QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

ҚОҚЫС ТАСТАП, ТАЗАЛЫҚ ЖАЙЛЫ ӘҢГІМЕ АЙТАТЫН ДА ТҰРҒЫНДАР БАР…

ByQAA.kz

Сәу 23, 2021

Бүгінде қала бойынша өзекті тақырыптың бірі – тазалық. Облыс орталығын қоқыстан таза ұстауды мәселе етіп отырғандар өзіміздің тұрғындар. «Қызылорда тазалығы» мекемесінің қызметкерлері қаланы қоқыстан уақытылы, жиі және үнемі тазартады. Алайда, еңбекті бағалағанды былай қойғанда, бойдағы адамға лайық әдебі мен мәдениеттілігін таныта алмайтындар да жоқ емес… Салдарынан, қоғамда тазалыққа тиесілі әңгіме, желіде жазбалар желдей есіп, себепкер өздері болса да кінәліні өзге етеді.

Әйткенмен, «тазалық – ортақ!» деген ұғымға үңілмейтіндерге тиісті шара қолданылады. Толығырақ, «Қызылорда тазалығы» мекемесінің сектор меңгерушісі Гулзинат Мүсирепханқызымен өрбіткен сұхбатымыздан білуге болады.

  • Тазалықтың ортақ талап екені айтылса да, жауапкершіліктен
    жалтаратын қала тұрғындары әлі де көп кезігуде ме, әлде талапқа бағынып келеді ме?
  • Қазіргі таңда қаланың тазалығы бойынша көрсетілетін қызметтер туралы ақпарат құралдары арқылы және мекеме қызметкерлері тарапынан күнделікті үй-үйді аралап түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Алайда, тұрғындар тарапынан әлі де бейқамдық байқалады. Мәселен, қала тұрғындары қоқыстарын белгіленбеген орынға тастайды. Осыған орай мекеме қызметкерлерінің тарапынан қаланың тазалығы ортақ іс екені жөнінде үгіт – насихат жұмыстары үзбей жүргізілуде. Әйткенмен, жауапкершіліктен жалтарып жүрген жеке немесе заңды түлғалар азаяр емес.
  • Өзіңіз атап өткен рейд жұмыстары жиі ұйымдастырылады. Әр рейд сайын қанша шара көрілуде? Нәтиже неліктен аз?
  • Бізде мекеме тарапынан рейд жұмыстары күнделікті және кез келген уақытта ұйымдастырылады. Қала секторларға бөлінген, сол секторларда жауапты мамандар бар. Олар санитарлық талаптар сақталмаған жағдайда «102» қызметіне хабарласып, болмаса жеке тұрғынмен, шағын және орта кәсіп иесімен жұмыс жасап, тиісті шара көруде. Соның өзінде көңіліміздің қалатын тұстары да жоқ емес. Жасалып жатқан еңбекке кей тұрғындардың оң көзқарасы да байқалмайды. Яғни, кейбіріне жауапкершіліктің жоқтығы және мәдениеттіліктің төмендігі себеп. Қаламызға деген сүйіспеншіліктің аздығы деп білемін. Санитарлық талаптарды орындамаған факті анықталған жағдайда әр рейд сайын 3-4 тұлғаға тиісті шара қолданылады.
  • Мүмкін, айыппұл көлемін көбейту керек шығар?
  • Серіктестік тарапынан тұрғындарға айыппұл салынбайды. Ондайға құқымыз жоқ. Тек қана полиция қызметкерлерімен бірлесіп, заң бойынша айыппұл салынып, түсіндірме жұмыстары жүргізіледі. Осы сұхбат арқылы айта кетерлігі, бұрыңғы кездерде жеке тұрғындар үшін санполиция бөлінген болатын. Нәтижесінде, тазалық жұмыстары біршама жақсы нәтиже берген. Реті келсе, санполиция тікелей жұмыс жасаса дейміз. Неге десеңіз, жасыратыны жоқ, халық тек айыппұлдан сескенеді. Бәлкім, айыппұл көлемін көбейтсе ғана тазалыққа мән берер…
  • Қоқысты өздерді кез-келген орынға тастап, тазалықты талап
    ететін тұрғындарға рейдттен өзге қандай түсіндірме жұмыстары жүргізілуде?
  • Қала тұрғындары арасында кез келген уақытта қоғамдық орындарға бей-берекет қоқысты тастап, артынша әлеуметтік желіге «Қалада тазалық жұмыстары жүргізілмейді» деп орынсыз сын айтатын тұрғындар да жоқ емес. Осы орайда, мекеменің қызметкерлерінің тарапынан келісімшарт жасап, кез келген жерге тастауға болмайтыны жөнінде, әр үйдің иесі өз ауласына қоқыс жинақтайтын контейнер орнатып қою керек екені жөніде түсіндірме жұмыстары міндетті түрде жүргізіледі. Жоғарыда
    айтып өттік, бұл түсіндірме жұмыстары әлеуметтік желілер, баспасөз қызметі арқылы және мекеме қызметкерлерімен үздіксіз жүргізіледі.
  • Күн райына қарамастан тер төгіп, еңбектенетін тазалық мамандарының жұмыс­тары қаншалықты бағалануда?
  • Күнделікті көшелерде еңбек етіп жүрген жұмысшыларға мереке күндері сыйақы, марапат табысталады. Кез келген ауарайы біздің жұмысқа тосқауыл болмайды. Соған қарамастан еңбек етіп жүрген жұмысшыларға мекеме тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіледі, уақытылы еңбек ақылары төленеді және жылына бір мәрте еңбек демалысы беріледі.
  • Талапқа сай қызмет көрсету мекеме тарапынан да көрсетілген
    жөн. Осы орайда, қала көлемінде қоқыс жәшіктерінің қоқыс түрлеріне қарай санын көбейту процесі қашан жүзеге асады?
  • «Қызылорда тазалығы» серіктестігі көпқабатты үйлердің аулаларына қоқыс салатын стандартты темір контейнерлерін орнатып қою және жаңарту жұмыстарын жылына бір рет жүргізеді, ал жеке сектор тұрғындарға келсек әр үйдің иесі өз тарапынан стандартты темір контейнерлерін орнатып қою керек. Бүгінде осы бағытта жұмыстар жүргізілуде. Өте орынды сұрақ. Үлкен қалаларға қарасақ темір контейнерлер қоқыс түрлеріне сәйкес бөлінеді. Әзірге бізде қоқыс түрлеріне қарай бөлінгенін емес, стандартты контейнердің түрін пайдаланамыз. Оның сыйымдылығы 0,75м3. Бұл контейнерлер тек қана тұрмыстық қатты қалдықтарға арналған. Көрсетілген қызметтер бойынша тұрғындардан төлемақы жиналады. Бірақ, халық ақша төледік, енді барлық қоқыстарды осында тастасақ болады деген түсінікте.
  • Биылғы жылы тариф көлемінде өзгерістер болады ма?
  • Әзірше тариф бойынша өзгеріс жоспарланған жоқ. Біздің тариф казіргі таңда жұмыскерлердің еңбегін ескеретін болсақ өте аз. Сондықтан, болашақта қайта қаралады деген үмітіміз бар.
  • Қоқыс жәшіктерін орналастыруға тұрғындар әлі құлықсыздық танытуда ма, әлде салыстырмалы түрде белсенділік бар ма?
  • Үгіт – насихат жұмыстарының нәтижесінде тұрғындар тарапынан темір контейнер орнатуға жауапкершіліктері артып келеді.
  • Мекеме тарапынан қанша қызметкер қала тазалығына жауапты?
  • 350-ге жуық жұмыскерлер көше тазалығына жауапты. Мекеме тарапынан казіргі таңда жүк тиеушілер – 60, ал тұрақты жұмысшылар 112-ні құрайды.
  • Қала орталығының тазалығына көпшілік куә, шет аймақтарға қаншалықты мән беріледі?
  • Тиісті көшелерге тазалық жұмыстары жүргізіледі. Бізде санитарлық тазалық жұмыстары шет аймақ, қала орталығы деп бөлінбейді. Барлық бөлінген секторларда тазалық жұмысы өз бағытына қарай орындалады. Мәселен, қалаға қарасты шет аймақтарда қоқыстарды белгіленбеген орынға тастайды. Әрине, көпке топырақ шашпаймыз. «КБИ», «Титов», «Шанхай», «Саулет», «Арай» аудандарында тұрғындардың тазалыққа немқұрайлы қарауы күннен күнге артуда. Тұрмыстық қалдықтарды көшенің кез келген тұсына қалдырады. Жалпы, Сіз болып, біз болып ортақтасып тазалықты қадағаласақ өз қаламыз әрине көркейе береді.
  • Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан: А.ӘЛИАРЫСТАН

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған