QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

Облыста туу көрсеткіші артып келеді

ByQAA.kz

Мам 18, 2020

Отбасы – ел ішіндегі шағын мемлекет. Жанына жақын жандармен бірлесіп өмір сүретін орта. Ұлтымыз үшін құнды ұғымның құрметі де биікте. Әсілінде, «Отан – отбасынан басталады». Рас, тәрбие мен тәлімді осы ортадан меңгеріп, ел басқарушы тұлғалар да түрлі сала үздіктері де шағын мемлекеттен шығады.

Соңғы жылдары «Отбасы күні» халықаралық деңгейде тойланып келеді. 15 мамыр күні кең көлемде атап өтілетін мереке Қызылорда өңірінде де ұмыт қалған жоқ. Дәлел болсын, «Ана мен бала» орталығы ұйымдастырған шараға тоқталайық.

Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасының ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінің басшысы Бибізада Дүйсенбаева қызылордалық бір топ аналарды халықаралық отбасы күнімен арнайы құттықтады.

– Елімізде «Отбасы күні мерекесі» отбасы институтын нығайтуға, рухани және адами тұрғыдан тәрбиелеуге, жұбайлар арасындағы жауапкершілікті күшейте түсуге бағытталған. Отбасы берік болмай, мемлекет берік болмайды. Отбасы – қоғамның іргетасы, ажырамас бөлігі. Өмірге енді ғана келіп жатқан бөбектеріңіз елге сыйлы азамат болып өсуіне тілектеспін. Балаларыңыз әрдайым көз қуаныштарыңыз болып жүре берсін! Баршаңызға отбасы күні құтты болсын! Халқымызға бейбітшілікпен тыныштық, шаңырақтарыңызға бақыт, табыс тілеймін! Мерейлі отбасылар көбейе берсін, -деп ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінің басшысы Бибізада Әшімқызы ізгі лебізін жеткізді. Артынша облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы атынан сыйлықтарды табыстады. Сондай-ақ, перинаталдық орталықтағы аналарға «Отбасында сәбиге күтім жасау», «Нәрестелердің дұрыс тамақтануы», «Отбасында ерте жастағы балаларға күтім жасау» тақырыптарында ақпараттық-әдістемелік материалдарды ұсынды.

Айта кетейік, облыста ана мен бала денсаулығы назарға алынып, оларға дер кезінде қамқорлық көрсетілуде. Одан бөлек, демографиялық өсім де ерекше бақылауға алынған. Қуантарлығы, Қызылордада туу көрсеткіші де жыл санап жоғарылап келеді. Мәселен, жыл басынан бері орталықта барлығы 3977 сәби дүниеге келді. Оның 1883-і (47,3 пайыз) ер бала болса, 2097-і (52,7 пайыз) қыз бала, 68-і егіз, 2-уі үшем.

А.ӘЛИАРЫСТАН

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған