Саяси жүйе, саяси үдерістердің жақсылы, жаманды нәтижесі қай кезде де қоғам өмірінде көрініс тауып жатады. Бұрынғылардан қалған «Заман өзгерсе адам да өзгереді» деген сөздің мәнісі де осы болса керек. Бейімбет Майлин шығармаларындағы боямасыз көріністер осының бір айғағындай.
«Нұсқау» деп отырғанымыз үкіметтің кеңестер сайлауы жөніндегі нұсқау. «Шылық» дегеніміз — кәдімгі өзіміздің «қазақшылықтың» шылығы. Осы екеуі кездесе қалып белдесе кеткенде, «шылық» белсендірек шығып, нұсқау бұйығылық көрсеткен жері — Қызылорда ауданы, 12 ауыл болып отыр.
— Кеңес тұсында, «шылыққа» белсенділік былай тұрсын, нұсқау маңынан жүруге орын жоқ қой дерсіз…
Осы заманда «шылықты» қоңырсытып жүрген «сау жой» мектебін көрмеген адам боларсыз…
12-ауылда «шылықтың» шолжаң қағуы бұл ауылдың әлдеқайда қиыр шетте жатқандығынан болар! — дерсіз…
— Бұл ауыл — адам асулы, алатаудың қырын қыстайтын болар. Тұлпардың тұяғы, құстың қанаты күйерлік Бетпақтың шөлін жайлайтын болар, дерсіз…
Жоқ, бірі де емес! 12-ауыл заң, закон, нұсқаулардың қайнап шығып жатқан жері — Қазақстан астанасы Қызылордадан неше метр жерде екенін содан біліңіз; егер Энгельс көшесінің шетіне шығып:
Әй десең: Қырық кепедегі 12-ауылдың кеңес ағасы жұлып алғандай:
— Ау! -дер еді.
Егер Карл Маркс көшесіндегі аудандық «Ізберком» кеңесі алдындағы кесек қардан ақпатаяқ соқсақ, зулаған бойымен барып 12-ауылдың «центріне» түсер еді…
Міне, осындай жерде шылыққа жол беріп отырған жоғарғы себептер емес, 2-3 қана адам, яғни 12-ауыл мектебінің мұғалімі, ауылдық сайлауком ағасы, партия мүшесі Оразбайұлы, сол ауылдағы 8-партия ұясының хатшысы, сайлау өткізетін өкіл — Кемпірбайұлы, сол ауылдың ескі ағасы -Тәжен Тасырұлдары болып отыр.
Тарихына орын берсек кәзеттің бір нөмірі ай, жетер ме екен?! Январьдың 12-нен бастайық. Бұл күнге ауылдық өкілдің жиылысы шақырылады. Тасырұлы аудандағы бір инабатты жолдастан: «Мынаның бүгін қолы тимейді екен, кемді күнде мұрсатана берсең кайтеді?» — деген «записка» апарады Кемпірбайұлына. 12-і күні өкілдер келеді. Сайлау ертеңге қалады!
Делегаттар үйді-үйіне тарасады. Бір «шылық» деңіз. Енді 13-і күні сайлаймыз деп отырғанда, Оразбайұлы тағы Кемпірбайұлына «записке» әкеледі.
— Сайлау 14-не қалдырылсын, — дейді. Бұған себеп: комиссия ағасы Оразбайұлының: «Ауылымызда жік бар, Кемпірбайұлы басқара алмайды. Ауданнан тағы кісі шықса екен, — деген тілегі болады.
— 13-іне жіберуге мұршамыз жоқ, бізден адам керек болса, 14-іне жіберейік… деген аудан сөзі болады. Мұны естіп Кемпірбайұлы ауданға жүгіреді.
— Өкілдерді кеше бір тараттық. Бүгін екі таратуға бет жоқ. Бөгемесеңдер екен! -дейді.
— Олай болса жарайды, — дейді аудан. Міне, бұларды жиып тұрып екі «шылық» деңіз.
Субхан итеріп сәті түсіп 13-і күні бесін кезінде, делегеттар жиылады. Үстел, комиссия кәдімгі пленум. Үстел басында Оразбайұлы, Кемпірбайұлы жолдастар. Жалғыз-ақ баяндамашы жетпей тұр…
— Уа, Тәжен сен баяндама жаса!
— Не деп, жарқыным!?
— Сорлы-ау, не дерің не? Екі жылдық жұмысыңнан есеп беріп қара!
— Ау, жарандар! «Есептескен дос болмайды» демеп пе еді атамыз қазақ?! Осы есеп-месепті қойсақ қайтеді…
— Уа, Тәке-ау деңіз! Оның дұрыс емес. Сенің мұның селқостық, тоғышарлық, енжарлық, төрелік… Қызметке есеп үстінен қарамағандық!.. Сені сотқа беру керек. Ау, әлеумет, Тәжеңді сотқа берелік, — дейді Кемпірбайұлы. Тәженнің көзі тас төбесіңде.
— Баяңдайын… — деп үстелге жүгіреді.
— Сөз Тәжендікі!
Екі жылдан бері ауылнай болдым. Биыл не боларын қайдам… Салық жидым, компеске болды. Дастабрна бердім, пешет бастым… сайлаукөмге мүше болдым да, өзгенің қолын сырттан қойдым, «саудагер» деп қазторгтың агентінің еркін жойдым… Миколайдан шен-шекпен киген ауылнай деп 25 жыл ауыл кеңесінің ағасы болған еркінен жұрдай қылдым. Бірақ, бұларымды орынсыз деп мына Оразбайұлы жоққа шығарды. Өтірік еді десе, қане өзі айтсын!.. Уһ, қайсы бірін айтайын тамағым құрғақсып барады… — деп отыра кетеді Тәжен. Жарым жұрттың алақандары шарт-шұрт. Шартылдақтың төрағасы Оразбайұлы. Жарым жұрт:
Түк істемепсің! -деп шуласады. Шудың төрағасы Кемпірбайұлы.
Міне, бұларды қосқанда төрт жарым «шылық» деңіз. Бір мезет үстел басындағы «екі ағаның» ұйтқысы бұзылады, арасына от түседі, «шайтан» қабаттасады. Екеуі шартпа-шұрт айқасып кетеді.
— Осы Кемпірбайдың баласы, сенен-ақ өлетін болдым… Істейтініңнің бәрі қастық. Қолыңнан келсе, қане, біржола құртшы!
— Қой, таварищ, соқтықпа, мен сайлаудың уәкілімін, аудан жіберіп отыр. Үстінен қараймын.
— Жоқ жолдас, кейде астынан да қарайсың. Мен де осы ауылдың сайлаукомының төрағасымын деп жүрмін.
Біреулер күліседі… «қоян жүректер» қорқысады, «ержүректер» тоқтау, сабыр айтады.
Екі төренің керкілдесіп кететіні — арғыдан арасында кикілжің болады. Сол кикілжің толғағы жетіп, «шыр» етіп осы сайлау үстелі басында туа қалады. Мәселен: Кемпірбайұлы биыл 12 ауылдың ересектерін оқытады. Оразбайұлы:
Мен мұғалім едім, сен болмағанда ересектерді оқытудың тиын-тебені де менің қалтама түсетін еді, — дейді. Бір, сен партия жиылысына Ералы Тасырұлы мас болып келді деп, бақылау комиссиесіне түсіріп отырсың, — дейді. — Екі.
Осы сарынды тағы-тағыларға сайлау жөніндегі әңгімелер араласып келгенде ауру асқынып, жара жарылып, біздің «шылық» санын бесеу-алтауға жеткізіп отыр.
Қызу басылады, қан салқындайды. Азамат болып, ел болып сайлау әңгімелерін қайта қолға алады.
Сонымен, кеңес мүшелерін сайлауға кірісеміз. Нарымбеттің Өтегенін дауысқа саламын, сайлаймын дегендерің қол көтеріңдер!
— Бір… жеті… он се… жиырма екі. Жарайды. Қарсыларың! -Екеу, үшеу… ал енді, бейтараптарың?!
— Төрт, бес… сонымен көпшілік. Жолдастар, өкіл қалаған бір адамын ең басына қоюға пырабалы. Сондықтан, Өтегенді қақ басына қоямын, — дейді Кемпірбайұлы. (Правосы қандай, қақ басы қайсы?.. Бізге жұмбақ).
— Енді Қамырбайұлы. Сайлайтындарың қол көтер!
— Біреу… бесеу… жеті жарым.., он сегіз! Қарсыларың!
— Сегіз! Бейтараптарың — екеу!
— Уа, маған сөз беріңдер! — дейді, мына жақтан Ордабай қызы Назгүл.
Белсенді әйелдің бетінен сақтасын деңіз!
Әйел заты бір белсеніп кетсе, қосшыға мүше болады екен. Әйел бір белсеніп кетсе, ауылдағы партия ұйымына кандидат болады екен. Әйел заты тағы бір белсеніп кетсе, — ауылдық кеңеске өкіл боп сайланады екен. Жиылыста таңдайы тақылдап, суырыла сөйлейді екен. Әйел белсенсе, еркегіңізді мың емес миллион емес, «33-тің ғана санына жаңылдырады екен. «Қатын ашуланса — қазан қайнатады» әдірә қалған екен!
Кеңес тұсында әлгідей болып белсенген әйелдердің бірі — Қырық кепе ауылындағы Назгүл деген қатын екен.
— Ал, берілді сөз!
— Берілсе, ау, жолдас Кемпірбаев-ау, Қамырбаевке жақтап 18 дауыс болса, қарсы 8 болса, бейтарап 2 болса, барлығы 28 болады. Біз осында 33 өкілміз. Бесеуін кімге жұтқыздың?! Мұны «жаңылып істеп тұрсын ба, әлде жорта істеп тұрмысың»? Сенің былықбайың көбейіп барады ғой!.
— Ты…ш-ш! Қырық кепенің жаман қатыны жетер, осы сен-ақ соңымыздан қалмадың-ау! — дейді Кемпірбайып, «соңынан қалмадының» мәнісін Назгүл былай бейнелеп жүрсе керек.
Кемпірбайыптың соңынан қалмай мен не қылды дейсің? Жалғыз-ақ анау күні Кемпірбайып «бойжеткен бала» Ұлданайды өкіл ғып шығарамын дегенде «жиылыстың қарасын да көрмей, үйінде отырған адамды сен қалай сайлайсың?» — деп өткізбей тастауға мен себеп болып едім…
Мен сіздерден ғафу өтінем, «шылықтың» нешеу болғанын өздеріңіз санамасаңыздар, мен жаңылдым.
* * *
Сайлауды өткізіп келіп, Кемпірбайұлы аудандық комесиеге баяндама жасайды.
12-ауылдағы сайлау жұмыстарының бастан «шылықпен» өткізілгендігі, нұсқау қолданылмағандығы көрінеді. Аудан қаулы щығарады:
— Сайлау, «шылық»! Нұсқауды іске шығарамыз! — деп аудан атқа мінісіпті. Уәкілдер жөнеліп те кетіпті. Сайлау қайта жүріп жатыр. Қалған жұрт жемісті жұмыс күтіп отыр.
Сайлау болмаған жерлер! Мынау «шылықтар» өлмесе өзімен кетсін, сіздердің сайлауларыңыз нұсқаумен өтсін!
2 февраль, 1929жыл,
«Еңбекші қазақ»