QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

Ойын алаңдарын ойладық па?..

Автор:QAA.kz

Июл 19, 2019

Қызылорда қаласындағы көп қабатты тұрғын үйлер аулаларында барлығы 130-ға жуық балалар ойын алаңдары бар. Биылғы жылы да 10 балалар ойын алаңдары салыну жоспары бар. Аулаларды аралап, жергілікті тұрғындардың пікірін білген болатынбыз. Кейбір ойын алаңдары сапалы болса, енді кейбі­реулері жарамсыз жағдайда екенін де кездестірдік.  

«Шұғыла» ықшам ауданының тұрғыны Гүлнұр Есжанова: 

– Үй алдындағы ойын алаңы – әр адамның бала­лық шағының бір бөлшегі. Ықшам ауданымыздағы әрбір үйдің ауласында балалар ойнайтын алаңдар бар. Әртүрлі әткеншектер мен турниктер балалар үшін керек. Ал, балдырғандар турникке тартылып, әткен­шек, ролик теуіп, қуаласпақ, волейбол, баскетбол, футбол ойнап жатады. Қыраулы қыста да ауламызда балалар шулап, аққала жасап ойнайды. Шана сүйреп, коньки теуіп, сырғанап, жұмсақ қарға аунап, ауланы қуанышқа толтырады.

«Сәулет» ықшам ауданының тұрғыны, зейнеткер Әжімұрат Ибраев:

— Біз осы» ықшам ауданы құрылғаннан бері тұрып келеміз. Басында бұл жерлер бос жатқан жер учаскелері болатын. Осы уақытқа дейін ықшам ауданымызда тұрғындардың тұрмыс жағдайын жақсарту үшін бірталай ізгі шаралар жүзеге асырылды. Көптеген тұрғын үйлер салынып, мектеп, балабақша, азық-түлік дүкендері мен шаштараз ашылды. Баяғы  топырағы бұрқыраған жерге тас төселіп, басты жолдар асфальтталды. Түнде жарық болып тұру үшін көше бойына бағаналы шамдар орнатылды. «Сәулет» ықшам ауданы  көріктеніп, абаттанып келеді. Бәрі жақсы. Бірақ, балалар ойнайтын алаңқайдың кейбіреулері сынып, әткеншектер мен сырғанақтардың жарылып, балалардың алаңсыз ойын ойнауына мүмкіндік болмай тұр. Немерелерімді өзім қадағалап ойнатамын. Жығылып жазым болып қала ма деп қауіптенеміз. Осы жағы ескеріліп қайта жаңартулар жасалса деген тілегіміз бар. Әткеншек, сырғанақтар бар болғандықтан, балаларымыз қысы-жазы мектеп алдындағы алаңда ойнағанды ұнатады.

«Шанхай» ықшам ауданының тұрғыны Жұмағазы Әлиханов:

– Талай жылдан бері осы жерде тұрып келе жатырмыз. Бастауыш сыныптарда оқитын үш немерем бар. Қазір жазғы каникулда демалуда. Немерелерім қысы-жазы үй ауласында ойнап жүреді. Үйіміздің ауласы балалардың ойын алаңына айналды. Олар көз алдымызда ойнамаса, көңіліміз тыныш болмайды. Көшеде доп теуіп жүретін көрші балалар көп. Балаларының көшеде ойнағанын ата-аналар да қаламайды. Шыны керек, әрбір ата-ана өз перзентінің қауіпсіздігіне қатты алаңдайды. Ойын баласы болған соң олар төрт қабырғада қамалып отыра алмайды. Немере­леріміздің бала кезінен бастап қалалық мәдениетті бойларына сіңіріп өскеніне не жетсін! Қала орталығындағы көп қабатты үйлердің   жанында балалар ойнайтын алаңдар жасалып жабдықталған. Жыл сайын халық саны артып келетін ықшамауданы­мызда ойын алаңдары көптеп салынып, қадағаланып тұрса бір ғанибет болар еді.

«Астана» ықшам ауданының тұрғыны, заңгер Айбану Қалиев: 

— Қазіргі өркениет заманында балаларға жағдай жасалуы заңдылық. Үй алдында ойнап жүрген немере-шөберелерін көрген ата-әжелеріміз «Біздің кезімізде мұндай керемет дүние­лер болмаған еді» деп үнемі айтып отырады. Алыстағы ауылдан келген туысқандарымыздың бала-шағасы жыл сайын жаз мезгі­лінде таңер­теңнен түнге дейін осы ойын алаңдарында әткеншек теуіп, ойнағаннан шаршамайды. Ауылдың әрбір баласы өз үйінің ауласында қаладағыдай әткен­шектер тұрғанын армандайды.

Иә, көңілдің  гүлі, көздің нұры саналатын балаларға  қуаныш сыйлап, олардың білім алып, рухани дамуы үшін барынша жағдай жасалу қажет. Қаламыздың басым бөлігінде балаларға арналып әткеншектер, сырғанақ, өрмелеуіш, төбесі жабылған ойын құрылғылары орнатылған. Ойын алаңдары түрлі-түспен боялып, безендіріліп, балалар ойнайтын алаңға құм төгілген. Кешкі мезгілде әрбір ықшам аудандағы ойын алаңдардың іші балақайлар мен ата-аналарға лық толы болады.

Т.БЕКМЫРЗАЕВ

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *