QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

Nur Otan партиясы ХХ съезі: Қалай өтті?

ByQAA.kz

Қар 26, 2020

Nur Otan партиясы ХХ съезі: ӘРБІР АЗАМАТҚА ЛАЙЫҚТЫ ӨМІР…

Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХХ съезі өтті.

Жасыратыны жоқ, жұрт съезді көптен күтті. Тіпті тағатсыздана күтті десе де болады. Себебі белгілі. Алайда, бұл жолы съезге барамын деп алашапқын болып ұшаққа, поезға мініп, Астана асқандар болған жоқ. Қазіргі жағдайдың ерекшелігіне орай, съезд онлайн өтті. Съезд қандай форматта өткенде де күн тәртібіндегі негізгі мәселелер сол күйінде қаралды. Партияның сайлауалды бағдарламасы жарияланды. Айта кету керек, онлайн өтсе де жұртты көп ойландырып, съезд өткенше сабырсыздыққа әкелген партиялық тізім бойынша мәжіліске ұсынылатын үміткерлердің тізімі бекітілді. Ресми ақпарат бойынша:

«Партиялық тізім 126 кандидаттан тұрады. Олардың ішінде 77 кандидат партияішілік праймериз қорытындысы, ал 49 адам орталық партиялық квота бойынша анықталды.

Кандидаттардың жалпы тізімінде Парламент Мәжілісінің қызметтегі депутаттары 20%- дан аспайды, мемлекеттік басқару саласының өкілдері – 13%, білім және денсаулық сақтау саласы – 12%, үкіметтік емес ұйымдар – 9% және өнеркәсіп – 8% болды. Сондай-ақ, экономистер – 28%, заңгерлер – 20%, кәсіпкерлер – 17%. Ал 21 үміткердің ғылыми дәрежесі бар, оның ішінде 10-ы – ғылым докторы, 11-і – ғылым кандидаты. Тізімнің үштен бірі – әйелдер. Кандидаттардың орташа жасы бұрынғы партиялық тізімдермен салыстырғанда 4 жылға төмендеп, 48 жас болды.

«Nur Otan» партиясының праймеризіне 10 мыңнан астам кандидат, ал республикалық онлайн-дауыс беруге 662 мыңнан аса адам немесе барлық нұротандықтардың 84%-ы қатысты. Қорытындысы бойынша 6253 адам «Nur Otan»-ның барлық деңгейдегі 216 мәслихатқа арналған партиялық тізіміне енді.

Талдау көрсеткендей, өңірлік партиялық тізімдерде әйелдердің үлес саны 22-ден 34%-ға дейін, жастар – 3,5 есе, 7-ден 24%-ға дейін артты. Орташа жас мәслихаттардың қазіргі құрамымен салыстырғанда 7 жасқа – 51-ден 44-ке дейін жасарды. Партиялық тізімдердің 24%-ын мәслихаттардың қазіргі депутаттары құрайды, ал 76% – жаңа тұлғалар.

Бұл ретте партияға 42 мыңнан аса жаңа мүше қосылды. Олардың 1000-нан астамы партияішілік сайлауға қатысып, әрбір 3-шісі «Nur Otan»-ның партиялық тізіміне енді».

Қанша дегенмен партиялық тізімге енетін тұлғаларды анықтау үшін өткізілген праймериз өз тиімділігін көрсетті. Әрине, тізімге ену үшін әр үміткер бірнеше сынақтан өтіп, өз шешендігін, батылдығын, қабілетін байқатты. Праймериз басталғалы бері елеңдеп жүрген елдің бар ынтасы партиялық тізімге кімдердің енетіні болғандықтан да алдымен соған тоқталғанды жөн көрдік. Қызылорда облысынан кешегі праймеризде көп дауыс жинап, басымдық танытқан ҮІ шақырылымдағы мәжіліс депутаты Б.Кесебаева, “Казпошта” облыстық филиалының директоры А.Әбибуллаева, СПК “Байқоңырдың” тәуелсіз директоры М.Әміреев есімдері съезде бекітіліп, Мәжіліс депутаттығына баратындығы айқындалды. Сондай-ақ, партия квотасы бойынша тізімге енгендердің арасында қазіргі Мәжіліс депутаты қызылордалық Г.Шиповских те жүр. Бұдан бөлек, есімі елге белгілі Nur Otan төрағасының бірінші орынбасары Б.Байбек, “Самұрық-Қазына” ұлттық қоры Басқарма төрағасы А.Есімов, Үкімет басшысы А.Мамин, оның орынбасары Е.Тоғжанов, Назарбаев қорының директоры Д.Назарбаева, қоғам белсендісі, саясаткер А.Сарым, қазіргі депутаттар Б.Смағұл, Б.Тілеухандар да осы квотада жүр. «Үкіметтің» квотамен Мәжіліске баратынына қарағанда сайлаудан кейін елде бірқатар саяси өзгерістер болғалы тұр

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған