QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ КОМАНДАСЫНДА КІМДЕР БАР?

ByQAA.kz

Қаз 23, 2020

Сыр бойында биліктің жаңарғанына да 7 айға жуықтады. Бүгінде облысты басқаратын басшы туралы білгенімен, маңайындағы, дәлірегі оның командасындағы тұлғалар туралы бейхабар тұрғындар жетерлік. Арнайы шаруасына байланысты немесе, өз саласына бағытталған тірлік барысынан білмесе, көшеде «мынау облыс әкімінің орынбасары» деп өздігінен танитындар бірен-сараң. Жасыратыны жоқ, қанша орынбасары бар екендігінен және олар қай бағытқа жауапты екенінен де хабарсыздар аз емес. Әрине, әр алуан жиындар мен жұрт жиналған көпшілік ортада төбе көрсететін идеологтарды қоспағанда… Алдымен, әкім Әбдіқалықованың және оның бұйрығы мен талабына тікелей жауапты «Құрметті» бес орынбасарының қайдан келгені, бұған дейін не бітіргені, қандай жетістерге ие болғаны турасында айталық… «Құрметті» деуіміз бекер емес. Жақановтан басқасы (жұғысты болсын) «Құрмет» орденін иеленген екен. Осы тұста бұл креслоның иелері халық алдында қаншалықты құрметті деген сауал да туындайды…

ӘБДІҚАЛЫҚОВА Гүлшара Наушақызы

Қызылорда облысының әкімі

Әбдіқалықова Гүлшара Наушақызы 1965 жылы туған. 1987 жылы Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтын бітірген. Экономика ғылымдарының кандидаты. Еңбек жолын 1987 жылы Қызылорда облыстық әлеуметтік қамсыздандыру басқармасының бас инспекторы қызметінен бастаған. Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде жауапты қызметтер атқарған. Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі, «Өмірді сақтандыру компаниясы» АҚ Басқарма төрағасы, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Жауапты хатшысы, екі мәрте Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы, екі мәрте Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Орынбасары қызметтерін атқарды. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты да болды. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы лауазымын да иеленген болатын. Осыншалықты қызметті абыроймен атқарып келгендіктен болар, Президент Сыр жұртшылығына жауапты болуына сенім білдірді. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 2020 жылдың 28 наурызынан бастап Қызылорда облыс әкімі лауазымына тағайындалды. Мақтанарлығы, облыс әкімдері арасында әйел билігіне келген тұңғыш тұлға. Жетістік те жетерлік. 1998 жылы «Астана» медалі, 2001 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалі, 2005 жылы «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл» мерейтойлық медалімен, 2008 жылы «Астананың 10 жылдығы» мерейтойлық медалі, 2009 жылы «Парасат» орденімен, 2015 жылы «Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл» медалімен, 2015 жылы «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» мерейтойлық медалімен, 2016 жылы «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерейтойлық медалімен және 2018 жылы «Астана 20 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталған.

СҮЛЕЙМЕНОВ Серік Жүсіпұлы

Қызылорда облысы әкімінің орынбасары –

ҚР Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі

Серік Сүлейменов 1966 жылы туған. С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін математика және заңтану мамандықтары бойынша бітірген. Еңбек жолын 1992 жылы Казкоммерцбанк акционерлік қоғамы Заң басқармасының бастығы ретінде бастаған. Әр жылдары мемлекеттік қызмет саласы, жеке және квазимемлекеттік секторларда жауапты басшылық қызметтер атқарған. «Маңғыстау электр тарату тораптары компаниясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің сарапшысы, Қазақстан Республикасы ПремьерМинистрі Кеңсесінің бас инспекторы болған. Сондай-ақ, «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы, директорлар кеңесінің төрағасы, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары болған. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің төрағасы лауазымында қызмет атқарды. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша облыс әкімінің өкімімен 2020 жылдың 3 сәуірінен бастап облыс әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалды. Облыс әкімінің орынбасары ретінде Серік Сүлейменов құрылыс, энергетика, тұрғын үй және көліктік инфрақұрылымды дамыту, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы, ҚР Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілінің қызметін қамтамасыз етеді. «Құрмет» орденімен марапатталған.

АХМЕТ Серік Әбжәліұлы

Қызылорда облысы әкімінің орынбасары

Серік Ахмет 1961 жылы туған. Қарағанды мемлекеттік университетін тарих мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1978 жылы Жезқазған облысындағы Октябрдің 40 жылдығы атындағы кеңшардың қарапайым жұмысшысы ретінде бастаған. Әр жылдары мемлекеттік қызмет пен жеке секторда жауапты басшылық жасаған. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі, Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі, Мемлекеттік хатшы хатшылығының меңгерушісі және Премьер-Министр Кеңсесі басшысының орынбасары лауазымдарын да атқарған. «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» акционерлік қоғамы бас директорының орынбасары да болды. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша облыс әкімінің өкімімен 2020 жылдың 3 сәуірінен бастап облыс әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалды. Облыс әкімінің орынбасары ретінде Серік Ахмет аймақтың ішкі саясат, жастар мәселесі, мәдениет пен спорт және жұмылдыру дайындығы салаларына жетекшілік жасайды. «Құрмет» орденімен және «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.

БАЙҚАДАМОВ Наурызбай Сейітқалиұлы

Қызылорда облысы әкімінің орынбасары

Наурызбай Байқадамов 1967 жылы туған. Н. Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтын бітірген. Тарих ғылымдарының кандидаты, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің академиялық доценті. Еңбек жолын 1991 жылы Сырдария ауданындағы №139 орта мектепте тарих пәнінің мұғалімі болып бастаған. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің оқытушысы, аға оқытушысы, кафедра меңгерушісі, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің жанындағы колледж директоры, «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының орынбасары, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің тәрбие жөніндегі проректоры, Қызылорда облысының білім басқармасының басшысы, «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, Қызылорда облыстық мәслихатының хатшысы болды. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша облыс әкімінің өкімімен 2019 жылдың 27 тамызынан бастап облыс әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалды. Облыс әкімінің орынбасары ретінде Наурызбай Байқадамов білім, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар салаларына жетекшілік жасайды. «Қазақстан Республикасы тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалімен және «Құрмет» орденімен марапатталған.

ЖАХАНОВ Бахыт Дүйсенұлы

Қызылорда облысы әкімінің орынбасары

Жаханов Бахыт Дүйсенұлы 1974 жылы туған. Ы.Жахаев атындағы Қызылорда политехникалық институтын экономист-менеджер мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1996 жылы Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы департаментінің жетекші маманы болып бастаған. Әр жылдары Қызылорда облысының экономика, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу, сондай-ақ білім басқармаларында жауапты қызметтер атқарған. Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармаларын басқарған. Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, Қазалы ауданының әкімі, Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы лауазымында қызмет атқарды. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша облыс әкімінің өкімімен 2019 жылдың 26 шілдесінен бастап облыс әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалды. Облыс әкімінің орынбасары ретінде Бахыт Жаханов ауыл шаруашылығы, табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу, ветеринария, жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау, жер қатынастары және мемлекеттік сатып алу салаларына жетекшілік жасайды. «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» және «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалдарымен марапатталған.

ТІЛЕШЕВ Нұрлан Шаймерденұлы

Қызылорда облысы әкімінің орынбасары

Нұрлан Тілешев 1965 жылы туған. С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Еңбек жолын 1992 жылы «Баскорт ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының орынбасары ретінде бастаған. Әр жылдары Премьер-Министр Кеңсесі, Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігінде жауапты қызметтер атқарған. Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігі Мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру-аумақтық жұмыс бөлімі меңгерушісінің орынбасары лауазымында қызмет атқарды. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша облыс әкімінің өкімімен 2020 жылдың 14 сәуірінен бастап облыс әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалды. Облыс әкімінің орынбасары ретінде Нұрлан Тілешев экономика және бюджеттік жоспарлау, қаржы, индустриялық-инновациялық даму, цифрлық технологиялар және кәсіпкерлік салаларына жетекшілік етеді. «Құрмет» орденімен марапатталған.

Дайындаған А.ӘЛИАРЫСТАН

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған