QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

Н.Нәлібаев: шағын ауылда қылмыс, ұрлық болмауы керек

Автор:QAA.kz

Ноя 5, 2020

Қала іргесіндегі ауылдық округтер мен кенттердің даму жоспары ретімен жүзеге асуда. Қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жыл басындағы есеп беру кездесулерінде биыл шет аймаққа басымдық берілетіні турасында айтқан болатын. Әкім айтса айтқандай жыл бойы жергілікті бюджеттен бөлінген қомақты қаржылардың арқасында елді мекендер ескі қалыптан әлдеқайда жаңарып келеді. Жаңарғандардың қатарында Қызылжарма мен Ақжарма ауылдық округтері де бар. Мұнда бүгінге дейін атқарылған жұмыстар қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен аппараттық жиналыс барысында талқыланды.

Қос әкім өздері басшылық ететін қаланың екі бағытындағы ауылдардың даму қарқыны тыңғылықты дегенге келтірді. Қала әкімі жиналыс барысында оларды тыңдап, артынша әлі де олқы тұстарын тізіп шықты.

Мәселен, Қызылжарма ауылдық округінің әкімі Медет Сейілов мінберге шығып өзінің ықпал етуімен жүзеге асып жатқан жұмыстарды былайша баяндады:

— «Шет аймақ» бағдарламасы аясында ауылдың жаңадан қоныстанған тұрғын аудандарын ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында республикалық бюджеттен бөлінген қаржыға ауыз су құбырларын тарту жұмыстары жүзеге асуда. Әртүрлі бағдарламалар негізінде бизнес бастаймын дегендерге де қолдау көрсетілуде.

Ауыл әкімі сөзінде кәсіпкерлік саласының пандемияға қарамастан қарқын алып жатқанын да жеткізді. Жыл басында 245 кәсіпкерлік нысан анықталса, бұл көрсеткіш биыл 296-ға дейін өскен.

Одан өзге бұл округте жарықтандыру қолға алынып, жыр болған жол да жүруге қолайлы қалыпқа келуде.

Айта кетейік, жыл басында бұл ауыл тұрғындары спорт кешенін салу турасында ұсыныстарын жеткізген болатын. Ретін тауып, жергілікті әкімдік тарапынан керек еткен кешенді салу жайындағы тиісті жұмыстарды атқарамыз деген қолдау да болған. Аппарттық отырыс барысында Нұрлыбек Нәлібаев оның орындалу бағытын сұрап, ұзартпай бұл істі пысықтау керектігін жеткізді.

— Спорт кешені әр ауылға керек екені айқын. Осы мақсатта бірлесіп жұмыс істеу үшін қолдау білдіретін кәсіпкерлерге ұсыныстарды жеткізу керек. Халық көтергеннен кейін, мәселені шешуге міндеттіміз. Уәде берілді ме, орындалуы тиіс! деп қала әкімі осы мәселенің уақыт күттірмей жүзеге асуын тиістілерге тапсырды.

Сондай-ақ, бүгінге дейін ауыл дамуындағы көрсеткішті Ақжарма ауылдық округінің әкімі Жұмабек Әлиев те баяндады. Ол өз сөзін ауылдағы шаруашылықтан бастауды жөн көрді.

— Ауыл тұрғындарының негізгі кәсібі – ауыл шаруашылығы. Биылғы егін жинау науқанының қорытындысымен ауылдық округ бойынша 6512 тонна күріш жиналып, күріштің әр гектарынан 55,0 центнерден өнім жиналса, картоп 862, көкөніс 1536, бақша өнімдері 1307 тоннаға жетті. Шаруа қожалықтарының барлығы «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында мемлекеттен тиесілі қолдау субсидияларына ие болды, — деді Ақжарма ауылдық округінің әкімі Ж.Әлиев.

Ақжармалықтар енді тақтайдай түзу және жарық көшелерде жүрмек. 11 көшеге жарық бағаналары орнатылса, бірсыпыра көшелер асфальтталып, бірқатарына орташа жөндеу жұмыстары жасалды.

Алайда, ауылда орын алатын қылмыстық әрекеттер алаңдатарлық. 14 қылмыс тіркелсе, оның 7-і ғана ашылған. Бұл көрсеткішпен танысқан қала әкімі аядай ғана ауылда қылмыс пен ұрлықтың орын алуын бақылауға алып, қалған қылмыстық әрекеттердің осы ай ішінде ашылуын тапсырды.

Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев:

— Қылмыстың орын алуы және оның ашылмауы – ұят! Бір-бірімен туыстай болған шағын ауылда қылмыс, ұрлық болмауы керек. Қоғамдық кеңеспен бірлесіп, оның алдын алу үшін тиісті шараларды да қараған жөн. Тіпті, аталған әрекеттерге баратын жастардың ата-аналарын шақыртып, тәрбиеге салғырт қарамау керекгінін жеткізу керек. Ол әкімдерге тікелей байланысты. Сондықтан, жауапкершілікпен қарауға міндеттісіздер.

Шет аймақтағы кемшіліктерді осылай тізіп, оны болдырмауды тапсырған қала әкімі тазалыққа мән беру керектігін де баршаға жүктеді.

Қаламыздың тазалығына көпшілік, сырттан келген қонақтар оң бағасын беруде. Айта кетерлігі, ауылдар мен кенттер де осы үрдіспен жұмыс істеулері тиіс. Яғни, орталыққа ғана зер салмай, қуыс-қуыстағы тазалыққа мән беріңіздер. Қала, ауыл, кент тазалығы – ортақ абырой, — деді қала әкімі.

Осылай өрбіген аппарат отырысының басы зейнеткерлікке шыққан Талсуат ауылдық округінің әкімі Болатбек Нұрлыбаевқа қала әкімінің «Құрмет» грамотасы мен гүл шоқтарын табыстаумен басталған болатын. Нұрлыбек Нәлібаев оның бүгінге дейінгі қызмет жолындағы жетістіктерін атап, толымды тірліктеріне алғыс білдірді.

А.ӘЛИАРЫСТАН

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *