіп­керлік жобаларымен жастар жылының игілігін көруге талап білдірумен қабат, жастар жылына орай «аспаннан шұға жауарын» күтіп алаңсыз отырмағанға ұқсайды. Ауылға қажетті игілікті өз қолдарымен жасауға мүмкіндігінше үлес қосуда екен. Айталық, ауылдас­тармен бірлесіп ораза айында ауыл мешітінің жанынан шатырлы сәкі (навес) соғып беріпті, енді ауылдың кіре берісіне қақпа (арка) соғуға кірісуде екен. Ауылда жем-шөптік жүгері егісін түлетіп, жастар брига­дасын құрып жатыр екен айдарлылық бастамашы жастар. «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» демекші кеңес заманындағы «жастар бригадасын» түлетіп, ауыл жастарын жұмыспен қамтудың тиімді тәсілін іске асыруға ұйтқы болған жаңашыл әкім Ғ.Қазан­таев екенін айтады іс-басындағы үлкенді-кішілі қауым. Ардагерлерге қамқорлық, қолдау тарапындағы игі іске де атсалысуда екен Айдарлы жастары. Ардагерлерге құрмет, тұрмысы төмен отбасыларды қолдауда ауыл кәсіпкерлерінің әрдәйім белсенділік, ынта-ықылас танытатынын ризалықпен жеткізді ауыл әкімі.

***

Ауылдағы тұрғын үйлер негізінен жеке жер үйлер екені белгілі. Осы күндері әр ауылда да кеңес заманы тұсында салынған үйлерден гөрі кейіннен салынған жаңа үйлер басым. «Көненің көзі» кейде көше бойында бірді-екілі ғана ұшыраса­тыны бар. Бұл ауылдың да өн бойында жаппай бол­мағанмен жаңарған тұр­мыстың бұл көрінісі де әр тұста көзге жылы ұшы­рап жатты. Үй айналасы, көше бойындағы тал-терек те ауыл көркін келтіретін көрініс. Ауылға кіребе­рісте қоршау ішінде желкілдеп өскен жас ағаштарды көзіміз шал­ған. Дегенмен, бұл ауыл­дағы тал-теректің басым дені бұрынырақта егіл­генге ұқсайды. Қазір ауылда аяқ су тапшылығы бар екен. «Дарияда су көтерілсе аяқ суға қалқа­рази боламыз, дарияда су төмен түскенде ауыл­дың бәріне тегіс су жете бермейді» дейді тұрғын­дар. Аяқ судың қажетті кезінде қажетті дейгейде жеткізілуі үшін Ақтам каналының сағасы тазар­тылуы керек екен. Бұл мәселе ауыл әкімінің есеп беру жиынында да көтеріліп, ел алдында нақты міндетке алынған шаруаның бірі екен.

— Ауылымызға аяқ суды Ботабай, Ақтам каналдары арқылы аламыз. Ботабайдың сағасы 90 шақырымда, Ақтам 16 шақырымда. Ботабайдың бойында Шиелі ауданының үш елді мекені орналасқан судың мойны ұзақ. Ақтам каналының сағасы 7-8 жыл бойына тазартылмағасын судың келуі қиын болып тұр. Бұл су арнасы Табиғи ресурстар және табиғатты пайда­лануды реттеу басқармасына қарасты «Табиғат» мекемесінің балансында. Жақында облыстың су шаруашылығы басқармасы арқылы аталған мекемеге Ақтам каналының сағасын тазарту жұмыстарына байланысты жобалық-сметалық құжаттамаларды жасап өткіздік. Сағаның 5 шақырымы тазар­тылуы керек. Канал тазар­тылса ауылда аяқ судан мәселе бол­майды. Негізі су арнасын 3-4 жылда тазалап тұру керек,- дейді ауыл әкімі. Аяқ су мәселесі осындай болғанда ауылдың ауыз су жағдайы қалай екен? Негізі біздің облыс ресми ақпаратқа сүйенсек 98 пайыз таза ауыз сумен қамтамасыз етілген, ауыз су жағдайы жақсы шешілген алдыңғы қатарлы өңір саналады. Бұл ауылда да ауыз су мәсе­лесі толығымен шешім тапқан екен.

— Үш жыл бұрын 14 шақырым су құбырлары салынып, ауыз су әр үйдің ауласына дейін жеткізіліп, әр үйге есептегіш құралы орнатылып берілген. Қазір тәулігіне 24 сағат бойына болмағанмен таңертеңгі 7-ден түнгі 21-ге дейін ауыз су үздіксіз беріліп тұр. Қалған уақытта су жиналуы керек,- дейді ауыл әкімі.

Айдарлылықтардың тағы бір тұрмыстық қажеттілігі көгілдір отын. «Газ өте керек. Ауылымыз сексеуілдің ортасында. Бірақ оны қозғауға тыйым салынған. Оның үстіне сексеуілді қозғасаң құм көшеді, бұл ауа райына да, егістікке де кері әсерін тигізеді. Газ ертерек келсе екен»,- дейді айдарлылық тұрғынның бірі.

Ауыл әкімі «2020 жылға дейін келеді деп отырмыз»,- дейді.

***

Шағын ауылдың біз жүріп өткен көшелерінің бәрі асфальт. Жаяу жүргінші жолы, жарық бағаналары бәрі түгел болмағанмен көлік жүретін жолы асфальтталып қойыпты. Жарық баға­налары бар тұстар да бар. «Ауылдағы 10 көшенің 8 асфальт. Қ.Сәтбаев көшесінде бұрыннан жақсы сақталған асфальт бар. Қалымбетов көшесін орташа жөндеуге жобалық-сметасы жасалып дайын тұр»,- дейді ауыл әкімі Ғ.Өтепбергенұлы. Қаражаты аудан­дық, облыстық бюджетке қарап тұр екен. Қалымбетов көшесі жөндел­геннен кейін Сәтбаев көшесінің көне жолын да жаңарту жоспары барын айтты ауыл әкімі. Жалпы ауылдың даму жоспары қандай, кезек күттірмес қандай мәселе бар?

Бір сөзге тартқан ауыл тұрғында­рының бірі «алдағы уақытта біздің ауыл да Нағи Ілиясов ауылындай болады»- дегенді айтқан. Несі бар. «Адам істегенді адам істейді» дегендей, шаруаның көзін тауып, істі ілгерілету тетігін тапса, жанашыр басшы, іскер инвестор болса, ел бірлікпен жұмылса, қолдан келмес пе дегенді білдіреді ауыл тұрғындары. «Ауылда бос жүрген адам жоқ, әркім қолынан келген тіршілігін жасап жатыр. Әсіресе жастардың ықыласы жақсы»- дегенді ауылдықтардың өздері айтқан. Ауылдың даму жоспары жайынан ауыл әкімі Ғани Өтепбергенұлының айтқаны: «Ескі емхананы күрделі жөндеуден өткізіп, балабақша ашу, Ақтам каналының сағасын тазартып, ауылды аяқ сумен толық қамтамасыз ету, Қалымбетов, Сәтбаев көшелерін орташа жөндеуден өткізу. Көгілдір отын келсе, сонда ауылдан қалаға көшудің қажеті болмай қалады»,- дейді, қазір де ауылдан қалаға көшіп жатқан тұрғындар бар екенін жасыр­май. Шындығында да, осыдан он бес жылдай бұрын, нақты айтқанда 2005 жылы) Айдарлы ауылының тұрғынының саны ресми дерек бойынша 2 мың саналған екен. Бүгінде бұдан едәуір азайғанын жоғарыда атап өттік. Ауылдағы тағы бір жаңалық ауылға жуырда жоғары жылдамдықты интер­нет келіп жатыр екен. Сонау бір қияндағы ауыл емес, облыс орталы­ғына тиіп тұрған ауылда ол болмаса, цифрландыру саясатының игілігі қайсы, әрине?!

***

Ілгеріде «Айдарлының қауын-қарбызы», «Айдарлының сөгі» деген даңқты өнімдері болатын. Айдарлы­лықтар тары екпегенімізге оншақты жыл болды»- дейді. «Шағындап егуге торғай да бермейді»- дейді іс мәнісінен хабар­дар айдарлылық. Көптеу егуге бей­неті көптеу жұмысқа пейілді шаруа әзірге көрінбейді. Әйтсе де, «Айдарлы­ның сөгі» деп жұрт қаладағы базардан да қымбат бағасына өздері қалап әкететін тары егісін қолға алса теріс болмас еді дейді.

Көкорай табиғат аясындағы шағын ауылдың тұрмыс-тірлігінен біз білген жағдай осы. Дүйім елдің алға басуға ынталы тірлігі бар бұл ауылда да.

Ауылдықтар бақша салып, егіс егіп, құс өсіріп, мал бағып, үй тұрғызып, кілем тоқып, байырғы рухани құнды­лықтардан да айнымай дүкендерінде «арам су» сатылымына тыйым салып, имандылыққа ұйысып, кітапхана, клубтың да жұмысын ақсатпай ілгері тұрмысқа ұмтылыста. Тірлік қазаны қайнап, тұрмысы жайнай түсеріне зор сенімді. «Барша қам-қарекетінде айдарынан жел ессін, айдарлылық ағайынның!» деп тіледік біз де…

Ж.АЙМАҒАНБЕТОВА

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *